Руханият • 03 Мамыр, 2024

Ғасырлар үні

265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында ғана Астана қаласында Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. «Атамұра» баспасынан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Пар­­ламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлінің 5 кітабы көрмеде таныс­­тырылды. Олар – «Тамыр», «Абыздар аманаты», «Нүкте философия­сы», «Тасқа жазылған тарих», «Мұстафа» кітаптары. Осы жерде белгілі қай­рат­­кер-ғалымның «Мұстафа», «Тамыр» атты кітаптарын сатып алдым.

Ғасырлар үні

Бұл кітаптар әрқайсысы ға­сыр­лар бойы өз іздеушісін күтіп жатқан, тарих­тың алтын көмбелері. Соның кілтін табу, халыққа жеткізу, ұлтқа қызмет етудің эталоны. «Мұстафа» сияқты кітап жазу оңай емес. Ол өткен ғасырдың ба­сындағы тарихымыздағы ірі саяси тұл­ғалардың бірі. Өмірі де сол «тар жол, тайғақ кешу» заманының қайнаған сая­си қазанында өтті. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай сияқты ұлт көшбасшылары Түр­кіс­тан республикасы идеясымен өмір сүрді. Ал Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт қайраткерлері Алаш республикасын құру­дың басында тұрды.

Бұл идеологиялық ерекшелік қана. Ал мазмұны біреу – Азат, бостандық ал­ған Қазақ мемлекетін құру. Менің ойымша, бұл әлемдік пролетарлық революция жа­сау саясатының ұшқыны­­­нан шыққан, саяси идеология сарынының көріністері.

Мұстафа Шоқай туралы аз жазыл­­­ған жоқ, көп зерттелді. Өмірлік тұғырна­масы айқындалды. Бірақ Түркістан легио­­нын құру туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат әлі күнге қыр соңынан қал­май келеді. Академик Дархан Қыдыр­әлі Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қыз­ме­тін ғылыми, адами, саяси зерделеп, құ­жаттарды, деректерді пайдаланып ұлты­мыз­дың бірегей тұлғасының шынайы өмірбаянын жазып шықты.

Осы кітапты оқығаннан кейін жас­тар эммиграцияда жүріп ұлтқа қызмет істе­ген Мұстафа Шоқайдың тағдырын танитын болады.

Мені ерекше қызықтырған «Тамыр» кітабы болды. Мұнда бабаларымыздың Ұлы дала өркениетіндегі өшпес ізі көрініс тапқан. Еуразия кеңістігін­дегі Ұлы дала­ның әр тау-тасы ұлттың мө­ріндей белгі болып қалған.

Ұлы далада қандай тарих жатыр:

– Күннен жаралған сақтар;

– Скиф, сақ, усун-үйсін, кангуй-қаңлы, юәшжи, ғұн, динлин мемле­ке­тінің іздері;

– Есік қорғанындағы 26 таңбалы мәтін бар.

Оны атақты түрколог Алтай Аман­жолов төмендегідей оқыпты:

– Аға саған бұл ошақ!

Бөтен ел адамы тізеңді бүк!

Халықта азық-түлік мол болғай!

«Есік қорғаннан табылған ағаш тегене, ожау, құмыра, қыш ыдыстардан тыс, ежелгі Сақ көсемдерінің алтын әшекей­ле­ріндегі «қанатты жылқы», «қанатты барыс», «грифон» (тазқара), «архар», «тау­ешкі», «жолбарыс», «марал», «құс» бей­­не­­лері сол байырғы кезеңдегі мифтік дүние­­таным ерекшелігінің айқын көрі­ніс­­тері болып саналады», деп жазады Дар­хан Қыдырәлі.

Демек Ұлы дала өркениетінде сонау атам замандардан бері Геродоттың, Стра­бон­ның тарихи жазбаларында аттары аталатын скиф, сақ, ғұндардың біз заңды жалғасы әрі ұрпағы болып табыламыз.

Жоғалған тарихты Дархан Қыдырәлі түгендеп берді. Ол болашақ ғылыми зерт­теулердің алтын баспалдағы бола­ды. Кітаптың «Тамыр» деп аты айтып тұрғандай бұл қазақ тарихының ғасыр­лар­дағы созылған тамырының ізін кеседі.

Деректер мен дәйектер келтіріледі.

