27 Тамыз, 2015

Жер телімдері заңсыз сатылуда

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
жер телімдеріХалық ақыны Махамбет Шө­шіковтің: «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды» деген өлең жолдары халықтың жадында, жиі айтылады. Осыған ұқсас жағдай Шымкентте де қайталанып жатыр. Қаланың өзінде бір миллионға жуық халық бар. Оңтүстіктің табиғаты, ауа райы өмір сүруге қолайлы. Сондықтан, тұрғындар биік пәтерлерден гөрі жер үйлерді қолай көреді. Бүгінде жер бөлініп жатпағанымен кезектегілердің саны елу мыңнан әлдеқайда асып кеткен. Кезінде берілгенінің өзі Шымкентті үлкен ауылға айналдырып жібере жаздады. Шымкентте жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынған. Әкімдік орналасқан ғимарат – 16 қабат. Жоғарыдан қарасаң қала алақандағыдай көрінеді. Жан-жағы жыпырлаған жекеменшік үйлер. Сәулеті келіскені де, жапырайып көзге қораш тартатындары аралас жер үйлер үшінші қала атанған шаһардың көркін әбден-ақ бұзып тұр. Амал қанша, жиі ауыстырылған қала әкімдері кезінде пышақ үстінен үлестіріп жіберген жерлер енді облыс, қала әкімінің бас ауруына айналды. Былтырдан бері қалада 160 гектар жер мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарылса, оның осындай себебі бар. Бұл жерлер кезінде тұрғын үй салу үшін бөлініп берілген. Енді оны сатып алу үшін қала бюджетінен 1 млрд. теңге жұмсалған. 1 млрд. теңге аз ақша емес. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов Шымкенттегі бас жоспарға сәйкестендіру үшін әлі бірталай жердің мемлекетке қайтарылатынын айтады. Әрине, тегін емес. Қайсыбірін айтасың. Бүгінде республикаға әйгілі «Нұрсәт» шағын ауданының жері Сайрам ауданына тиесілі болатын. Облыс әкімдігі осы жерге үлкен құрылыс бастап жібергенде, Сайрам ауданының әкімі жерді үлеске алғандарға жекешелендіруге қол қойып берген. Ерегісіп. Соңы не болды. Тағы да мемлекет шығынға батты. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто- жолы да көршілес Қызылорда, Жамбыл облыстарындағыдай емес Оңтүстікте қиын жүзеге асты. Жерді беруге билігі барлар автомагистраль салынады деген сыбыс шыққаннан-ақ жетіп келгендерге өзіне тиімді бағаға сатып жіберген. Соның салдарынан жол бойына салған әжетханасына 100 мың доллар сұрап, шіреніп отырғандарды көзіміз көрді. Әйтеуір, прокуратура араласып, артық бөлінген ақшаларды мемлекет қазынасына қайтарды. Әкімдік қызметкерлері жерді қайтару үшін қаншама азаматпен соттасты. Жер дауы бітпегендіктен халықаралық маңызы бар автодәліз Оңтүстікте қайырлаған кемедей кестеден шығып қала жаздады. Енді міне, ауылға айналып кете жаздаған шаһар проблемасы алдан қайта шығып тұр. Қала үлкейді, автокөліктер көбейді. Бұрынғы тар көшелер кеңейтіліп, әлеуметтік нысандар салынуы керек. Орнығып қалған отбасыларды кінәлауға болмас, өзі басып алған жоқ, әкімдік берді. Сондықтан, аспандағы бағаны айтады. Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов соттасудың қызып тұрғанын айтады. Яғни, келіспей жатқандар көп. Біразы белгіленген соманы «аз» деп санайды. Өйткені, қайтарылатын жерлерде 600-дей нысан бар. Биыл Шымкентке Сайрам, Орда­басы және Төле би ауданынан елді мекендер кірген. Енді осындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер бөлшектеніп кеткені қосымша қиындықтар туғызуда. Үш ауданнан өткен жерлерді түгендеу кезінде төрт мыңнан астам жердің сатылып кеткендігі анықталған. Ауыл шаруашылығы жері болса аз шығынмен қайтарып алуға болады, ал жерді меншікке алған төрт мың жер иесімен есептесіп көріңіз. Осындайда ойға түседі. Шым­кенттік бір әкім жер сұрап келгендерге қара және қызыл түсті қаламсаппен белгі соғады екен. Қарасы «алатынын алдым, бере бер» дегенді білдіреді. Қызылы «ақша берген жоқ, қисынын тап» деген белгі. Әкімнің осы «жер берілсін» деген қызыл түсті бұйрығы бар бір азамат жер қатынастары бөлі­мінің басшысын әбден әбігерге салды. «Қала әкімі беріп тұр, сен қайдан шыққан құдайсың» деп. Әрі-бері бопсалап, әлгіден ештеңе шығара алмаған басшы «көке, маған не дейсіз, қызыл қалам ақшасы төленген жоқ дегенді білдіреді, өзіңіз шешіп келіңіз» деп мойындаған екен. Сол қызыл, қара қаламдар бүгінде Шымкенттің бас ауруына айналды. Өйткені, жер телімдері заңсыз сатылуда. Бәрінен бұрын, бұл әлемді дағдарыс буып тұрғанда мемлекеттің қалтасына қиындық түсетіндігі өкіндіреді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.