Биыл ақмолалықтар үшін орақ науқаны тамыздың 19 жұлдызында, агроөнеркәсіп кешенінің дәстүрлі кеңесінен басталды десек қателеспеспіз. Мұнда маңдай термен өсірілген мол ырыздықты ысырапсыз жинап алудың озық тәсілдері қарастырылып, алдыңғы қатарлы ауылшаруашылық құрылымдары өз тәжірибелерін ортаға салды, күзгі ауа райының ерекшеліктері де айтылды.
Облыс бойынша ауылшаруашылық дақылдарының жалпы көлемі 4547,9 мың гектарды құраса, оның 4147,5 мыңы дәнді және бұршақ дақылдарына тиесілі. Сонымен қатар, 244,3 мың гектар майлы дақылдар, 132,8 мың гектар мал азығы, 18,7 мың гектар картоп және 4,4 мың гектар көкөніс өсіру қолға алынды. Әйткенмен, егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдай өте күрделі болғанын айтуымыз керек. Мәселен, 4,5 миллион гектар егістік, яғни 108,3 пайызы химиялық өңдеуден өтті. Сондай-ақ, септериоз және астықтың сұр көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы науқанға 8561 астық комбайны жұмылдырылды, оның 1129-ы алымдылығы жоғары шетелдік техника. Егін орағын ойдағыдай өткізуге қажет жүк көліктері және трактор тіркемелері 100 пайыз әзір болды. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілді деп айта аламыз.
Егін орағы кезіндегі ең басты мәселелердің бірі – астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар 60 астық сақтау кәсіпорны қатысып отыр. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса ауылшаруашылық құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сиятын қоймалар бар. Осыдан-ақ биылғы алынған астықтың далада қалмайтынын байқауға болады. Ал, 210 астық кептіргіш тәулігіне 86 мың тонна астықты өңдей алады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ел ырыздығы ысырапсыз жинап алынды. Егіс алқабының әр гектарынан 11,2 центнерден өнім алынып, 4632,7 мың тонна астық қамбаға жеткізілді. Өнімнің сапасы өткен жылғымен салыстырғанда бір саты жоғары. Мұның өзі жыл сайын шетелге астық шығару дәстүрін жалғастыруымызға мүмкіндік береді. Келесі жылдың егісіне қажетті 523,3 мың тонна тұқым құйып алдық. Осы орайда, гектар берекесін 15 центнерден айналдырған Зеренді, Сандықтау ауданы диқандарының табысын бөлектеп айтуға болады. Жақсы ауданы 535,8 мың тонна астық жинап отыр. Бұл өткен жылғыдан 45,9 мың тоннаға көп.
Мұрат БАЛПАН,
Ақмола облыстық
ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Ақмола облысы.