Қызылордада «Мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру ортасының трансформациясы» тақырыбында екі күнге созылған республикалық форум өтті. Шараға «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Кембридж университетінің білім беру факультетінің аға лекторы Элейн Уилсон және Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Қазақстанның бірнеше өңірлерінен білім беру саласының үздіктері қатысты. Жиында білім берудің озық әдістерін қолдану, осы саланың дамуы мен өзекті мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Сапалы білім – өңірдің табысты дамуының кепілі» тақырыбында баяндама жасап, Сыр өңіріндегі білім саласының жетістіктеріне тоқталды.
«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болатынын айтты. Мемлекет басшысы аймақтағы инфрақұрылымның дамуын, салынып жатқан білім мен мәдениет ошақтарын, медицинаның қарқынды ілгерілеуін атады. Мұндай сөз қызылордалықтардың қызметіне берілген жоғары баға деп түсіну керек. Бұл – зор абырой әрі үлкен жауапкершілік», деді облыс әкімі.
Айта кету керек, аймақта соңғы екі жылда үш ауысымда білім беретін мектептер проблемасы түбегейлі шешімін тапты. Апатты жағдайдағы 34 мектептің саны 20-ға қысқартылды. Биыл тағы 8 апатты деп танылған білім ошағының орнына жаңа ғимараттар салынып бітеді. Және «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында тағы екі білім ұясы мен бір балабақшаның құрылысы басталады деп күтілуде.
«2014 жылы білім беру саласына 66 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 32 пайызы. Екі жыл ішінде білім беру саласының бюджеті 23 миллиард теңгеге артты. Былтыр мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің күшін біріктіріп, ынтымақтаса жұмыс істеудің арқасында 130 жаңа балабақша ашылды. Аймақтағы балабақшалар мен шағын орталықтардың жалпы саны 611-ге жетті. Онда 42 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. «Балапан» бағдарламасы бойынша балалардың 92,2 пайызы балабақшамен қамтылды. Ал мектепке даярлық бойынша көрсеткіш 100 пайызға жетті. Жұмыстарында инновациялық тәсілдерді қолданып, баланың ерте дамуына ықпал ететін балабақшалардың да саны артып келеді. Мысалы, былтыр 53 балабақша «Монтесорри» технологиясымен жұмыс істеуге қажетті жабдықтармен жасақталды. Енді біздің алдымызда бір және үш жас арасындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды көтеру міндеті тұр. Екі жыл ішінде үш ауысымда білім беретін мектептердің проблемасын түпкілікті шештік. Апатты жағдайдағы 34 мектептің санын 20-ға қысқарттық. Биыл тағы 8 апатты деп танылған білім ошағының орнына жаңа ғимараттар салынып бітеді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында биыл тағы екі мектеп пен бір балабақшаның құрылысы басталады. 2014 жылдан бастап кәсіби мамандар даярлау үшін Ресейдің белгілі жоғары оқу орындарымен ынтымақтасып жұмыс істей бастадық. Қазіргі кезде 107 бала Мәскеу болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетінде білім алып жатыр. Сонымен бірге, білім беруге арналған «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 320 түлек қазақстандық жоғары оқу орындарының студенті атанды. Бұған қоса, 242 жас облыс әкімінің грантын иеленді», деді Қырымбек Елеуұлы.
Халқымыз «ұстаз – келер күннің ұстасы» дейді. Ол қалыптасып келе жатқан бала дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Ендеше, балалардың алдында жүрген мұғалімнің жұмысына жағдай жасау, мәртебесіне сай құрмет көрсету мемлекеттің міндеті. Осы бағытта былтыр 1 102 мұғалім мен 82 мектеп директоры Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейлі бағдарламасы бойынша біліктілік көтерді. Осы курстан өткен ұстаздардың жалақысы 30-дан 100 пайызға дейін өсті. «Өрлеу» білім жетілдіру институтының республикалық және облыстық базасында 2 086 мұғалім қысқа мерзімді оқудан өтті. Аталған жұмыстар биыл да жалғаса бермек. Аймақта білім беру саласының үздіктерін қолдау шаралары да жалғасып келеді. Былтыр тағы 40 мұғалімге 1 миллион теңгеден сыйақы берілді.
