Кино • 03 Мамыр, 2024

Фильмнің өзегі – арнайы операция

217 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» ұлттық киностудия­сы түсірген «Набат операциясы» драмалық экшн-фильмі­нің тұсаукесері өтті. Шынайы оқиғаға негізделген тарихи туынды 1992 жылғы айтулы оқиғаны арқау етеді.

Фильмнің өзегі –  арнайы операция

Мәдениет және ақ­парат министр­лігінің тап­сы­рысы бойынша­ «Ұлттық киноны қолдау мем­ле­­кет­­тік орталығының» ІІМ қол­­дауымен бірлесе шынайы оқи­ға­ға негіздеп түсірген туынды­сы­ның қоюшы режиссері – Рашид Сүлей­ме­нов, қоюшы опе­раторы – Ернұр Рыспаев. Ал сценарий бойынша­ Ильхам Джалилов, Рашид Сүлей­ме­нов, Рустам Азаматов тер төксе, басты рөлдерді Бақыт Қажы­баев, Алексей Шемес, Әйгерім Жүнісова, Сергей Быхов, Динара Нығметуллина, Әнуар Қаратаев, Болат Әбділманов бас­та­ған актерлер ойнады. Фильмнің Астанада өткен алдын ала көр­се­тіліміне мемлекеттік органдар, киноиндустрия өкілдері, бас­ты­ рөл­дер­ді сомдаған әртістер қа­тыс­ты.

«Бұл рөл шығармашылық тәжірибемдегі өте күрделі рөл­дердің бірі десем, артық айт­қан­дығым емес. Өйткені мен кейіптеген бейненің жауап­кер­шілігі өте орасан, автобустың ішіндегі әрбір адамның өмірі тікелей осы кейіпкердің мойы­нында болды. Түсірілімге жан-жақты ізденіп, үлкен дайын­дық­пен келдім. Жалпы, қандай рөл болсын, актер үшін үлкен тәжі­рибе ғой. Сондықтан «Набат операциясының» менің кәсіби жолымдағы берері көп фильмнің бірі екені сөзсіз. Түсірілім тобына, фильмде бірге ойнаған әріп­тес­теріме алғысым шексіз. Бұл – бар­лы­ғымыздың ортақ ең­бе­гіміз», деп фильмде бас­ты рөлді ой­наған актер Бақыт Қажыбаев ай­тулы туын­ды туралы әсерін, ізденісін ортаға салды.

Актер атап өткендей, картина шы­найы оқиғаға негізделген, онда 1992 жылғы арнайы операция тура­лы баяндалады. Түрмеден қаш­­­­қандар автобус жолаушыларын кепілге алады. Оларды құқық қор­­ғау органы қызметкерлері құт­­қа­­рады.

«Картинаның авторлары­ өт­кен­ жыл­дардағы тарихқа көз жү­г­і­р­туді жөн көрді. 1992 жылы кезең­­дес­тіру кезінде қашып кеткен 6 тұтқын Шиелі стансасы ма­ңында қалааралық авто­бустың жо­лау­шыларын кепілге алған. Ұзақ келіссөзден кейін қарақ­шы­лар ұшақ талап етті. Бірақ нақты жос­парланған опера­цияның нәти­жесінде барлық қыл­мыс­кер­дің көзін жойды. Кепілге алын­ғандардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бұл бірде-бір адам­ жара­лан­баған әлемдегі бірін­­ші операция болды», дейді «Қазақ­­фильм» киностудиясының прези­денті Азамат Сатыбалды. Кино­студия басышысының айтуын­ша, атал­ған фильм – биыл Ұлттық кино­студия түсірген тұңғыш премьера.

«Жалпы, биыл тағы 9 фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Көрсетілімді «Набат операциясы» фильмінен бастадық. Кинотуынды 1992 жылғы оқиға туралы ғана емес. Көрер­мен фильмнен жақсылық пен жаман­дықтың күресін, адами қасиеттер мен батылдықтың айқын көрінісін көре алады», деді ол.

Атыс, шабыстың көптігіне қарамастан, «Набат операция­сы» құқық қорғау органы­ қыз­меткерлерінің көзсіз батыр­лығы мен операция туралы емес. Бұл – тағдырдың жазуымен осы автобусқа тап болған қарапайым кепілге алынған адамдардың өміріндегі 20 сағатқа созылған оқиға және адами қасиет­терінің айқын көрінісі.

«Қазір кино өнерінде үлгі боларлық қаһармандарды көр­сету, әсіресе патриотизмге бау­лу тұғырда тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­­сіздік бәрі­нен қымбат» атты ма­қала­сын­да отандық пат­рио­тизмді қа­лыптастыру мәсе­лесін ерекше алға тартты. «Набат операциясы» фильмі осы үдеден шығады, ол Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының көзсіз ерлігін дәріптейді. Орталықтың мақ­саты – осындай отандық фильм­­­дерге жа­ңа леп беру», де­ді «Ұлттық киноны қолдау мем­ле­кеттік орталығының» басқарма төра­ға­сы Құрманбек Жұмағали.

Фильмді 2 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.