02 Сәуір, 2015

Ақтөбеде Елбасы көпсалалы аурухананы аралап көрді

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

0000-nazarbaev-11

АҚТӨБЕ. 2 сәуір. Бүгін Ақтөбе жеріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламаға сай облыстық көпсалалы аурухананы аралап көрді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аурухана аумағында Елбасына облыстағы денсаулық сақтау саласының даму барысы туралы есеп берілді. Осы жерде Мемлекет басшысы емдеу орнының жұмысымен танысып, ұжым мүшелерімен және облыстың медицина қызметкерлерімен жүздесті. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев аурухананың жаңа ғимаратта орналасқанын, заманауи құралдармен жабдықталғанын атап өтті. «Көп нәрсе енді сіздерге байланысты. Егер өз жұмыстарыңызды сапалы атқарып, қолда бар жабдықтардың мүмкіндігін толық пайдаланатын болсаңыздар, халық денсаулығын жақсартуға зор үлес қосасыздар. Біздің елімізде денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлініп отыр, Қазақстан жан басына шаққанда бұл салаға бөлінетін қаражат көлемі жөнінен дамыған елдер деңгейіне таяп келеді. Республикада соңғы 20 жылда мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Халық отандық медицинаға сенім арта бастады, ал көрші елдердің азаматтары емделу үшін бізге келетін болды», – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев медицина қызметкерлеріне табыс және бақ-береке тіледі. Аурухана қызметкерлері Қазақстан Президентіне республикада денсаулық сақтау саласын дамытуға, біліктілікті арттыруға және тәжірибе алмасуға қажетті жағдай жасалғаны үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы жақсы баға берген 320 төсектік аурухана «100 мектеп және 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Мекеме халықаралық стандартқа сай бой көтеріп, заманауи диагностика және емдеу құралдарымен жабдықталған. Аурухана құрылымындағы 29 бөлімшенің эндокринология, отоларингология, урология, қан тамырлары хирургиясы, гипербориялық оксигенация деп аталатын 5-еуі облыстағы бірден-бір орталық болып табылады. Қазіргі таңда мұнда 104 дәрігер (соның 55-і біліктілік санаттарына ие), 283 орта медициналық білімі бар мамандар жұмыс істейді. Сатыбалды Сәуірбаев. Мәнбе: egemen.kz.