23 Шілде, 2010

“Қазақтелеком” ұжымдық блогының кіндігі кесілді

586 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Таяу күндері – “Қазақтелеком” АҚ басшылығы өзінің корпоративтік блогын құрғаны туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеп, жарты жылдықты қорытындылады. Ақпараттық технологиялар заманында ғаламторда өз үніңнің болуы – бұл телекоммуникациялық компанияға лайықты үрдіс. Замана үдерісі басқа емес, өз дегенін жасатады. Ал пікір-ұсыныс білдіріп, көзқарасыңды қорғауда блог құру таптырмас әдіс әрі интернеттің ең ұтымты игілігінің бірі де осы. Ендігі жерде кез-келген адамнан бастап, “Қазақтелекомның” қызметін пай­­- да­ланатындар, топ-менеджер­лер­мен бірге оператордың  қарапайым қыз­меткеріне дейін www.blog.telecom.kz веб-сайты арқылы өзара еркін пікір алмасатын болады. Бұл туралы компанияның басқарма мүшелері Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында баяндады. Елеулі оқиғаны бұқараға жария ету барысында “Қазақтелеком” АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есе­кеев компанияда бүгінде бас­қарудың заманауи әдістері енгізіліп, оның бірі –  корпоративтік блог арқылы ақпараттық өзара әрекет ету болып табылатындығын атады. – Қазіргі таңда компания қазақ­стан­дықтардың игілігі үшін бай­ланыс қызметінің сан алуан түрін ұсынуда. Сондықтан  интернетке шы­ғып, блог саласында жұмыс бас­тауға шешім қабылдадық. Меніңше, корпоративтік блог арқылы абоненттердің қызметтерді қолдануы кезінде туындайтын көптеген мәселелерді шеше аламыз, – деді Қуанышбек Есекеев. Сонымен қатар, “Қазақ­теле­комның” биылғы алғашқы 6 айдағы таза табысы 20 млрд. 635 миллион теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе артық. Және үстіміздегі жылдың 6 айында компания құны 24,1 мил­ли­ард теңге құрайтын құрал-жабдықтар, жұмыс және қызмет түрлерін сатып алуға 5,5 мыңнан астам келісім-шарт жасаған. Оның ішінде қазақстандық үлес 62,3 пайыз, ал ағымдағы жоспарлық көрсеткіш 54,5 пайыз еді. Тек жарты жылдың ішінде жаңа 126 437 телефон нөмірі орнатылған. Бүгінде еліміздің әрбір 100 тұрғынына 22,7 нөмірден келеді.  Осылайша “Қазақтелеком” АҚ өзінің бұқара алдындағы қызметін күшейтуді үздіксіз жалғастырып келе жатқан­дығын дәйектеуде. – Біз өз клиенттерімізбен жұмыс істеуді барынша жақсартып келеміз. Өйткені абоненттермен тығыз бай­ла­ныста болуымыз мол табысқа бас­тайды. Дәл қазіргі кезде “Қа­зақ­телекомның” қызметін тұ­ты­натын­дардың саны 3,5 миллионнан асты, – деді компанияның Бас коммер­циялық директоры Асқар Есер­кегенов. Ал, жаңа ашылған корпоративтік блогына келетін болсақ, ол еліміздегі алғашқы блогинг. Бұл ғаламтор саласы дамыған тұста туындап отырған қажеттілік екендігін жо­ғарыда атадық. Онда абоненттер компанияның басшыларынан бастап, топ-менеджерлері мен қарапайым қызметкеріне дейін тікелей байланысқа шығып, көкейдегі сауалға нақты жауап алады. “Қазақтелеком” басшылығының айтуынша,  ұжымдық блог арқылы онлайн конферен­цияларды да өткізуге болады. –  Корпоративтік блогинг деген жал­пы Қазақстан үшін жаңа құ­былыс. Біздің блогтың келермендері бас­тапқыда кемшіліктеріміз болса,  түсіне қарайды деп ойлаймыз. Және клиенттеріміздің барлық түсінік­темелері мен тілектеріне жауап­кер­шілікпен қарап, жедел үн қатысып отыратын боламыз, – дейді  “Қазақтелеком” АҚ Стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Батыр Маханбетәжиев. Компания жетекшілігі жаңадан тұ­сауы кесілген блог арқылы өңірлердегі абоненттердің де “Қазақ­телекомның” қызметіне байланысты  қандай да бір түйткілді талаптары болса біліп отыруға мүмкіндік те туатындығын айтады. “Қазақтелеком” АҚ ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры Марат Әбділдабеков блогтың Wordpress  платформасында құрылғандығын және ол ұдайы жаңартылып отыратындығын атады. Кіндігі кесілген блогтың  қазақша әріптерді қолдайтын  платформада орналасуы құптарлық-ақ. Мұның өзі де ұлттық операторымыздың мемлекеттік тілге құрметі мен оңды қадамы деп білу керек. – Ұжымдық блог интернет қауым­дастықтың байланыс опера­тордың қызметіне деген пікір, ұсыныстарын саралап беріп отырады. Ең бастысы бұл тәуелсіз көзқарастар, – деді Асқар Әлібекұлы. Не десек те, “Қазақтелеком” АҚ корпоративтік блогы – қазақстандық  кор­поративтік блогингтердің алғаш­қысы. Компания жетекшілері ал­дағы 2-3 жылда елімізде бұл жаңашылдық бастама жаппай белең алатынына сенімді. Ұжымдық блог онлайн конференцияларын өткізуге де мол мүмкіндік береді. “Қа­зақ­телеком” алдағы уақытта кең жолақты “Мегалайн” интернет желісін пайдаланушыларға да жаңа қызмет түрлерін ұсынбақ. Ал ауылдық телефон тұтынушылары үшін CDMA желісін тартып беру жалғаса бермек. Бүгінде бұл жаңа буынды телекоммуникация жүйесіне 240 мыңнан астам ауыл халқы қосылып үлгерген. Сол сияқты жарты жылда елімізде интернетке кең жолақты қосылысты қолданушылар саны  1 698 686 адамға жеткен. Абоненттердің қаперінде болуға тиісті, тағы бір атап өтерлік маңызды жәйт – компания баға саясатында да тұрақтылық танытып, телекоммуникация нарығында тарифтік құнды едәуір төмендеткен. Нақты айтқанда отандық тұ­тынушылар үшін шетелмен және ТМД-мен сөйлесу  80 пайызға арзандаған. Ақиқатында өз миссиясын табысты атқарып келе жатқан, “Операторлардың операторы” атанған қазақстандық компанияда атқарылып жатқан ауқымды тірліктер толассыз. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.