03 Шілде, 2015

Ықпалдастыққа үндеген халықаралық форум

251 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
СВМДАКеше Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) ұлт­тық-мәдени бірлес­тіктерінің «Н.Назарбаевтың қоғамдық келі­­сім және ұлт бірлігінің қазақ­­­стан­дық үлгісі: АӨСШК кеңісті­гін­дегі тәжірибе» тақы­ры­бын­да халықаралық форум өтті. Іс-шараға белгілі қоғам қайрат­кер­лері, отандық және шетел­дік ғалымдар, Парламент депутат­тары, мемлекеттік орган­дардың, АӨСШК елдерінің Қазақ­стан­дағы дипломатиялық миссияларының, ғылыми және зиялы қауымның, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, ҚХА және этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Жиынды ашқан ҚХА Төр­ағасының орынбасары – Хатшы­лық меңгерушісі Ералы Тоғжанов форумға қатысуға ниет танытқан азаматтарға ризашылы­ғын білді­ріп, оларға сәттілік тіледі. «Біз 20 жыл­­дан астам уақыт Елбасы жария етіп, тарих­қа «Қазақстан жолы» деген атаумен енген бейбіт­ші­лік және келісім жолымен жүріп келеміз. Қазақстан халқы Ассамб­­леясы тарапынан халықты ұйыс­ты­рудың «бір ел – бір тағдыр», «тегі басқа, теңдігі бір», «ұлттық рух» сияқ­ты негізгі қағидаттар белгі­ленді. Бү­гінде бұл жұмыс өз нәти­жесін беруде. «Бір ел – бір тағдыр» қағи­датын халықтың 93,8 пайы­зы қол­­дап отыр. Қазіргі таңда ел аза­мат­­тарының 95 пайызы өздерін бір­тұтас Қазақстан халқының өкілі са­найды. Бұл – Қазақстанның ең нәтижелі жеңісі деп айтсақ, артық болмас», – деді Ералы Лұқпанұлы. Осылай дей келе, ол жиын та­қырыбының өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2015 жыл – Қа­зақстан халқы Ассамблеясы үшін айтулы жыл. Себебі, Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл жыл ҚХА жылы болып жарияланды. «Бұл елімізде де, сондай-ақ, елімізден сырт жерлерде де Қазақстанның бейбітшілік және келісім саясатының өзекті болып отырғанын айғақтайды. Бүгінде Ассамблеяның қоғамдық келісім және ұлттық бірлікті нығайту жолындағы қызметін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2014 жылдың 5 мамырында АӨСШК тарихында үлкен оқиға өтті. Яғни, былтыр Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ассамблея мен АӨСШК арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінгі форум осы меморандумды іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстардың белгілі бір қорытындысын шығаруға және алдағы уақытқа жоспар құруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, биыл сәуір айында Астанада ҚХА-ның «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» атты 22-ші сессиясы өтті. Ол тағаттылық, бейбітшілік және келісім идеялары Қазақстан халқының бас­ты құндылықтары саналатынын көрсетті. Демек, бұл жиын сол шаралардың заңды жалғасы деуге болады», – деді Е.Тоғжанов. Бұдан кейін сөз алған Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов форумның дәстүрлі жиынға айналғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл – маңызды үнқатысу алаңы. «Жалпы, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы мемлекеттер белгілі бір прогреске қол жеткізді. Қазақстан мен АӨСШК арасындағы әріп­тес­тік аясында тұрақтылықты қам­тамасыз ету жолында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан ТМД елдерінің арасында біре­гей институт құрды. Ол – Қазақ­стан халқы Ассамблеясы. Ол қоғам­да қазақстандық модельдің қалып­тасуына үлкен үлес қос­ты. Тағаттылық моделі біздің еліміз үшін өте өзекті. Себебі, ол өзара түсіністікті жандан­ды­руға, мәдениетаралық ынтымақ­тастықты дамытуға септеседі. Конфессияаралық, этносаралық келісімді сақтау – Қазақстан үшін маңызды мәселе. Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына байланысты ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Олардың барлығы тағаттылық, бейбітшілік, келісім идеяларын алға тартуда», – деді М.Әзілханов. Сонымен қатар, ол биылғы жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткендігін, бұл съезге дүниежүзінің 80 елінен делегаттар қатысқанын, оның өзегінде, ең алдымен, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау жатқанын тілге тиек етті. «Сондықтан, бүгінгі іс-шара да қоғамдық келісім идеясын алға жылжытуға ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді сөзінің қоры­тындысында Мәдениет және спорт вице-министрі. Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов: «Қазіргі таңда АӨСШК – дип­ломатияның тиімді пішіні. Ол 26 мемлекетті біріктіріп, Азия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Ондағы басты мәселе – өзара сенім. Соның арасында халықаралық күн тәр­тібінде тұрған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып келеді. Бүгінде кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы ықпалдастықты жаңа және сапалы деңгейге шығарудың мерзімі келді. Азия – халық көп қоныстанған континент. Ежелден Азия тағаттылыққа қатысты проб­лемаларды қарумен емес, сөз арқылы шешуге үндейтін өңір болып саналған. Сондай-ақ, Азия континентінің тағы бір ерек­ше­лігі – оның этномәдени әралуан­дылығында. Демек, біздің алдымызда тұрған міндет – оны сақтап қалу»,– деген ойымен бөлісті. Форумда шетелден келген қонақтар да сөз алды. Мәселен, АӨСШК Хатшылығының атқару­шы директоры Гунь Цзянвэй жиынның маңызына тоқтала келе, оның өркениеттер мен халықтар, діндер арасындағы үнқатысуды нығайтудағы маңызын атап өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы әрдайым АӨСШК қызметін қолдап келеді. 2014 жылдың 5 мамырында АӨСШК мен ҚХА арасында Өзара түсіністік туралы мемо­ран­думға қол қойыл­ды. Бұл құ­жат шең­­берінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясы өзінің ин­теграциялық әлеуетін, мүмкіндігін пайдалана алады. Алдағы уақытта бұл меморандумды одан әрі іске асыру үшін нақты қадамдар қажет», – деді ол. Бангладеш Халық Респуб­ликасы Парламентінің мүшесі Фазле Хусейн де форум аясында өз ой-пайымымен бөлісті. Оның айтуынша, этносаралық бірлікті сақтауда Қазақстанның тағаттылық идеясының маңызы зор. Бұл ретте, ол: «Себебі, қоғамдық келісімге қатысты проблемалар көп елде, оның ішінде, біздің елде де туындап жатады. Сол себепті, біз осындай «келісім үлгісі» негізін­де шиеленісті жағдайларды тиім­ді түрде шешуге болатынына көзіміз жетті», десе, Лондондағы «Қазақстан» бейбітшілік және келісім орталығының директоры Сидхарт Саксена бүгінгідей келіспеушіліктер кеңінен белең алған әлемде барлық ел бірыңғай модельді іздестіріп жатқанын алға тартты. Мәселен, ол: «Біз қазақстандық модельді осы тұрғыдан алғанда ерекше бағалаймыз. Себебі, ол қоғамда кездесетін қиындықтың алдын алуға үндейді. Демек, этнос­аралық келісімді қалайтын әрбір ел қазақстандық тәжірибені зерттеп, зерделей түсуі керек. Лондондағы орталық осы идеяның дұрыстығына тұрақты түрде сараптама жүргізіп келеді», – деді. Форум аясында, сонымен қатар, «мәдениетаралық ынтымақ­тас­тық: АӨСШК елдерінің тарихи-мәдени мұрасы», «Этномәдени бірлестіктердің ғылыми әлеуеті: сарапшылар қауымымен өзара іс-қимыл», «Mass-media-дағы этномәдениет пен тағаттылық» тақырыптарында панельдік отырыстар ұйымдастырылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».