«Тарпаң мінген темірші түріктер» деп аталатын мақала да жүрегіңді селт еткізеді. Өйткені темір дәуірі - өркениет дәуірі ғана емес, тарихтағы аты шулы соғыстардың дәуірі. Ашығын айтсақ, темір дәуірі - Ұлы даланың тарихи ландшафтын мүлдем өзгертіп жіберді.

Дархан Қыдырәлінің мына пікірі соның айғағы секілді көрінеді. Назар аударалық. «...Ата-бабаларымыз Ұлы даланың құм-түзінде Тарпаңды алғаш қолға үйрету арқылы, атқа отыру, (үзеңгі, ауыздық, ер-тұрман жасады) мәдениетін қалыптастырса, ал металды игеру арқылы болат суарып, тау-тасты сарбаздардың жасағын құрды».

Иә, өз зерттеуінде Дархан Қыдыр­әлінің де әйгілі академиктер Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан зерттеулеріне сүйеніп, Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан аймақтары ежелгі дәуір­лерден металл өндіру ошақ­тары болғанын дәлел­дейтін ойы жердің топонимикалық атта­рымен бірлік­те қарастырады. «Қырық-шұ­рық», «Қалайы қазған», «Мың шұң­қыр», «Бес шұрық», «Кенқазған», «Жез­қазған», «Ұста», «Қара темір», «Теміртау» кеніш­­те­рі қола дәуірінен бас­талып, Орта ғасы­р­ға ұласып, одан кейін жалғасып келе жат­қа­нын айғақтайды.

Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жазбаларында «Ергенеқон» деген тіркес көп айтылады. Оның сыры неде? Бұған жауапты Дархан Қыдырәлінің осы кітап­қа енген «Ежелгі жұрт – Ергенеқон» зерт­теуінен таба аласыз. Бұл әлем өрке­ние­тін­де халық аңсаған арманнан шық­қан құт­ты мекен екен. Ол бірде «Өтүкен», «Жер­­ұйық», «Ерге­неқон», «Қызыл алма», «Жиделі-Бай­сын» атты түрлі атаумен атал­­са да, түпкі қазығы Бенгу ил – Мәңгі ел мұра­­ты­­мен ұштасып жатады деп ой түйеді автор.

«Жиделі-Байсыны», «Ергенеқоны бар» Мәңгі ел ұғымына келіп сияды. Ергенеқон – төрт жағын бірдей түгел тау жартастары қоршаған жазыққа берілген атау, дейді қазақтың атақты жазушысы Қойшығара Салғара.

Осы ойды Дархан Қыдырәлі дамытып, өз көзқарасын білдіреді. Түркі академиясы кезінде халықаралық экспедициясын ұйымдастырып, Ергенеқонды іздейді. Алтайдың үш мың метр биік­ті­­гіндегі Қарақаба жазығынан ІІ-VII ғасырлардағы қоныс аймағын табады. Шығыс Қазақ­стан­ның Катонқарағай аймағын тарихшы ғалым­дар осы Ергенеқон болуы мүмкін деп болжайды.

Дархан Қыдырәлі де осы ойды ұста­­на­ды.

Кітаптағы «Ұлы ғұн империя­сы»,­­ «Ба­­тыс ғұн империясы», «Алт­ын әулет-аши­на», «Ұлы түрік қаға­­наты», «Өрісті Өті­кен – «Киелі керу­­лен» тағы да басқа зерт­­теулер, өзі­­нің жаңа­шыл­дығымен, ғылы­ми аппа­ра­тының мықтылығымен ерек­шеленеді.

Батыс Еуропада соңғы ғасырда сірескен цитаталардан тұратын ғылыми зерт­теулер тоқтаған. Оның орнын ғылы­ми-танымдық зерттеулер басты. Сон­дықтан да Дархан Қыдырәлінің зерт­теу­лерінде сөз қасиеті мен құдіреті, тіл көр­кем­дігі ерекше көрінеді.

Дархан Қыдырәлі бірде «Тарихты тарих­шылар жазуы керек», деп еді. Ол дұрыс та шығар. Дегенмен тарихи таным, ұлт­тың жады туралы басқа да мамандар қалам тербесе тарихымыз байи түседі деп ойлаймын.

Бес кітапты алдағы жылы Қазақстан Респуб­ликасының ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынған жөн болар деп ойлаймын.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері