07 Наурыз, 2015

Әдеби аударманың маңызы мен міндеттері

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақында қазақтың ғана емес, иісі түркінің киелі рухани астанасы Түркістан қаласында қазіргі кездегі тілдік аударма мәселесіне қатысты «Әдеби аударманың маңызы мен міндеттері» атты семинар өтті. Іс-шараны Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (ХҚТУ) мен Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) бірлесе ұйымдастырды. Баршаға аян, ХҚТУ мен ТүркПА Елбасымыз Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың тіке­лей бастамасымен дүниеге кел­ген және олар қазіргі кезде түркі ынтымақтастығы институт­та­рының қатарынан өздеріне лайықты орындарын алған. Аудармаға қатысты мәсе­ле­нің көтерілуіне Президент Н.На­зарбаевтың 2014 жылы 5 мау­сымда Түркияның Бодрум қала­сында өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының төртінші саммитінде түркітілдес елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарын нығайту және ортақ медиа ресурс құруды көздеген қадамдар жасау жөніндегі ұсынысы түрткі болды. Түркітілдес елдердің Парла­м­енттік ассамблеясы Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, оның іске асуына қатысты тиісті іс-шаралар ұйымдастыруда. Атап айтқанда, ТүркПА-ның Әлеуметтік, мәдени және гума­нитарлық комиссиясы өзінің 2014 жылы Бішкекте және Бакуде өткен екі жиналысында бір түркі тілінен екінші бір түркі тіліне кәсіби тәржіме жасай алатын аудармашыларды әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізді. Себебі, кәсіби аудармашыларсыз түркітілдес елдер арасында қай салада болса да ақпарат ағымын ұлғайтып, елдеріміздің ақпараттық дербестігін нығайту мүмкін емес. ТүркПА мен ХҚТУ арасындағы 2014 жылы қыркүйек айында қол қойылған Түсіністік меморандумы да осы мәселелерді қамтиды. Қорыта айтқанда, шет тілін үздік меңгерген кәсіби тәржі­ме­шілер институтынсыз қазақ тілді ақпараттық кеңістік сыртқы ақпараттық көздерді түрлендіре алмайды, қазақтілді БАҚ-тардың мазмұны (контенті) байымайды, экономиканың, өнеркәсіптің, ғылым, білім мен мәдениеттің қай саласының болса да қазіргі замана көшінен қалмай жүруі қиынға соғады. Тілге тиек болып отырған семинарға қатысушылар аударма ісін қалай және қайтіп ғылыми жолға салу мәселелерін талқылады. Іс-шараға төрағалық (модератор) еткен ХҚТУ президенті Уәлихан Әбдібеков университеттің аударма саласын жетілдіруді көздеген қадамдарына кеңінен тоқталып өтті. Еліміздегі аударма саласының түйткілді тұстарына шолу жүргі­зіп, көлемді баяндама жасаған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, ТүркПА мүшесі, жазу­шы Алдан Смайыл аударма мәселе­лерінде «істен гөрі ой көп» болып отырғандығын айта келе: «Қазір осы саланың талапқа сай болмауының салдарынан бір елден екінші елдің БАҚ арқылы тікелей ақпарат алуы мүмкін болмай отыр. Мәселен, Қазақстанда отырып Түркия, Әзербайжан, т.б. мемлекеттерде болып жатқан оқиғалар жайлы Ресей арқылы ғана білудеміз», деді. Депутат өз сөзінде елімізде шет тілдерінен қазақ тіліне тікелей аударатын мамандар даярлау ісінің жеке сала ретінде қарала қоймағанын, соның салдарынан ағылшын тілінен қазақ тіліне немесе түрік тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен әзербайжан және басқа тілдерге аударуға маманданған тәржімешілерді табудың қиын шаруа екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, баяндамашы қазіргі кезде орыс тілінен қазақ, қазақ тілінен орыс тіліне еркін аударатындарды жолықтырудың да күрделеніп бара жатқанына көпшілік назарын аударды. Аударманың дереу қолға алынуға тиісті өзекті жеті саласын егжей-тегжейлі айтып өткен А.Смайыл ХҚТУ-де және басқа жоғары оқу орындарында аударма бөлімдерін ашу жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын, үздік тәржімеден онлайн сайыстардың, аударма ісіне қатысты семинар және басқа іс-шаралардың ұйымдастырылғанын қалайтынын білдірді. ХҚТУ Даму және қаржы­лан­дыру ісі жөніндегі вице-президенті Мұстафа Нұрсой Түркияда аударма саласының даму үдерістері жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Түркияда аударма ісі 1980-жылдардан бастап ғылыми жолға қойылған екен. Ал ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов өз сөзінде: «Қазіргі кезде ақпараттық тәуелсіздік жайлы көп айтылып жүр. Сонда айтылмай жүрген бір мәселе бар. Ол – біз жалғыз ғана сыртқы ақпарат көзіне тәуелдіміз, енді оларды түрлендіруіміз керек. Ол үшін шет тілдерін білумен қатар, кәсіби деңгейде аудара алатын халге жету қажет», деді. Ж.Асанов қазақ тілді журналистердің шет тілдерін еркін меңгеруі еліміздің ақпараттық дербестігін нығайтады дегенді баса айтты. Баяндамалар тыңдалып біткен соң, ХҚТУ-дің кіші залына жиналған ғалымдар, оқытушылар және студенттер өзара емін-еркін әңгімелесті. Сол уақытта залдан қойылған «Елімізде жақсы аудармашыларды сөздік жазуға жұмылдырып жатқан жобалар бар ма?» деген сауалға тұщымды жауап табылмады. Осылайша, Түркістанда өткен іс-шара еліміздегі аударма ісінің проблематикасын әжептәуір сипаттап бере алды деуге болады. Егер, осы шаруада нәтижелі қадамдар жасалса, ең әуелі қазақтілді ақпа­раттық кеңістіктің түрленуіне, сон­дай-ақ, басқа салалардың да маз­мұндық жағынан толысуына қо­мақты үлес қосылар еді. Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор.