БАС ЖҮЛДЕ
Азаттық толғауы
Жиембеттің жырының,
Жалғасына салайын.
Асан Қайғы сөзінің,
Асылынан алайын.
Шырайыңа тамызып,
Шыққан күннің арайын.
Шимай да шимай шежіре,
Шиырындай түлкінің.
Ілмегіне іледі,
Ізіне сап ілкі күн.
Түнде ұмытып ұйқыны,
Күндіз тастап күлкіні.
Тағасыз тауда тас басқан,
Тұяғы едім Түркінің!
Көшелі ойы болмаса,
Көсем болсын топқа кім?
Күреңселі белдерде,
Күдір де күдір соқпағың.
Сары бөктерді бауырлап,
Сарбаздар жаққан оттарын.
Ұлы мекен өзің деп,
Ұлытау, саған тоқтадым.
Ұлт ұясы – Ұлытау,
Шыңдары асқақ, қылта қыр.
Жазиралы өлкеме,
Жауар көктен ұлпа нұр.
Ұлан-ғайыр дала үшін,
Ұрандап өтті-ау мың тағдыр.
Нар терек боп жайқалды,
Бабадан қалған бір тамыр.
Құбыладан жел ессе,
Күй шертеді қурайлар.
Жадымнан өшпес жаңғырық,
Жырақтап кеткен күн, айлар...
Тарғыл тасқа секіріп,
Тау текесі күнде ойнар.
Сайыңнан аққан сан өзен,
Саласында мың қайнар.
Ұлы шыңның басына,
Ұлың шығып Ту байлар...
Байтақ жердің иесі,
Баһадүр біздің батырлар.
Жігері мен айбыны,
Жаққан оттай лапылдар.
Аңыздың шетін ақтарсам,
Алыстан бейне жақындар...
Бәдіздеп жазған тастарға,
Басылған баба атың бар.
Керей менен Жәнібек –
Қазақ атты Ұлыстың
Шаңырағын көтеріп
Уықтарын шаншыған.
Тақыр белді тау қылып,
Теңіз құрап тамшыдан...
Күрей соққан дауылдай
Күннің көзін аршыған!
Керей менен Жәнібек –
Қос өзеннің арнасы.
Айға басқан белгісін,
Күнге салған таңбасын.
Тоныкөк пен Білгенің
Алтын арқау жалғасы!
Керей менен Жәнібек –
Бірі семсер болғанда,
Бірі болат қалқаным.
Бірі дария болғанда,
Бірі теңіз шалқарым.
Бірі асқар заңғарым,
Бірі байтақ дарханым!
Туырлыққа ту ілсе,
Тұс-тұсынан жиылған.
Ордасын елдің бетке алып,
Отыз сайдан құйылған.
Ел үшін жан құрбан деп,
Бір Аллаға сиынған.
Қазақтың саңлақ сардары,
Жұдырықтай түйіліп,
Дулығасы шашақты,
Болат сауыт киініп,
Сарбаздары сап түзеп,
Садақтайын иіліп,
Намысы алмас қайралып,
Найзасын жауға үйіріп,
Қолына түссе қас жауы,
Қойдай айдап иіріп,
Ерлігіне тәнті боп,
Сұлтаны тұрар сүйініп...
Керей менен Жәнібек –
Оң жағымда орманым,
Сол жағымда қорғаным.
Шаңырағын көтердің
Қазақ атты орданың.
Қоңыр малға толтырдың,
Қозыбасы жондарын.
Сар даланы бауырлап,
Жосылып жатыр жолдарың.
Бұрынғыдан сыр шертсем,
Бұлдыр да бұлдыр күн өткен.
Бұлан сауыр ат мінген,
Бабалардан кім өткен?!
Бурамен жауға шапқанда,
Бұрылып дұшпан дір еткен.
Буырқанып қайраты,
Бұлттай түнек түнеткен.
Бұлқынғанды құл еткен,
Бұрымдысын күң еткен.
Қасқа жолды Қасым хан –
Ақылына күші тең,
Екі аяғын тең басқан.
Еліме кеше ел қосқан,
Жеріме кеше жер қосқан.
Беліне садақ асынып,
Бедер-бедер белді асқан.
Кешеде өткен Хақназар –
Қырық жыл елге бас болған,
Қастасқанға қас болған,
Достасқанға дос болған,
Қой үстінде бозторғай,
Қазақтың көңілі хош болған.
Басын қосқан үш жүздің
Абылай хан ардағым –
Көк иесі – қыраным,
Тау иесі – тарланым.
Азат етіп жерімді,
Қондырған қолға арманын!
Кешегі өткен хан Кене –
Найзаға байлап үмітін,
Сәйгүлік сайлап тұлпарын,
Сарбаз сайлап жігітін,
Күрмеуге келмес ғұмыры,
Күреспен өтті күні-түн!
Ат сауырын тер жауып,
Қылыш жүзін қан қылып,
Айқайлап ұран салғанда,
Аспан асты жаңғырып,
Жебесі желге қарсы ұшқан,
Жердің үстін шаң қылып!
Асқар тауым Елбасы –
Арасан судың тұнығы!
Ұлт мұратын ту еткен
Ұлы ішінде ұлығы!
Арғымақтың ішінде,
Арымайтын күлігі!
Елбасының бойында
Сақ бабамнан дарыған,
Семсердей өткір батылдық,
Ғұн бабадан дарыған,
Қайсарлық пен батырлық.
Көк түріктен дарыған,
Келелі іске жақындық.
Алты Алаштан дарыған,
Асыл мінез татулық.
Абыздардан дарыған,
Ақық сөзді ақындық.
Ел қорғаны Елбасы –
Алтын дидар Алаштың
Алшыдан түскен асығы.
Өнеге тұтқан Есімді,
Қастер тұтқан Қасымды,
Алты Алаштың ішінде,
Азаматтың асылы!
Ұлтына Ұлы Көшбасшы,
Ұлықтаған ғасыры.
Жалын мен шоқтай жігері
Жай отының жасыны!
Азаттық, сенің атыңды,
Беліне жаздым қырқаның.
Азаттық, сенің әніңді,
Басында шыңның шырқадым.
Азаттық, сенің жырыңды,
Ұран ғып айтар ұрпағым!
Алтын алқа Астанам,
Ажарыңда ай нұры.
Ерке толқын Есілдің,
Жұлдыз жүзген айдыны.
Алты құрлық алдында,
Асқақ Алаш айбыны!
Көк байрағым мәңгілік,
Көк аспанның қиығы.
Ұлтым туын тіккен жер –
Ұлытаудың биігі!
Алты құрлық жұртымен
Алаштың тең иығы!
Елім есен тұрғанда,
Басымнан бақ арылмас.
Ұлың жатқа бағынбас,
Қызың жұртқа жалынбас.
Жерінен басқа қазақтың
Маған мекен табылмас!
Айшықты ару Астана,
Көруге жаһан құмартып,
Ұлытаудың биігі,
Манаурайды мұнартып.
Бодан боп ғұмыр кешуден,
Азат боп өлу мың артық!
Қыран қазақ самғайды,
Иығына күн артып!
Елдік жыры
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы осымен бесінші рет өткізіп отырған жыр бәйгесі өз мәресіне жетті.
«Ұлытау ұлағаты – ұлт тарихы» айдарымен жарияланған биылғы мүшәйра Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Елбасының Ұлытауда берген сұхбатынан серпін алған дүбірлі жыр додасына 90 ақын қатысты. Ақындарымыз тәуелсіз Қазақстанның айшықты келбетін, азаттық жолында арпалысып өткен бабалар тарихымен ұштастыра жырлап, келелі тақырыпты жан-жақты жарқырата аша білуге ұмтылыстары көңілден шықты. Бәйгеге өлеңдер, толғаулармен қатар, сүбелі-сүбелі поэмалар да түсті. Кейбір үміткерлердің тыңнан тұжырым жасап, өрісті ойларға құлаш ұрудың орнына, тарихи оқиғаларды тізбектеумен шектеліп, бір сарындылыққа ұрынғанын да айта кетуді жөн көрдік. Қалай болғанда да мерейлі мерекеге арналған биылғы мүшәйра да ойлаған, діттеген жерімізден шықты.
Астана қаласы әкімдігі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан мүшәйраға тек ел ақындары ғана емес, шетелдегі қандас қаламгерлеріміздің қатысуы жыр бәйгесінің беделін одан сайын биікке көтерді.
Белгілі, беделді әдебиет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасына академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов төрағалық етті. Бас бәйгені өскемендік талантты ақын Әскерхан Ақтай қанжығасына байлады. Әскерханның «Азаттық толғауы» көне жыраулар жырының жалғасындай сөз кесектігімен де, көркемдік өрнегімен де бұл реткі мүшәйраның жаңалығы болды. Бірінші орын Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі жыр жүйрігі Дәулеткерей Кәпұлының «Байрағым бұлтты жасқаған» өлеңіне берілді. Екі екінші орынды белгілі ақын Өтеген Оралбайұлының «Ұлт ұраны – Ұлытау» толғауы мен Жанат Әскербекқызының «Орбұлақ шайқасы» өлең-баяны өзара бөлісті. Үш үшінші орынды қарағандылық Абзал Бөкеннің «Алтын туралы толғаныс», Ілияс Мұқаевтың «Жерұйық», танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтайдың «Тұлпар жыры» өлең-толғаулары еншіледі. Ынталандыру сыйлықтары қызылордалық Толыбай Абылаевтың «Қарақұм құрылтайы», астаналық Ербол Бейілханның «Көшім хан – Сүзге», көкшетаулық Ерболат Баятұлының «Баба тарих – бастауым» поэмаларына, астаналық жас ақындар Ержан Жаубайдың «Кешегі қазақ мен едім», Балтабек Нұрғалидың «Мен – Ұлытау аспаны», «Бақыт» өлеңдеріне берілді.
БІРІНШІ ОРЫН
Байрағым бұлтты жасқаған
Ұлытау, ұшарыңда ұлар ойнап, Сарыарқа сағым белім – құланойнақ. Тәңірге тәубе айтумен жыр бастаймын, Көгіме көтерілсе Күн арайлап. Тарихтың толқын соғып кемеріне, Бойлатар баба шақтың тереңіне. Бас иіп, тағзым жасар, есті Қазақ, Жатқан тау ердің соңы – ер Едіге. Бөрідей түзде түнеп, жонда жаттым, Заманда бәрін көрдім ең ғажаптың. Аймағыма алты құрлық көзін тіккен, Байрағы бұлтты жарған өр Қазақтың! Ата жау аптыққанда масаттанып, Рухым тау қопарып, тас ақтарып. Кеудесін қаққа жарып, лақтырғам, Найзаға найзағайдан шашақ тағып. Айтылса ата тарих – сөз расы, Қолқамды суырады Қозыбасы. Керей мен Жәнібектің керім шағы, Қозғайды запыранымды менің ащы. Жағында болғаннан соң Тәңір ақтың, «Адырнамды ала өгіздей аңыраттым». Керей менен Жәнібек – қос белдеуі, Қазақтай қасиетті шаңырақтың. Көкбайрақ қыран қанат жайғанда алға, Бас қойдым тұнық тұма, қайнарларға. Керей мен Жәнібектің ақ отауы, Арқада Ақордаға айналғанда. Айшықтап көкбайрақты қыран бағы, Тұғырым биіктеді Тұрандағы. Айдарлы Астанама енші болды, Айбарлы Абылайдың ұлы арманы! Білетін атбегідей жорға сырын, Алшыдан түсе берді енді асығым. Ерлігін еске салар Едігенің, Еңбегін ел бағалап Елбасының. Басталып Сарыарқадан текті бір ән, Бабадан қалып кеткен сертті ұғынам. Құрбанға енді Қазақ айналмайды, Тұрғанда түгелденіп төрт құбылам! ...Ұлытау, саған қонған жалғыз ұлар, Аттасаң ақиқаттан ар бұзылар. Жаралы абадандай аласұрған, Бабамның Кенесары қанды ізі бар. Айтқанда замандасқа құбыла-сыр, Бабамның саған үлгі ғұмыры асыл. Қазақты мәңгілікке жетелейді, Ұлытауды ұлықтаған ұлы ғасыр!ЕКІНШІ ОРЫН
Ұлт ұраны – Ұлытау
Өтеген ОРАЛБАЙ
Ұлытаудың басынан көш келеді,
Ұлы күннің тұсауын кескен еді.
Ұлан-байтақ тарих әлі күнге,
Ұлытаудың атынан сескенеді.
Ұлытаудың басынан көш келеді,
Ұлылықтан басталып, хош келеді.
Ұмытылған ғасырлар шаңы басып,
Ұлы армандар ұрпаққа көшкен еді.
Ұлытаудың басынан көш келеді,
Ұмтылмасаң ұстарың бос келеді.
Ұмтыл, ұлтым, Ұраның – Ұлытауың,
Ұққаныңды жау менен дос көреді.
Ұлытаудың басынан көш келеді,
Ұлы күннің мақсатын ескереді.
Ұлар-дауыс ұлтымның ой-арманы,
Ұрпағыма өлмейтін сес береді.
Ұлытаудың басында ұлы арманға,
Ұйып тұрып, ұлт болып қуанғанда,
Ұлытаудың басында жанған шырақ,
Ұйытқып жанып, айналды шырағданға!
Ұлытаудың басында ұлыған жел,
Ұзақ, ұзақ жылдардан суыған шер.
Ұранымды қайтарды ұлт жанына,
Ұландары ту тігіп, жылыған жер.
Ұлағаттап ерлікті шерге бөккен,
Ұран салып еркіндік келген өктем.
Ұясына намыстың қонақтаған,
Ұлар-ойдың үні де елге жеткен.
Ұлытаудың басында ұлағат бар,
Ұлы күннің тынысын сынап, ақтар.
Ұлан-байтақ даламды жырмен сүйдім,
Ұлдың даусын естісін бұла-бақтар.
Ұлытауым, ұраным, ұлтым менің,
Ұран етсем жетер ме, шіркін, демім?
Ұзан болып сарынды бұл далада,
Ұзақ желер нар болып бүлкілдедім.
Ұлытауым, ұраным, атакүлдік,
Ұзақ-сонар баянды жатам үңгіп.
Ұзап кеткен тарихты таратқанда,
Ұлылардың айтқанын бата қылдық.
Ұлан дала, бұл дала, ұлы дала,
Ұя болған қызына, ұлына да.
Ұлы аңыздар көңілде тірілгенде,
Ұлың соны жазғанда – жыры жаңа.
Ұлытаудың басында жел еседі,
Ұмыт дәуір бүгінмен кеңеседі.
Ұлы хандар күмбезі күмбірлесе,
Ұлағаты ұлтымен теңеседі.
Ұлытаудың төрінде шежіре бар,
Ұмтыл-дағы олжаға кезіге қал.
Ұйқысынан оянған жырау-дала,
Ұйқастырып қосады сөзіңе нәр.
Ұлы Дала! Ұлы Тау! Ұлық бәрі,
Ұмытылды зар заман ғұрыптары.
Ұлтымыздың Басшысы – Елбасымыз,
Ұлытауды қадірлеп, ұлықтады.
Ұлықтады өткенін халқымыздың,
Ұлы екенін айғақтап салтымыздың.
Ұран тастап Елбасы ел бастады,
Ұйқымыздан оятып жалпымызды.
«Ұлы қазақ» деді ол арғы атамыз,
Ұлытауға ұлт туын орнатамыз.
Ұлы көштің басы бар, баяны бар,
Ұлағаттап ертеңге жалғатамыз.
Ұлтым қандай, жаңаға жұлқынғандай,
Ұл мен қызым уақытпен құлпырғандай.
Ұраны бір ел едік, қыраны бір,
Ұран салсам халқым бар ұмтылғандай.
Ұмтыл, халқым, есең бар өткен күнде,
Ұғармысың сен оған жеткен күнде.
Ұлытаудың төрінде сөз өрейін,
Ұғып алсын, куә боп көк пен күн де.
Ұлы тілім, ұлы діл, ұлы дінім,
Ұлттың жаны сенде ғой күні бүгін.
Ұлытауым – ұлы арман алдымдағы,
Ұлытауым – ұлылық, ірілігім.
Ұлытауым – мақсатым, мұратым да,
Ұлы сөзбен бостандық гүл атуда.
Ұлтымызды төрт құбыла, сегіз қиыр,
Ұлағаттап, күллі әлем ұнатауда.
Ұлытауым – ұлы жол, ұлы баян,
Ұзақ, сәтті жол түссін құбыладан.
Ұжымым бар, аты оның – Қазақстан,
Ұлы таңда нұр шашқан шұғыладан!
ҮШІНШІ ОРЫН
Алтын туралы толғаныс
Байтағым – бақ мекенім, алтын далам,
Қымбат қой алтыннан да нарқың маған.
Қазақтың баласымын алтын құрсақ,
Бабасы алтын киіп жарқылдаған.
Таймаған алтын көрсе халқым жолдан,
Сақтаған сары алтындай салтым болған.
Алтыннан айналмадым,
Алтын құйған
Айналдым алтын ми мен алтын қолдан!
Кешегі кеніштерім жоқ ескірген,
Көргем жоқ алтын сұрап мен ешкімнен.
Асылын аялаған ата қазақ,
«Алтыным» деген сөзбен теңестірген
Тимеймін намысына басқа жердің,
Алтындай жарқыраған асқақ елмін!
Алтын салт,
Алтын дәстүр,
Алтын өмір,
Астана төрін алтын таспен өрдім!
Кезім көп өкініштен у ұрттаған,
Сонда да алтынымды ұмытпағам.
Азаттық – Алтын отау,
Айнымайтын
«Бәйтерек» басындағы жұмыртқадан!
Дестелеп алқабынан алтын орған,
Дәулетім қайта оралды жарты жолдан.
Дегенде, – Алтын отау,
Уа, дариға,
Әйгілі түседі еске Алтын Ордам!
Тізілген тауы да арман, тасы да арман,
Жерімді талай дұшпан басып алған.
Томардай балдағы алтын алдаспанмен.
Томирис Кир патшаның басын алған.
Азабым алыс кетті алқымдаған,
Бұл күнге жеткізді Алла халқымды аман.
Тұмардай жақұт киген жарқ-жұрқ етіп,
Аттады босағамнан Алтын заман!
Алтыным – алтыннан да жарқын жырым,
Алтыным – елге берген антым бүгін!
Керей хан,
Әз Жәнібек бабаларым,
Аңсаған, осы болар, Алтын күнім!
Алтын күн – азаттығым жарқыраған,
Күнім жоқ қуаныштан шалқымаған.
Басымда азат ғасыр,
Қазақ ғасыр,
Төрімде Нұрсұлтандай Алтын ағам!..
Алтын ой,
Алтын жоба,
Алтын жосық,
Келеді кемелдіктің салтын кешіп.
Көк туын алтын қыран алып ұшқан
Бақытым – «Мәңгілік Ел» – алтын бесік!