Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында “Нұрсұлтан Назарбаев — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті” атты кітап көрмесі ашылды
Елбасының мерейтойына орайластырылған көрме мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өмірі мен саяси қызметі жайындағы Ұлттық кітапхана қорындағы отандық және шетелдік басылымдарды кеңінен таныстыру. Бұл көрмені Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарының тарихи шежіресі десе де болғандай.
Негізінен жеті бөлімнен тұратын көрмеге қазақ, орыс және шет тілдеріндегі 1 мыңнан астам басылым қойылып, оларда Елбасының өмір жолы: жастық шағы, есейіп, еңбекке араласқан жылдары, саяси және қоғамдық қызметі қамтылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы туралы әлем саясаткерлерінің ой-пікірлері, ақын-жазушылар шығармаларының топтамалары бар.
“Менің Қазақстаным” атты бөлім Тәуелсіз Қазақстанға арналып, ондағы құжаттар еліміздің қысқа мерзім ішінде жүріп өткен жолын, тарихи оқиғаларды суреттесе, екінші бөлім “Н.Назарбаевтың еңбектері” деп аталып, Елбасының кітаптары, баяндамалары мен сөздері, жолдаулары мен үндеулері, сұхбаттары мен мақалалары, құттықтаулары қамтылған. Олардың ішінде әр жылдары жарық көрген “Әділеттің ақ жолы”, “Тәуелсіздігімізге бес жыл”, “Ғасырлар тоғысында”, “Тарих толқынында”, “Еуразия жүрегінде”, “Қазақстан жолы”, “Сындарлы он жыл”, “Қалың елім қазағым”, т.б. кітаптары қойылған.
Келесі “Өмірі мен қызметі” бөлімінде Елбасының өмірбаяны, оқыған жылдары мен еңбек жолының басталуы, Қазақстан Республикасы Президентін сайлау және ұлықтау, халықаралык наградалар мен кұрметті атақтары туралы әдебиеттер бар. “Мемлекет және Президент” бөлімінде президенттік билік пен мемлекеттік басқару, заңдық-құқықтық саясат, Конституция туралы әдебиеттер көрсетілген.
“Ішкі саясат” бөлімінде Елбасының әлеуметтік-экономикалық саясаты, оның “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы және Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларымен, Қазақстан өңірлеріне жасаған жұмыс сапарларымен, Астана қаласын дамыту туралы материалдармен, сондай-ақ елімізде тұратын этностардың жарасымды достығы мен ынтымақтастығы жөнінде жүргізіп отырған саясаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы материалдармен танысуға болады.
Ал “Сыртқы саясат” бөлімінде таяу және алыс шетелдермен халықаралық қатынастар, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Еуразиялық одаққа қатысу, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жайлы материалдар ерекше орын алады. Қорытынды бөлімде Президенттің Ұлттық кітапханада болғаны туралы материалдар жинақталған.
Сондай-ақ көрмеге келушілер “Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті” атты электрондық кітапханадағы 1993 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан мәліметтер базасына кірген Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы 16620 библиографиялық (қазақ тілінде – 7011, орыс тілінде – 8304, шет тілдерінде – 1305) мәліметтермен және жазбалармен де таныса алады. Ол жыл сайын жаңа ақпараттармен толықтырылып отырады.
Көрмеге келушілер Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Астана күніне және Елбасы Н.Назарбаевтың 70 жасқа толу құрметіне арналған “Елбасы. Тәуелсіздік. Алматы” атты фотошежіре кітабымен де таныса алады. Баршаға аян, ел тәуелсіздігіне тиянақ болған барлық істің бастауы Алматыда басталды. Тәуелсіздігіміздің тұсауы Алматыда кесілді. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны, төл теңгесі де Алматыда дүниеге келді. Тәуелсіздігіміздің жеті жылғы тамыр жаю жолы Алматыда қалыптасты. Елбасымыздың: “Алматы – біздің Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мемлекеттігіміздің алтын діңгегі”, деуі де сондықтан болатын. Бұл құнды сыйлық “Алматы ақшамы” газетінің жанынан “Алматы ақшамының” кітапханасы” сериясы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен “АRNА-В” баспасынан шығып отыр. Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында кітапты “Азаматтық бастамалар орталығы” қоғамдық бірлестігі шығарды. Жоба авторы – “Алматы ақшамы” газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай. Көрме үш ай жұмыс істейді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.