Елімізде алғаш рет Қазақстанның Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен “SocіalCamp Astana-2010” үкіметтік емес ұйымдар үшін бейресми конференция өтті.
Қоғамның өркениетке қарай қадам басқан көшінің жылдам жүруіне әркім де үлесін қоса алады. Оған деген ықылас-пейілі бар жан ҮЕҰ-дар аясында атқарылып жатқан істерге селқостық танытпаса, онда белсенді азаматтардың жігерімен тау қопаруға да болады, – деді конференцияға қатысушылар.
“SocіalCamp” – Қазақстанда осындай пішінде өтіп отырған бірінші әлеуметтік іс-шара. Оның жұмысына еліміздегі көптеген ҮЕҰ-лармен қатар, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан да өкілдер келіпті. Шараны ұйымдастырушылар оған қатысуға елдің белсенді ҮЕҰ-ы мен барша қоғамдық ұйымдардың шақырылғандығын, нәтижесінде жиналған топтың қарасына көңілдері толғандығын білдіріп жатты.
“SocіalCamp Astana-2010-ның” мақсаты – қоғамдық секторды дамытуға жаңа екпін беру және жуыр арадағы үш жылға арналған оның жұмысының негізгі трендтерін белгілеу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Қазақстан халқына Жолдауында ҮЕҰ-ларға үлкен мән берді. Қоғамдағы белсенділік пен азаматтық позицияның әрбір өңірдегі мемлекеттік қызметтің мониторингіне араласуына, индустриялдық жобалардың жүзеге асуына қоғамдық бақылау жасауына, әрбір құқық қорғау органының есептік жүйесі мен қызметін бағалауды жетілдіру және саяси реформалардың маңыздылығын халыққа жеткізу ауадай қажеттігіне тоқталды. Бұл – біздің мемлекетіміздің дамуына аса қажетті істер, сондықтан әрбір белсенді жан, менің азаматтық ұстанымым елдің көркеюіне жұмыс жасап, соған өз шама-шарқымша үлесімді қосуым керек деуі қажет, – деді ҮЕҰ өкілдері.
Қазақстанда демократиялық үдерістерді тұрақты дамыту үшін бар ресурстар мен мүмкіншіліктерді тиімді пайдалану мақсатында азаматтық қоғамның күштерін біріктірудің маңызы зор. Қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде елдің өкілеттік және атқарушы органдармен тиімді өзара қарым-қатынаста және ынтымақтастықта болуы өз жемісін беруде. Жылдан жылға ҮЕҰ-ларға мемлекет тарапынан әлеуметтік тапсырыстар тізімі жасалынып, оған қаражат бөлу көлемі де ұлғая түсуде.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Айгүл Соловьеваның айтуынша, биылғы жылы ол сома 1 млрд. 200 млн. теңге шамасына дейін өскен.
– Алайда, ҮЕҰ-дардың барлығының белсенділігі бір деңгейде емес, – деді Азаматтық альянс жетекшісі. – Кейбіреулері арнайы тапсырыс мақсатында ғана құрылып, ол аяқталған соң жабылып қалып жатады. Егер елімізде 9 мыңға жуық ҮЕҰ тіркелсе, мониторинг жасау барысында олардың тек 1 мыңнан астамы ғана тұрақты жұмыс істейтіні анықталды. Бұл – азаматтық қоғамды әлі де дамыта түсу қажеттігін көрсетеді. Сол себептен қазіргі уақытта Азаматтық Альянс ҮЕҰ секторын дамытуда, ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттерін, сондай-ақ елдің және қоғамның дамуына азаматтық қатысуды белсенділендіру саласында жаңа жобалармен жұмыс істеуді қолға алды. Біздің елімізде билік пен азаматтық қоғам арасында үнқатысу қалыптасты. Елбасының өзі қатысатын Азаматтық форум мінберлерінде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатады, ал бұл басқосу тек үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің шарасы. Осындай жүздесулерден біз алға қояр міндет, мақсаттарымызды айқындаймыз, сондықтан бұл өте қажет те тиімді шара.
Бейресми өткізілген осы шараның ерекшелігі – онда мінбеден ресми хабарламалар жасалынған жоқ. Әрбір қатысушы іс-шараны ұйымдастыруға өз үлесін қосып, қандай да бір проблемаларға бастамашылық көрсетті, пікірталасқа белсене қатысып отырды. Осының өзі ҮЕҰ-лар табиғатын аша түскендей. Айталық, фандрейзинг мәдениеті, сектордың кадрлық проблемалары, әлеуметтік проблемаларды шешу және халықпен жұмыс істеу бойынша басқосуға қатысқандар бір-бірімен қызу пікір алысып жатты.
Бұл жолы конференцияға қатысушыларды тіркеу жаңаша жүргізіліпті, яғни олар толықтай электронды әдіспен тіркелді. Бір-бірінен айнымай өткізіліп жататын дөңгелек үстел басындағы әңгімелердей емес, ҮЕҰ-лар өткізген осы шара сонылығымен ерекшеленді. Қатысушылар орнында отырып-ақ бір-бірімен танысуға мүмкіндік алды. Еркін ой алмасу тыңдаушыны жалықтырмады.
– Соңғы 10 жылда елімізде ҮЕҰ-лар қарапайым адамдарға әсер ететін шағын мәселелерге көңіл аударуды үйренді. Енді, міне, осы тәжірибені бөлісетін уақыт жетті. Және тәжірибе алмаса отырып, жаңа бағыттардың, жаңа идеялардың жүзеге асуына қоғамның белсенді мүшелерін жұмылдыра алсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – деді “Қазақстанның Азаматтық альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің Азаматтық қатысу бағдарламасының директоры Сабина Дүйсекеева.
Шара аясында Socіal Іdeas Market әлеуметтік жобаларының жәрмеңкесі де өткізілді. Онда ең үздік деп танылған жоба 3000 доллардың грантын иеленеді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана.