Тәуелсіздік құрдасы атанған білім ұясы жылдан-жылға өркен жайып келеді
Қалалық әкімдік еліміздің тиісті заңнамаларына сәйкес жас ұрпаққа сапалы білім беру қызметін жақсарту мақсатында қаладағы бір қазақ және бір орыс мектеп-гимназиясы ендігі жерде тек гимназия болып аталсын деген қалалық білім бөлімінің шешімін бекітіп берді. Сөйтіп, бұрынғы №37 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназия” мемлекеттік мекемесі – “Семей қаласының №37 гимназиясы” мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.
Аталған білім ордасын тәуелсіздік жемісі десек, артық айтқандық емес. Өйткені, ол қоғамдық пікірге орай 1992 жылдың жазында осында жаңадан ашылған тұңғыш қазақ мектебі. Бұл енді айтқанға ғана оңай. Әйтпесе тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қарбалас шақта бір жазда жаңадан мектеп салып, оны қатарға қосу оңайға түспеген. Солайша аталған жылдың күзінде 700 оқушыға есептелген арнайы типтік жобадағы жаңа мектеп іске кірісіп кеткен.
Елдің тілегімен салынған сол білім ордасы бүгінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Мәселен, қазірде мұнда 119 ұстаз еңбек етіп жатса, соның 23-і – жоғарғы, 51-і – бірінші, ал 27-і екінші санатты мұғалім. Олардың ішінде 8 ұстаз Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің озық қызметкері белгісімен, 10-ы Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған. Мектепте гимназиялық сыныптар жыл сайын арта түсті. Айталық, олардың саны бұдан үш жыл бұрын 17 сынып болса, бұрнағы оқу жылында – 21, ал биылғы жылы 24 сыныпқа жетті. Соның нәтижесінде пәндерді тереңдете оқытуға мүмкіншілік ашылды.
2003-2004 оқу жылынан бастап аталған білім ордасы “өзін-өзі тану” пәнін оқытудың эксперименттік алаңы болып табылады. Мектеп ұжымының мақсатты және жоспарлы жұмысының нәтижесінде оның қала мектептері арасындағы рейтингісі жылдан-жылға көтеріліп келеді. Айталық, осыдан үш жыл бұрын бұлар қала бойынша екінші орынды иеленсе, міне, соңғы екі жылдан бері бірінші орыннан көрінуде.
Сөз басында бұл білім ордасының 700 оқушыға арнап салынғанын айттық. Ал қазірде мұнда оқушы саны одан екі еседен астам артық. Мұның өзі осында оқуға тілек білдірушілердің уақыт өткен сайын арта түсіп келе жатқанын көрсетсе керек. Солай дей тұрғанмен, оқушы санының шамадан тыс көп болуы түрлі қиындықтарды туындататыны да рас. Абырой болғанда соған қарамастан, соңғы үш жылдағы мұндағы білім сапасы 58 пайыздан 68 пайызға көтеріліп отыр. Соған сәйкес Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі де көптеген көрсеткіштер бойынша жыл өткен сайын жоғарылай түсіп келеді.
Соған орай облыстық білім басқармасының бастығы Е.Нәбиев мырзаның атынан мектеп директоры Ж. Стамбековтің атына келіп түскен алғыс хатынан үзінді келтіре кетсек, артық болмас деп ойлаймыз. “Сізге және сіздің ұжымыңызға шығармашылық еңбектеріңіздің арқасында Ардақ Ахатова және Айбек Молдабеков сынды оқушыларыңыздың үстіміздегі жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық ғылыми жарыстарының және “Жыр алыбы – Жамбыл” атты республикалық айтыстың жүлдегерлері атанып, жоғары нәтижеге жеткені үшін алғыс білдіремін.”
Мектеп басшысы атына осындай мазмұндағы хат Қазақстан – Британ техникалық университетінің басқарушы директоры Ф.Гаджиев пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті заң факультетінің деканы Ш.Тілепинадан да келіп түсіпті. Оның екеуі де өздерінде үздік оқып жатқан осы мектептің түлектеріне жоғары деңгейде білім беріп, жоғары оқу орнына қажетті дәрежеде дайындағаны үшін аталған білім ордасына алғыстарын білдіріпті.
Мектеп оқушыларының білім көрсеткіштерін айқындайтын мұндай жарқын мысалдарды одан әрі жалғастыра беруге болады. Айталық, мектеп түлектері қалалық және облыстық пән олимпиадаларында жыл өткен сайын жеңіс тұғырынан көптеп көрінуде. Мұның сыртында олардың бір тобы түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан интеллектуалды конкурстарда жоғары көрсеткіштерді тұрақты түрде иеленуде. Ал оған мектептің материалдық-техникалық базасының жылдан-жылға жақсара түсіп келе жатқандығы да бірден-бір себеп пе дейміз. Мәселен, физика, химия, математика, биология, тарих кабинеттерінде интерактивті қондырғылар орнатылған. Ал өткен жылы жаңа компьютер сыныбы алынып, іске қосылды.
Сонымен бүгінгі күні тәуелсіздік гимназиясы атанып отырған білім ордасынан осы уақытқа дейін қанаттанып ұшқан түлектер ішінен 35-і “Алтын белгі”, ал 55-і “Үздік аттестат” иегері атаныпты. Мұның сыртында 7 түлек қазіргі күні “Болашақ” бағдарламасымен алыс шет елдерде білім алып жатқан көрінеді. Соның бәрі мектеп ұжымының, оның ішінде осы білім ордасын ұзақ жылдан бері басқарып келе жатқан Жұмағазы Стамбековтің қажырлы еңбегі екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек.
Енді, міне, кешегі тәуелсіздік мектебі тәуелсіздік гимназиясына айналып отыр. Соған орай қалалық білім беру бөлімінің бастығы Мәнсура Дүйсембаева ханымнан гимназия басшысының атына арнайы хат келіп түсіпті. Бұл хатта мектеп мәртебесінің өзгеруіне байланысты ата-аналармен түсіндіру жұмыстары тиянақты түрде жүргізіліп, гимназияға қабылданбай қалатын оқушыларды басқа білім беру мекемелеріне орналастыруды қатаң қадағалауды тапсырыпты. Бұл да жөн сөз. Кешегі тәуелсіздік мектебінің, бүгінгі тәуелсіздік гимназиясының мәртебесі бұрынғыдан да жоғарылай түсуі заңдылық.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.