21 Мамыр, 2015

Мемлекеттік хатшы БҰҰ Даму бағдарламасының жетекшісімен кездесті

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Akorda 01АСТАНА. 21 мамыр. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Даму бағдарламасының жетекшісі Хелен Кларкпен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Кездесу барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, сондай-ақ, оны еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы жағдайында кеңейтудің келешегі талқыланды. Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасында қалыптасқан орнықты серіктестік қарым-қатынасқа тоқталып, кедейшілік пен жұмыссыздықты, ана мен бала өлімін төмендетуді, тұрақты дамуды, қоршаған ортаны жақсартуды, АИВ/ЖИТС және туберкулездің алдын алуды, гендерлік теңдікті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қоса қамтитын мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды жобаларды іске асыруға техникалық жәрдем жасағаны үшін ризашылығын білдірді. Даму бағдарламасымен ынтымақтастық Қазақстанның заңнамасы мен іс тәжірибесіне БҰҰ-ның жоғары стандарттарын және халықаралық үздік тәжірибені ойдағыдай енгізу ісіне өз үлесін қосты. Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы 2016-2020 жылдарға арналған серіктестіктің негіздемелік жаңа бағдарламасы «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты және Мемлекет басшысының бастамасы – 5 институционалдық реформаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге мүмкіндік туғызатынына сенім білдірді. Біздің жетістіктеріміз халықаралық рейтингтер арқылы да айқын көрініс тауып отыр. Қазақстан тірі туған әр 1000 сәбиге қатысты алғандағы ана өлімі деңгейін 1999 жылғы 55-тен 2013 жылғы 12,6-ға дейін 3 есе төмендету арқылы Мыңжылдық дамудың бесінші мақсатына (МДМ) қол жеткізді. Бұған дейін кедейшілікті азайту, бастауыш білімге қолжетімділік және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөнінен Мыңжылдықтың бірінші, екінші және үшінші даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізілген болатын. 2013 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстан ұлттық әл-ауқат деңгейінің халықаралық рейтингінде 47-орын иеленіп, ТМД-ның барлық елдерінен озып шықты. Білімге тең қолжетімділік қамтамасыз етілді. ЮНЕСКО мәліметіне сәйкес, білімнің даму көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемнің 129 елі арасында 4-ші орынды иеленді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа жобаларды тиімді іске асыру мақсатында белсенді ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын назарға алды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.