«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» әскери-патриоттық эстафета Қызылжар өңірінде бірнеше күнге жалғасып, аға ұрпақтың өшпес ерлігін паш етті.
Акция Достастық елдері Президенттерінің жеңістің 70 жылдығын мерекелеу туралы бірлескен іс-шаралар шеңберінде атқарылып, жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған.
– Адамның атамекенге, туған жерге деген перзенттік махаббатын, сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруды көздейтін мұндай шаралардың маңызы зор. Сол себепті Ұлттық ұланның гарнизондары мен әскери бөлімдерінде кеңінен атап өтіледі,–дейді ұйымдастырушылар.
1941 жылы 15 желтоқсанда Ақмола
/қазір Астана/ қаласында құрылған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туы эстафетаның басты атрибуты ретінде алынуының өзіндік мәні бар. Әскери құрама жорық жолдарын Мәскеуден Берлинге дейін жалғастырып, жауға қарсы жойқын соққылар жасағаны үшін гвардиялық» атақ берілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының әскери бөлімдерінде кең көлемде аталып жатқан «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасының кезекті шеруі облыс орталығындағы Жеңіс саябағында жалғасты. 72-ші гвардиялық дивизиясы Жауынгерлік туының көшірмесін табыс етуге арналған салтанатты жиынға облыс әкімінің орын-
басары Владимир Бубенко, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, Петропавл әскери институтының курсанттары, 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері, ішкі істер департаменті мен жастар өкілдері қатысты.
Ұлттық ұланның Петропавл әскери институтының басшысы, полковник Жұмабек Ахметов салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде фашизмді жеңуге Қазақстанның теңдессіз үлес қосқанын, Ұлы Отан соғысы жылдары елімізде 25 әскери құрама, 50 жеке полк пен батальон құрылғанын, солардың бірі қазіргі елордада жасақталған 459-шы атқыштар дивизиясы (кейін 29-шы) болып табылатынын, жауынгерлердің, сержанттар мен офицерлердің жаппай көрсеткен ерлігіне орай 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мәртебесін иеленгенін атап көрсетті.
Әскери құрама 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат етуге қатысқан. Даңқты дивизияның 18 мыңнан астам жауынгері мен офицері ордендермен, медальдармен марапатталған. 31 қаһарман Кеңес Одағының Батыры атанған.
Астаналық интернационалист жауынгерлер запастағы генерал-майор Марат Мәрденовтің басшылығымен дивизияның жүріп өткен жауынгерлік жолдарына экспедиция ұйымдастырған. Сондай сәттердің бірінде Волгоград қаласының әкімшілігі дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесін қазақстандықтарға тарту еткен. Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев салтанатты жағдайда табыс еткен бұл жәдігер Ұлттық гвардияның 5573 әскери бөлімінде мәңгі сақталатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.