Поселкедегі аурухана дәрігерлерінің мәліметінше, 2008 жылы Құсмұрында 11 адам қатерлі ісікке шалдықса, өткен жылы олардың саны 20-ға жеткен. Ал биылғы жарты жылда 15 адам қатерлі ісікпен ауырған.
Құсмұрын шоқысы, Құсмұрын көлінің айналасы ғажап табиғатымен ғана емес, тарихымен де еліміздің бір қасиетті жері саналады. Шыңғыс Уәлиханов сұлтандық құрған бұл жерде Шоқанның балалық шағы өткен. Шоқанның су ішкен Ортабұлағы әлі ағып жатыр, Құсмұрын көлі жарқырайды. Мұнда “Қызыл кітапқа” кірген өсімдіктер, ағаштар өседі. Темір жолдың өтуіне байланысты бұл жер тоғыз жолдың торабы. Құсмұрын – шойын жол бойындағы ірі бекет.
Қазір осы Құсмұрын кенті тұрғындарынан маза кетіп тұр. Себебі Қостанай облысы аумағында сақталған сүңгуір қайықтың үлкен көлемдегі бөлшектерін Құсмұрын поселкесінің іргесіндегі еңбекпен өтеу колониясында жоюға тұрғындар үзілді-кесілді қарсы шықты. Бөлшектер артылған “КамАЗ” көлігін түрме ауласына кіргізбей қойды. Қарағандыдан келген мамандар сүңгуір қайықтың бөлшектерін арнайы пеште жоғары градуспен өртеп жібергеннен адам денсаулығана келетін ешқандай зиян жоқ деп түсіндірген. Алайда, мамандардың халықпен кездесуі туралы хабарландыру көшеге олар келген күні ғана ілінгендіктен оны тұрғындар көріп үлгермеген. Ертеңіне поселкелік округ кеңсесінің алдына жүз қаралы адам жиналып, сол жерде бастамашыл топ құрып, жергілікті әкім Михаил Харченкодан мәселенің мән-жайын түсіндіруді талап етті. Құсмұрында зиянды қалдықтардың жағылуына 200 шамасындағы түрме қызметкерлері де қарсы. Олардың кәсіподағы белсендісі Светлана Лебедеваның айтуынша, жазасын өтеп отырғандар да қалдық жағатын пештің түрмеде тұруына, түтін жұтуға наразы екендіктерін айтқан.
Әулиекөл ауданындағы әскери бөлім аумағында 250 мың В-64 бұйымдары Кеңес Одағы кезінен сақтаулы тұр. Пайдалану мерзімі өткен, ескірген бұл заттарға әскерилер алушы таппаса керек. Ал ол орман ішінде орналасқандықтан, от тисе, зардабы да ауыр болады. Жыл басында Қостанайда табиғат қорғау, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрлігі өкілдері жиналып, осы зиянды қалдықтың көзін қалай жою керектігі жөнінде кеңескен болатын. Сонда Қарағандыдан келген мамандар В-64 заттарын Құсмұрындағы түрме ауласында жоғары температураға төтеп беретін пеште өртеуді ұсынады. Мамандар адам денсаулығына мұнан келетін зиянның жоқтығын және қалдықты әскери бөлімшеден Құсмұрынға тасып жеткізудің де оңайлығын көлденең тартқан. Бірақ жергілікті тұрғындар қарсы. Бастамашыл топ өкілдері әскерилер халық үніне құлақ аспаса, барлық деңгейдегі билікке, тіпті халықаралық ұйымдарға шығамыз дегенді айтып отыр. Олардың дәйегі – экологтар түрме аумағына кәдімгі шприцті өртеуге болмайтынын ескерткен, ал сүңгуір қайық қалдықтарын жағудың онан да зор зардабы болары сөзсіз.
– Қалдықтарды жойып отыратын арнайы полигондар бар емес пе? Мұнда адамдар тұрып жатыр, Құсмұрын маңында радиация мөлшері онсыз да жоғары. Поселке оқшау, жеке тұрған жоқ, айналамыздың барлығы елді мекендер. Мен өзім округімдегі тұрғындардың мазасыздануын түсінемін, – дейді Құсмұрын поселкелік округінің әкімі Михаил Харченко.
Айтқандайын, поселкедегі аурухана дәрігерлерінің мәліметінше, 2008 жылы Құсмұрында 11 адам қатерлі ісікке шалдықса, өткен жылы олардың саны 20-ға жеткен. Ал биылғы жарты жылда 15 адам қатерлі ісікпен ауырған.
Жергілікті баспасөз құралдары таратқан мәлімет бойынша, Қорғаныс министрлігі қалдықтарды жою ісіне тендер өткізген. Одан ұтып, Құсмұрынға алып-ұшып келген қарағандылық фирмаға қаржының біразы төленіп те қойса керек. Ал ескірген бөлшектердің дәл Құсмұрында жойылуына жергілікті тұрғындар жол бермейміз деп отыр. От пештің ішінде емес, сыртында жанып жүрмесін деңіз...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.