«Егеменнің» өңірдегі тілші қосынына Махамбет ауданынан Шағия Есмағамбетова дейтін тұрақты оқырманымыз хабарласты. Кейін дәрігерлерге алғысын айтқан хаты қолымызға тиді. Денсаулықтың қадірін бір кісідей білетін жан. Өйткені, өзі де бұрын аудандық ауруханада 45 жылдан аса жұмыс жасапты. Былайша айтқанда, сырқат жанның шыбын жаны үшін қаншалықты қиналатынын жан-тәнімен түсінеді. Енді, өзі де кенеттен сырқаттанып, мүмкіндігі шектеулі жанға, яғни ІІ топтағы мүгедекке айналып шыға келген. Әрине, дәрігерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жылы сөзімен де емдегеніне ризашылығын білдіреді.
– Ауруханаға түскен мезгілде ең бірінші дәрігерлік көмек көрсеткен ақ халатты абзал жан Нұрсәуле Қанафинаның арқасында бұл өмірге қайта келгендей болдым. Сол секілді Ерсайын Маев, Ермек Сабыров, Үміт Көшенбаева, Ержан Лақпаевтарға да алғысым шексіз, – деп жазыпты Шағия Есмағамбетова.
Оның айтуынша, алғашында сырқатының ауырлығына байланысты жан сақтау бөлімінде емделуіне тура келген. Кейін облыстық аурухананың неврология бөлімшесіне ауыстырылыпты. Бұл бөлімшеге түсетіндердің сырқаты жүйкеге байланысты болғандықтан, науқастарға абзал жандардың бір ауыз жылы сөзінің өзі дәруменнен кем түспейтіні анық.
– Айман Шәріпқызын жас маман кезінен білемін, – дейді оның мейірімге толы жүрегінен, аялы алақанынан сырқатына шипа тапқан Шағия Есмағамбетова. – Ол еңбек жолын біздің Махамбет аудандық ауруханасында дәрігер-невропатолог болып бастады. Бірге жұмыс жасадық. Сол уақыттан бері дәрігерлік қызметін жалғастырып, мен секілді жанына шипа іздеген сырқаттардың алғысына бөленіп келеді.
Аудандық ауруханада қатардағы дәрігерліктен еңбек жолы түзілген Айман Шәріпқызының өзі ісіне жауапкершілікпен қарайтындығына, тәжірибесінің толыса түскеніне мына бір деректер дәлел болатындай. Оны 1987 жылы №1 қалалық аурухананың, бір жылдан кейін облыстық аурухананың неврология бөлімшесіне жұмысқа шақырыпты. Бес жылдан соң неврология бөлімшесінің меңгерушілігі сеніп тапсырылды. Бұған қоса облыстың штаттан тыс бас невропатологы болып та жұмыс істеді. Рас, білікті маманға қашанда сұраныс та, лайықты орын да табылады. Біраз жыл облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасар қызметін де атқарды.
Осы деректердің өзі Айман Шәріпқызының білімді, білікті дәрігер екенін айғақтай түседі. Сол себептен болар, денсаулық сақтаудың ұлттық бірыңғай жүйесі енгізілген тұста оған №7 емханада жұмыс жасауға қолқа салыныпты. Сөйтіп, ол мұнда медикалық-санитарлық көмекті дамыту және халыққа жоғары маманданған көмек көрсету бағдарламасымен еңбек етті. Соңғы екі жылдан бері облыстық аурухананың неврология бөлімшесіне жетекшілік етуге екінші мәрте шақырту алды. Оның араласуымен облыстық ауруханада диагностикалық зерттеу құрылғылары іске қосылып, онымен аудандық, учаскелік ауруханалар мен фельдшерлік-акушерлік бекеттер деңгейінде жүйке ауруларын тексеру және емдеу стандарттары, оларға кідіріссіз шұғыл медициналық жәрдем көрсету жөніндегі әдістемелік ұсыныстар жасақталыпты.
Әрине, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар невропатолог Айман Телеушованың еңбегі жеміссіз емес. 2009 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған жоғары санатты дәрігер толымды тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Соның бір дәлелі – 2008 жылы Вена қаласында өткен инсульт сырқаты бойынша VІ дүниежүзілік конгреске қатысуы. Жастарды ұдайы қолдайды. Бірнеше шәкірт тәрбиелеген. Қазір шәкірттері аудандық, қалалық емдеу мекемелерінде, тіпті, ірі шетелдік компаниялардың клиникаларында да еңбек етеді. Жиырма жыл бойы Атырау медициналық колледжінде неврология пәнінен дәріс оқиды. Оның еңбекқорлығы мен біліктілігінен, Гиппократ антына адалдығынан үйренгісі келетіндер көп. Өйткені, Айман Шәріпқызы сырқат жандарды медицина тәсілімен емдеу үшін уақытпен санаспайды. Жылы сөзін де, бар мейірімін де аямайды.
Осы мақаланың жазылуына себепкер болған оқырманымыз Шағия Есмағамбетованың хатымен бірге қолымызға тиген алғысқа толы парақтарда бөлімше ұжымына, әсіресе, меңгеруші Айман Телеушованың атына бір топ емделушілер, мәселен, Бақыт Жәкеева, Клара Өтеева, Нұрсұлтан Сүлекенов, Рүстем Сақтағанов, Құрманғазы Лұқпанов, Әбуғали Сапиев, Бақтыгүл Қарабалиева және Бақтылы Қуановалар шынайы көңілден шыққан ризашылықтарын білдіріпті. Мәселен, ІІ топ мүгедегі Ерсайын Мырзағалиев былай дейді:
– Он жыл бойы төсекке таңылып жаттым. Дәрігерім, ақ халатты абзал жан Айман Шәріпқызының шипалы емінің нәтижесінде өз аяғыма тұрдым. Бұл маған қайтадан өмірге келгендей әсер етті. Емделушілердің сырқатын, жағдайын мұқият тексеріп, бөлімшеде күні-түні жүретін дәрігеріме айтар алғысым шексіз.
Иә, барша медицина қызметкерлері үшін, әсіресе, невропатолог Айман Телеушова үшін емделушілердің шын жүрегінен шыққан алғысын алғаннан артық қандай бақыт бар десеңізші!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.