Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында В.Литвиновке қатысты жұртшылықты дүр сілкіндірген қылмыстық іске үкім жарияланды. Айыптау қорытындысы бойынша 2012 жылдың қыркүйегінде және 2015 жылдың қаңтар айында азамат В.Литвинов Ақтөбе қаласында аса ауыр санаттағы екі қылмыс, яғни азамат Р.Мұхамбеталин мен азаматша Г.Коркинаны қасақана өлтіру, сондай-ақ, соңғысының мүлкін ұрлау қылмыстарын жасаған.
2012 жылдың қыркүйек айының басында В.Литвинов «Алтай» сауда үйіне жеке кәсіпкер азамат Р.Мұхамбеталинге аяқ киім сатушысы болып жұмысқа орналасқан. Бау-бақша учаскесіндегі спиртті ішімдік ішуден кейін араларындағы араздықты пайдаланып, кәсіпкермен жанжалдасып, қасақана кеудесіне пышақ салған. Жәбірленуші алған жарақаттан қайтыс болған. Одан кейін, ол сол күні кешкі уақытта жәбірленушінің мәйітін қылмыс құралымен бірге аталған учаскеге көміп тастаған.
Қаны қарайған қылмыскер мұнымен де тынбайды. 2015 жылдың 17 қаңтарында В.Литвинов үй телефонымен қоңырау шаламын деген сылтаумен өзінің бұрынғы танысы азаматша Г.Коркинаның үйіне кіреді. Әңгіме барысында азаматша оның алкогольді ішімдіктерге жақын екенін, жұмыста жоқтығын айтқан кезде өзіне қатысты сынды жеке басына тіл тигізу деп қабылдап, кіреберіс бөлмедегі шкафтың үстінде жатқан балтаны алып, оның басына қасақана 20-ға жуық соққы жасап, соның салдарынан жәбірленуші қылмыс болған жерде қаза болған. Одан кейін В.Литвинов жәбірленушінің пәтеріндегі сөреден 3000 теңгені, 25000 рубльді, бағасы 3000 теңге тұратын «Panasonic» маркалы радиотелефонын ұрлап кеткен.
Сот үкімімен В.Литвинов бірнеше рет қасақана адам өлтіргені, бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, оған түпкілікті қатаң режімдегі түзеу колониясында 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сатыбалды Сәуірбай,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.