Баяндамасында Қырымбек Елеуұлы білім саласына қатысты нақты ойларымен де бөлісті. «Білім беру жүйесінің мәселесі сөз болғанда, көпшіліктің ойына оралатыны – осы саладағы бітпейтін реформалар мен өзгерістер десек қате болмас. Алайда, білім саласындағы өзгерістер қоғам өміріндегі өзгерістердің салдары екендігін байқай бермейміз. Қазіргі заманды тарихшылар «қысқа көкжиектер» заманы деп атаса, экономистер турбулентті уақыт деп сипаттайды. Яғни, ұзақ мерзімді болжамдар жасау мүмкін емес, ұдайы икемделуді, жағдайға қарай өзгеруді талап ететін ерекше кезең орнады. Инновациялық толқындардың күші адам мен қоғамның өмір салты мен ырғағын лезде өзгертуде. Бірақ біздің мектептер соған сәйкес өзгеріп жатыр ма? Түлектеріміз қоғам мен нарықтың жаңа талаптарына сай ма? Алдағы өзгерістерге өз бетінше бейімделіп, үздіксіз оқуға, өзін өзі тоқтаусыз жетілдіруге дайын ба? Біздің түсінігімізше, мектептегі өзгерістердің өзегі осы сұрақтарға жауап іздеуге бағытталуы тиіс. Ата-ана, мектеп пен ұстаз білімге деген монополиясынан айырылды. Бала «Ол кім? Бұл не?» деген сұрақтарына жауап табу үшін әуелі мұғаліміне емес, қолындағы компьютері мен қалтасындағы телефонына қарайды. Ақпараттың таралу жылдамдығының өсуі білімнің жаңару жылдамдығын да арттырды. Оқу орнында алған біліммен өмір бойы жұмыс істеуге болатын мамандық қалмады. Өмір бойы оқу, үздіксіз оқу, біліктілік ұдайы жетілдіру ұғымдары адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұның барлығы мектеп өмірінің іргелі негіздерін қайта қарауға шақырады. Енді, білім беру үрдісінің негізгі субъектісі мұғалім мен мектеп емес, оқушы болуы тиіс. Оның күн сайын артып келе жатқан сұраныстары, қызығушылығы мен шексіз мүмкіндіктері ескерілмесе, мектеп бала үшін тартымсыз, ал ұстаз беделсіз болмақ. Мұндай жағдайда білім беру ортасымен бірге оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас ережелері де трансформацияға ұшырайды. «Мен айтамын – сен үйрен» деген формулаға сыятын патерналистік түсінік өзгеріп, «бірге үйренейік» қағидасына негізделген әріптестік принцип орнауы қажет.
Дәстүрлі ұғымдағы білім ақпарат тасқынына айналды. Ал білім беру жүйесінің міндеті – сол тасқыннан керекті тауып, іріктеп алып, арасындағы себеп салдар байланысын орнатып, кәдеге жаратуға үйрету болмақ. Тиісінше, үлкен көлемдегі ақпаратты жаттап, есте сақтау қажеттілігі кейінге шегініп, ақпаратты іздеп-табуға, сараптауға және оны жұмыста пайдалануға қажетті шығармашылық және ғылыми дағдыларды дамыту қажеттігі туады. Оқушылар басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуға, алдына мақсат қоя білуге, уақытын дұрыс жоспарлауға және жеке қабілеттерін орнымен әрі тиімді пайдалануға үйренуі қажет. Ақпарат тасқынында керегін іздеп табуға үйрету арқылы біз балаларға жеке білім алу траекторияларын қалыптастырып, өмір бойы білім алу дағдысын сыйлай аламыз. Сонда ғана оқушы болашақта табысты маман болып, сәтті жеке өмір құра алады. Арнайы тоқталғым келетін тағы бір маңызды бағыт – білім беру жүйесі аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыру мәселесі. Қазіргі уақыттың талабына сай, білім беру жүйесі технологиялық бағытқа ерекше ден қойғанымен, адамгершілік және ұлт руханиятынан қол үзген технократизм бізді ұшпаққа шығармасы анық. Рас, өтпелі кезеңде біз отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін кемітіп алдық. Сондықтан бала тәрбиесі тек мектептің мойнында деген қасаң түсінік әлі де күшті. Өскелең ұрпақтың моральдық, мәдени және психологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын негізгі институт мектеп болып табылады. Сондықтан ұстаздың рөлі тек үйрету ғана емес, тәрбиелеу екендігін де естен шығармайық». Бұрынғы Білім және ғылым министрі, бүгінгі аймақ әкімінің аталған ұсыныстары семинарға қатысушылардың тарапынан қызу қолдау тапты.
Ал Сыр өңірінің мектептері шын мәнінде заман талабына сай білім ортасына айналуы үшін не істелуі қажет?
Біріншіден, мектепте сапасы жоғары және қазіргі уақытта қолданбалы білім берілуі тиіс. Ең үздік және артта қалған оқушылар арасындағы айырмашылықты мейлінше қысқарту керек.
Екіншіден, мектептің мақсаты баланы тек оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз орнын тауып, бәсекелестікте өмір сүре алатын тұлға тәрбиелеу болуы шарт.
Үшіншіден, мектептегі мұғалімнің білігін ұдайы көтеру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты назарда болуы тиіс.
Төртіншіден, мектептер еліміз бен дүниеде болып жатқан әлеуметтік жаңалықтарға ашық болуы қажет. Егер осы айтылған жағдаяттар жан-жақты қамтылатын болса, онда білім саласы да төрт аяғын тең басар еді.
2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қазақстандық зияткерлік мектептер құру жобасы іске аса бастады. Инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін, заманға сай басқару тетіктерін енгізу, академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту үшін 2011 жылы «Назарбаев Университеті», Назарбаев зияткерлік мектептері және «Назарбаев қорының» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол заңға сәйкес дербес білім беру ұйымы болып саналатын Назарбаев зияткерлік мектептері осы күнде 17 мектепті іске қосып, қазақстандық орта білім беру жүйесін алға сүйрейтін локомотивке айналды. Қазір Назарбаев зияткерлік мектептерінің жинақтаған әдістемелік қоры, тәжірибесі мен білігі жалпы қазақстандық білім беру мазмұнын жаңартуға негіз ретінде танылды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне тарату жұмысы басталғаны белгілі.
Осы ретте, Қызылорда облысы Елбасының тапсырмасын орындау аясында өңірлік инновациялық мектептер желісін құру жобасын қолға алмақ. Аталған жоба шеңберінде облыс аудандарында екіден және Қызылорда қаласында 6 мектеп іріктеліп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу алаңы ретінде дамытылады.
Жобаға кірген мектептердің мұғалімдері деңгейлік біліктілік көтеру курстарынан өтіп, алған білімі негізінде жұмыстарын жаңа арнаға түсіруі тиіс. Сонымен бірге, аталған жобаға енген мектептер Назарбаев зияткерлік мектептерінің талаптарына сай жарақтандырылуы қажет.
Бұл мектептер ұсынылған әдістеме мен тәжірибені тездетіп игеріп, облыс аумағындағы мектептерге таратуға және өңірлік білім беру жүйесіндегі озық жетістіктер үлгісін қалыптастыруы қажет.
– Білімнің сапасын көтеруге арналған бүгінгі кездесуіміз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жасақталып, іске асырылып жатқан келелі жоспарлардан туындайды. Тәуелсіздіктің таңы атқан кезден-ақ Елбасы дамуымыздың діңгегі білім мен ғылым екендігін басып айтып, «Болашаққа – кемел біліммен» деген баршаға пәтуалы қағидасын ұсынды. Соның аясында, қазақстандық білім беру бұрын-соңды көрмеген қарқынды ілгерілеу кезеңіне аяқ басты. Елімізде жүздеген мектеп пен балабақша бой көтерді, ұстаздарды қолдау және ынталандыру шаралары да тұрақты өсіп келеді. Жоғары оқу орындарын қолдау, ұстаздардың ғылыми ізденісіне қажетті гранттар бөлу, Назарбаев зияткерлік мектептері, «Болашақ» бағдарламасы, «Назарбаев Университеті», мектепке дейінгі білім беруді 100 пайызға жеткізу міндеті, 12 жылдық орта білімге көшу, мектептердегі 3 ауысымды оқуды жою туралы шешімдер, білімдегі инновацияларға көрсетілетін жан-жақты қолдау – осының барлығы да бізбен көршілес елдерде іске аса қоймаған, көп мемлекеттер әлі армандай да алмайтын биік белестер, – деді әкім сөзінің соңында.
Семинар барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Айтылған ұсыныстарды тездетіп тәжірибемен ұштастыру жағын талқылады. Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасында стратегиялық серіктестікті дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.