27 Тамыз, 2015

Қасым-Жомарт Тоқаев: Халық бірлігі – Мәңгілік Елдің басты өсиеті

488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылСенат Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап кітап шығарды Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің Сенаты «Қазақ ханды­ғының 550 жылдығы – ұлттық тарихтың тағ­дыршешті кезеңі» ғы­лыми-тәжірибелік кон­ференциясының материалдарын жинақ етіп шығарды. Аталған ал­қалы басқосу Жоғарғы палатаның бастамасымен биылғы ақпан айында өткізілген болатын. Басылымда Қазақстандағы белгілі танымал саяси, қоғамдық және ғалыми қайраткерлерінің ұлттық тарихтың теориялық-тәсілдемелік, әлеуметтік-эконо­ми­калық және қоғамдық саяси мәселелеріне қатысты сөздері мен баяндамалары жинақталған. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын даңғазалыққа жол бермей, парасатты түрде атап өтуді үндегеніне назар аударды. «Қазақ халқының тереңнен тамыр тартатын бай мемлекеттілік тарихы бар. Мыңдаған жылдар бойы Қазақстан аумағы алуан түрлі өркениеттердің даму жолы тоғысқан мекен болды, мұнда халықтардың ұлы көштерінің іздері жатыр. Біздің ата-бабаларымыз кең-байтақ Еуразия даласын игерді, төл материалдық және рухани мәдениетін қалып­тастырды. Бұл бірегей мәдениеттің жетістіктері күллі әлемде, оның ішінде, БҰҰ-да мойындалып отыр», – деді Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаев атап өткендей, «ұлттық тарихымызда есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар – Керей мен Жәнібек ханның ерекше ерлігінің арқасында Орталық Азияда шаңырағы көтерілген хандық тұңғыш рет Қазақ атауына ие болды. Өз алдына жеке мемлекет пен дербес ұлт пайда болды. Сондықтан да қасиетті қазақ жерінде негізі қаланып, бүгінде егемендігіміздің берік іргетасына айналған Қазақ хандығының сан ғасырлық мемлекеттілігімізден алатын орны айрықша». «Біз тәуелсіздіктің қанша­лықты қиындықпен келгенін жете түсінеміз. Бұл жолда қазақ халқы ұлы жеңістердің даңқын да, ауыр жеңілістердің қасіретін де бастан өткерді. Мұндай үздіксіз күрестегі тарихи тәжірибе «Мәңгілік Елдің» басты өсиеті – халықтың амандығы жолындағы бірліктің сөзсіз маңыздылығын анық көрсетеді. «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының өзектілігін діндер, мәдениеттер, өркениеттер арасындағы соқтығысу салдарынан туындап отырған қазіргі әлемдік қақтығыстар да растай түседі. Осындай күрделі ахуалда Қазақстан Көшбасшысы жаһандану жағдайында, оның барлық ерекшеліктері мен күр­делілігіне қарамастан, еліміздің ұлттық мүдделерін сенімді қор­ғай алатын мем­лекеттік сая­сат құра алды», –деді Төраға. Қ.Тоқаевтың пікірінше, «қа­зір­гі жаһандық тұрақсыздық ахуалында тарих ғылымы барша халықтардың басын біріктіруі тиіс. Мұны барлық ұлттардың мәдениеттері мен халықтардың өткен тарихы тең құндылыққа ие екендігі тұрғысынан тү­сіну маңызды. Бір мәдениет екінші мәдениеттен жоғары тұра алмайды, бір халықтың тарихын айрықша ерекшелеп қарауға, сондай-ақ, басқа халықтардың тарихы, әдет-ғұрыптары мен тіл­деріне менсінбеушілік танытуға болмайды. Бөтен, тіпті, жат немесе нашар тарих болмайды». «Тарих пәнінің міндеті – жас ұрпақты өткеніміздің жарқын жолын құрметтеуге және ата-бабаларымызды мақтан етуге тәрбиелеу. Отан тарихын білмей, патриот болу мүмкін емес. Сонымен бірге, жастар бей­бітшілік пен келісімнің әмбебап, баламасыз құндылық екенін де түсінуге тиіс», – деді Сенат Төрағасы өз баяндамасында. Конференция материалдары­ның жинағында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижановтың, халық жазушысы Әбіш Кекіл­баевтың, халықаралық «Семей-Невада» ядролық қаруға қарсы қозғалысының жетекшісі Ол­жас Сүлейменовтің, Мемлекет қай­раткері Мырзатай Жол­дасбековтің, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ер­лан Сыдықовтың, атақты археолог Карл Байпақовтың, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшелері Бере­кет Кәрібаевтың, Мәмбет Қойгелдиевтің және Меруерт Әбусейітованың, IV және V шақырылымдағы Сенат депутаты Анатолий Башмаковтың, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның, Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмековтің, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасованың, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғановтың және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлінің баяндамалары бар. Конференцияның қоры­тындысы бойынша мемлекеттік органдарға, ғылыми қауымға, қоғамдық ұйымдарға және бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ұсынымдар қабыл­данды. Олар ұлттық тарих­тың ұлттық-қолданбалы зерт­теулеріне, кітаптар шығаруға, қазақстандықтардың тарихи санасын дамытуға, студенттер мен мектеп оқушыларының арасында тақырыптық конкурстарды өткізуге, тарихи нысандарды жария ету мақсатында оқу-тәжірибелік саяхаттар жасауға, әдебиет пен өнерде Қазақ хан­дығының тарихын бейнелеу­ге, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі мәдени таныстыру бағдарламасы аясында ұлттық тарих көрмесін ұйымдастыруға қатысты болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.