Арменияның астанасындағы айқай біраз жерге естілді. Электр энергиясының тарифін көтеруге қарсы ереуілге шыққандардың әрекетін үлкен саяси күрестің басы деп сәуегейлік жасағандар да болды. Бірақ біреулер күткендей ол «майданға» немесе түрлі-түсті революцияға айналған жоқ.
Осыдан тура екі апта бұрын негізінен еревандық жастар кіретін «Тонауға – тосқауыл» қозғалысының мүшелері ел астанасында ереуілге шығып, ел басшылығынан электр энергиясына тарифті көтеру туралы шешімді тоқтатуды талап еткен. Әңгіме мынада: 17 маусымда Армениядағы қоғамдық қызметті реттеу жөніндегі комиссия электр энергиясының тарифін 16,7 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдаған. Ал «Армения электр желісі» компаниясы 40 пайызға көтеруді сұраған екен. Бұл компания толығымен ресейлік «Интер РАО» фирмасына кіреді. Бір жағы бағаны солар белгілейді десе де болғай.
Ереуілшілер тарифтің өсуін жою жөнінде шешім қабылдауды президент Серж Саргсяннан талап етті. Билік талапқа құлақ асқан жоқ. Президент өз резиденциясының алдына келген халыққа шығудан бас тартты. Ал полиция 23 маусым күні ереуілшілерді күшпен таратпақ болды. Оларды сумен атқылап, 237 адамды қамауға алды. 20 адам жарақаттанды.
Бірақ күш қолданудан ешнәрсе шықпады. Мұны, кештеу болса да, билік те ұқты. Қамауға алынғандар босатылды. Өз әрекеттері үшін полиция басшылары ереуілшілерден, журналистерден кешірім де сұрады. Мұның соңы көшеге шыққандардың тарқап, өз күрестерін құқықтық сипатқа ауыстыруға ұласты.
Жалпы, ереуілшілер не ұтты дегенде, ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар. Олар билікті жай уәде берумен шектелмей, нақты қадам жасауға мәжбүрледі. Атап айтқанда, «Арменияның электр жүйесі» компаниясында аудит өткізіледі. Бұл алты айға созылуы мүмкін. Осы уақытта электр энергиясының тарифі бұрынғы күйінде қалады.
Ал «Тонауға – тосқауыл» қозғалысының билікті ереуілшілерге рахмет айтуға мәжбүрлеуі, тіпті, үлкен саяси жеңіс деуге болар еді. Сирек кездесетін жай. Бұл қарсылық акциясын президент Саргсянның демократияға жол, азаматтық қоғамның қалыптасуы деп сипаттауы да күтпеген жай. Тек қана сол ереуілшілерге алғашқы кезде-ақ қоқан-лоқы жасап, күш көрсетпей-ақ, келісімге шақырып, пікір алысуларына, соған сәйкес шешім қабылдауларына болатын еді ғой дейсің. Ақыл түстен кейін кіргендей.
Алғашқы күннен бастап-ақ Еревандағы оқиғаға байланысты басқа да бір дауыстың естілгені де шындық. Кейбір БАҚ, саясатшылар одан шетелдердің араласуын іздеп, арандатушылық ойлар тастаған. Біразы мұны Арменияның Еуразиялық одаққа кіруімен байланыстырып, соған қарсы Батыстың әрекетіне балаған. Соған орай бұл бой көрсетудің аяғы Украинадағыдай «майданға» жалғасады деп сәуегейлік жасаған. Ауыз өздерінікі, біраз көбік шашқан.
Еревандағы ереуілдің басқа да тағылымы бар. Басты тағылым деп қарсылықты да таяқ ұстап бақырмай, дүниені қиратпай, таза жерді қоқсықпен ластамай, бүтін нәрсені бүлдірмей, әдепті жолмен де жүргізуге болатынын көрсеткенін айтсақ жөн шығар. Әңгіме көптің көңілін білдіріп, биліктің назарын аударуда. Ниет түзу болса, тіл табысуға жол табылады.
Пуэрто-Рико қандай мемлекет?
АҚШ-ты жамандауға құмарлардың жаны кіріп қалды – АҚШ-тың 51-штаты банкрот болды деп шулап жатыр. Бірақ бұл елде 50 ғана штат бар. Айқайлап жатқандардың айтып отырғаны – Пуэрто-Рико.
