Қазақстан Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков Ақтауда шығатын «Не хабар» газетіне берген сұхбатында тап осылай деді.
Белгілі қыпшақтанушы ғалымның айтуынша, егемендік алған жылдардан кейінгі кезеңде қазақтар арасында тарихи сезімді қалыптастырудың әлі олқы түсіп жатқан жақтары бар. Осы тұрғыдан алғанда, Отпан таудағы бас қосу тамаша үлгі деген тарихшының пайымынша, екі жарым мың жылдық тарихы бар қазақ мемлекеттілігі үшін көшпелі дәуірдің қағидаттары мен құндылықтарын терең тану аса маңызды болуы тиіс.
Мемлекеттіліктің тамыры - қазақтың көшпелі дәстүрі
- Болат мырза, соңғы кездері қазақ хандығының құрылуына байланысты ғалымдардың пікірі сан-саққа жүгіріп жатыр. Кейбір ғалымдар Қазақ хандығы XV-XVI ғасырдан әрірек құрылуы мүмкін дегенді айтады. Бұған Сіз не дейсіз?
- Бұл жерде бір нәрсені айыра білу керек. Мемлекеттің тарихы және мемлекеттіліктің тарихы. Мемлекет бір-екі ғасыр жасауы мүмкін. Ал мемлекеттілік дамыған, тамыры көнеден бүгінге дейін қалыптасып, дамыған дүние. Қазақ хандығы XVI ғасырда құрылды. Кейін, XIX-ғасырда Ресей империясы хандықты өзіне қосып алғаннан кейін, мемлекет жойылды. Бірақ, мұның тамыры мемлекеттілік. Мемлекеттіліктің тамыры - қазақтың көшпелі дәстүрі. Ол сонау сақ қоғамынан басталады. Өйткені, сақ қоғамы бір мемлекеттен екінші бір мемлекетке ауысып отырған. Мұның барлығы даму процесі. Қазақ хандығы бұдан әрірек құрылуы мүмкін деп жүргендер мемлекеттілік пен мемлекет арасындағы ұғымды ажырата алмай жүргендер деп ұғыну керек болар. Ал, қазіргі таңда қазақ хандығының құрылуын көптеген зерттеушілер Шыңғысханмен байланыстырады. «Моңғол империясы болмаса, Қазақ хандығы құрылмайтын еді», «Шыңғысханның үлесі» деген пікір айтып жүргендер бар. Меніңше, қазақ хандығының құрылуы тікелей Шыңғысханмен байланысты емес. Әрине, Шыңғысханның хандықты құруға әсері болды, оны мойындау керек.
Бірақ оның түбі әріде жатыр. Шыңғысханға дейін біздің жерімізде Қыпшақ хандығы болды. Бұл хандық - көне түрік дәстүрін жалғастырып, дамытқан мемлекет. Шығыста Ертістен, батыстан Қара теңіз, Дунайға дейін билік құрды. Бұл мемлекет шығыс және батыс деп екіге бөлінді. Шығысы Қазақстанның, батысы қазіргі Ресейдің жерінде орналасты. Билікте шығыстағы хандар отырса, батыс тарап бағынып отырды. Ал Шыңғысхан келгеннен кейін, қалыптасып келе жатқан Қыпшақ елін басып алды. Тарихта «егерде» деген сөзді қолдану жараспайды. Тарихта «егерде мынадай болса, қалай болар еді?» деп болжам жасауға болмайды. Бірақ «егер Шыңғысхан болмаса, онда не болатын еді?» деген сауалды қойып көрейікші. Ал егер Шыңғысхан болмаса, біз бәріміз қыпшақ болар ма едік?! Өйткені, біздерден шетелдіктер сұраса, біз «қазақпыз» деп жауап береміз. Ал, ел ішіндегі адам «кімсің?» деп сұраса біз руымызды, оның ішінде кім екенімізді айтамыз. Тура осындай жағдай XII ғасырда пайда болған. Сырттан сұрағандарға «біз қыпшақпыз» деп жауап қайтарса, ал ішінен сұрағандарға «қарлұқтарымыз, қаңлылармыз» деп жауап қайтарған.
Шыңғысхан бұл жүйенің быт-шытын шығарып, қыпшақтарды тарыдай шашты. Өйткені, Шыңғысхан батыста өзіне қарсы тұратын күш қыпшақтар екенін білген. Сол себепті жаулап алып, билігін орнатты. Кейін, XIII ғасырда Шыңғысханның мемлекетінің ішінде билік үшін күрес басталды. Бұл келген моңғолдар мен қыпшақтардың текетіресі. Бұл күрес XIII ғасырдың аяғында мемлекет қарамағындағы қыпшақтардың жеңісімен аяқталады. Бұрынғы қыпшақтардың дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті, тілі қайтып оралды. Шыңғысханнан кейін пайда болған мемлекет – Ақорда болды. Бұл мемлекеттің ерекшелігі - билікте Шыңғысхан ұрпақтары болса, төменгі орындарды қыпшақтар алды. Қазақ хандығы Ақорданың негізінде пайда болды. Яғни, билік Шыңғысхан ұрпақтарында болғанымен, қалған ішкі жүйенің барлығы қыпшақтардың жүйесі, салт-дәстүрі негізінде жүрді.
«Ауыз әдебиетімен сусындап өскен адамның жады ерекше болады»
- Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға биыл бюджеттен 23 млрд. теңге қарастырылып отыр. Мерекені тойлау жоспары да жасалды. Бірақ, одан қандай нәтиже күтуге болады?
- Қазақ хандығының тарихын ғылымиландыруымыз қажет. Өйткені, Қазақ хандығының құрылуы және өмір сүру кезеңінде талай шешілмеген, анықталмаған мәселелер мен деректер бар. Басты нәтиже осы болуы керек. Ғылыми конференцияларда сол шешілмей жатқан мәселелер мен қазақ хандығының ерекшеліктеріне, мемлекеттілігімізге мән беруіміз қажет. Оның түп тамырын зерттеуіміз маңызды. Хандықтың құрылу себептеріне, ахуалдарына мән беруіміз керек. Ғалымдар елге, ұжымдарға шығып, ауылдарға барып, Қазақ хандығы туралы тарихи-түсінік жұмыстарын жүргізу керек. Бұл халықтың тарихын, өткенін білуге ықпал етеді. Қазақта «өз тарихын білген ел ешқашан жеңілмейді» деген аталы сөз бар. Тарихын біліп, оны қуаттап отырса, ешкімге бір уыс жерін бермейтін болады.
- Жақында тұрғындар арасында қазақ хандығының 550 жылы туралы сауалнама жүргізген едік. Сауалнама хандықтың құрылуы, кімдер құрғандығы туралы қарапайым сұрақтардан тұрды. Оған жауап берген респонденттердің 50 пайызы қазақ хандығы туралы қарапайым деректерді білмейді. Жалғыз насихатпен неге қол жеткізуге болады?
- Бұл үшін балаларға, студенттерге арнап жақсы ғылыми оқулықтар жазу қажет. Әлі күнге дейін біздің тарихымызбен тікелей байланысты көшпелі қоғамның ерекшеліктері зерттеліп жатқан жоқ. Соның салдарынан көшпелі қоғамның мәдениеті, өркениеті төмен болды деген пікірлер қалыптасып барады. Мәселен, ру-тайпалық жүйе, ауызша әдебиет соның дәлелі. Көшпелі қоғамда қалыптасқан ауыз әдебиетімен сусындап өскен адамның жады ерекше болады. Мұны орыстың зерттеушілері мен жазушы классиктері кезінде былай деп жазып кеткен: «Орыс крестьяндары жұмысты керемет жасайды, бірақ екі сөздің басын қоса алмайды». Біздің қазақтағы шешендік өнер көшпелі қоғамнан қалыптасқан деуге болады. Батырлық жырлар мен эпостардағы махаббат лирикасын алыңыз. Сөз бен ойдың мәдениеті көшпелі қоғамда болғандығының бір дәлелі, міне, осылар.
- Қазақ тарихының әлем сахнасындағы орны анықталып, бекітілуі керек деп жүрген ғалымдардың бірісіз. Ол үшін не істеу керек?
- Әлем сахнасында қазақ тарихын мойындау үшін біздің ғалымдарымызға жоғары сауаттылық керек. Тарихшының жұмысының нәтижесі - келтірген салмақты дәлелінде. Ал сөзің мен ісің дәлелді болу үшін ізденіс, сауаттылық, білімділік қажеттілігі айтпаса да түсінікті жағдай. Шет елге шыққан ғалымдарымыз бірнеше тілді меңгеріп, өзге шет елдегі әріптестерімен үзеңгілес болуы, өзі зерттеп жүрген елдердің тарихын терең білуі тиіс. Мәселен менің зерттеп жүрген салам - қыпшақтану саласы. Тарихи зерттеулерге қыпшақтану саласын енгізгенде бүкіл әлем қазақ даласында бір кездері ең дамыған мемлекет болғандығын мойындады. Ғалымдарымыздың мойындата білуді мақсат тұтқаны дұрыс.
«Байқасақ, біз қыпшақ тілінде сөйлейміз»
- Қыпшақтану саласында бөлісетін жаңалығыңыз бар ма?
- Жалпы, бұрын тек қана қыпшақтану қыпшақтармен біткен еді. Мен бірте-бірте зерттей келе, қыпшақтану үш тайпалық бірлестіктен тұрады деген шешімге келдім. Олар: қыпшақтардың өздері, қыпшақ тілдес қимектер, өздерінің этникалық бет-пішіні болған құмандардан тұрған. Бұл деректерді мен араб жазбаларынан кездестірдім. Бұл жазбалардағы деректер бізге жаңа идея, тұжырымдардың туындауына әкеліп отыр. Қазіргі таңда қыпшақтану саласын үш ғылыми бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші бағыт - түрік әлеміндегі қыпшақ элементтерін зерттеу. Байқасақ, біз қыпшақ тілінде сөйлейміз, Қазақ хандығы Қыпшақ хандығының негізінде құрылған. Ауыз әдебиетіміз де қыпшақ дәуірінен сыр шертеді. Содан кейін қазақтардың түр-әлпеті XI-XII ғасырларда, яғни қыпшақ дәуірінде қалыптасып біткен. Қыпшақтарды қаншалықты зерттесек, біз қазақтарды соншалықты зерттегендей боламыз.
Бұл бағыт тікелей түрік әлеміне байланысты. Екінші бағыт – мұсылман әлемі. Қыпшақтар Мысыр мен Сирия жерінде үлкен мемлекет құрған. Мәмлүк мемлекеті деп аталды. Араб әлемі қыпшақтармен мақтанады. Үшінші бағыт - Шығыс Еуропа елдерінің тарихына үлкен өзгерістерімен, жаңалықтарымен келген мемлекет - Қыпшақ хандығы болды. Ресей, Украина, Польша, Словакия, Литва, Әзербайжан сынды мемлекеттердің тарихына әсерін тигізіп отырды. Осыған байланысты бұл бағыттан да жаңалық ашуымыз мүмкін деген оймен жұмыс жасап жатырмыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Рысгүл Рамазан.
«Не хабар?!» газеті, №13 (73) 1 сәуір, 2015 жыл.