Рас, бұл мемлекет көптен бері АҚШ-қа 51-штат болып кіргісі келеді. Бірақ Құрама Штаттар оны бір штат ретінде қосып алғысы жоқ. Кіремін дегендерге есігін ашып қойса, АҚШ-тың бүгінге дейін көлемі қазіргіден кем дегенде екі есе артып кетер еді ғой. Вашингтон Пуэрто-Рикоға тек ассоциацияланған ерікті мемлекет ретінде ғана кіруге рұқсат етті.
Мұның мәні қандай? Ресми анықтамалыққа жүгінейік. «Пуэрто-Рико – АҚШ-тың әкімшілік-аумақтық бірлестігінің құқындағы өзін өзі басқаратын аумақ. АҚШ-пен байланыстығы – ортақ азаматтығы, ортақ валюта, ортақ қорғаныс. Мемлекет басшысы – АҚШ президенті. Үкімет басшысы – губернатор. Министрлер кабинетін Пуэрто-Рико заң шығару жиналысының келісімімен губернатор тағайындайды. Жоғары заңдық билік АҚШ конгресі билігінде, сыртқы саясат, қорғаныс, заң шығару соның құзырында. Ішкі басшылық Пуэрто-Рико заң шығару жиналысының құзырына кіреді».
Бұдан АҚШ-қа не пайда? Ешқандай да пайда жоқ. Және зиян да жоқ. Валютаңды біреулер пайдаланғысы келсе, пайдалансын. Заңды пайдаланғысы келсе, пайдалана берсін. Қорғанысқа келсе, басқалар АҚШ-тан асып барып, бұл елге тиісе қоймайды. Артық күш жұмсап та жатқан жоқ. Ал Пуэрто-Рико үшін АҚШ-қа былайша кірігудің пайдасы шаш-етектен десе болар: ең алдымен – қорғанысқа қыруар қаржы жұмсамайды; өз валютаң болу да тегін нәрсе емес, қосымша қаржыны талап етеді; сыртқы саясатпен бас ауыртып жатпайсың, ішкі шаруаңмен емін-еркін, алаңсыз айналысуға барлық мүмкіндік бар. Өс, өркенде.
Пуэрто-Рико сол мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Дүйсенбі күні «Нью-Йорк Таймсқа» берген сұхбатында ел губернаторы Алехандро Гарсия Падилья елдің банкротқа ұшырағанын мойындағандай болды: «Қарыздан құтылатын жол жоқ. Бұл – саясат емес. Кәдімгі жай есеп қана!» – деп шағынды. Қарыз 72 миллиард доллар болыпты. Қарыз бергендерден енді бір бес жылға күте тұрыңдар деуден басқа амал жоқ.
Ал АҚШ ше? – дейді ғой жұрт. Бұл елдің қауіпсіздігіне қауіп төніп жатса, Вашингтон қарап қалмас еді. Өзінен мың шақырым алыстағы Кариб теңізінің Үлкен Антил архипелагында жатқан елдің ішкі шаруасына араласпайды. Өз күндерін өздері көруге тиіс. Оның үстіне әлемдік су жолының үстіне орналасқан арал-мемлекеттің табиғаты да жұмақ десе боларлық. Кен байлығынан да кенде емес. Ауыл шаруашылығы да дамыған. Туризм кең өрістеген. Соның бәрінен шаруа құрай алмаса, обалдары өзіне дерсің.
Соңғы кезде жұрттың бірін бірі жамандауы көбейіп кетті. Бір аймақта келеңсіз оқиға болса, сол маңдағы үлкен елді айыптай жөнеледі. Еуропада бір кемшілік кезіксе, оған Еуроодақ, АҚШ кінәлі болып шығады. Грекия қисайып қалып еді, кінәсі Еуроодаққа жүктелді. Қайта сол қисайған Грекияны сүйемелдеп отырған солар ғой. Әйтпесе ол әлдеқашан етпетінен түсер еді. Ресейді де басқалар үшін кінәлап жатады. Ал әркімнің өз күнін өзі көруі керектігінде жұмыстары жоқ жұрттың. Ұшан-теңіз мүмкіндігі бар Пуэрто-Рико қарызға батса, оны кейбіреулер АҚШ-тан көреді. Оу, әділеттілік қайда? – дегің келеді сонда.
Әрине, АҚШ-қа кінә артар тұстар да жоқ емес. Әсіресе, осыдан оншақты күн бұрын Франциядай өркениетті елдің соңғы үш бірдей президентінің (Жак Ширак, Николя Саркози және қазіргі президент Франсуа Олланд) өздерін тыңдап келгені, жұмсартып айтқанда, досынан да жау іздегендік. Бұл жайт, әрине, Франция тарапынан орынды наразылық туғызды...
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.