24 Шілде, 2010

Барыс жылы туған қыз

791 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бүгінде мамандықтың неше алуан түрі бар. Соның ішінде ұйықтап тұрсаң, ұмытып қалатын мамандық та бар. Ал ой еңбегі, шығармашылық жұмыс қашанда ауыр. Тігіншілікті, етікшілікті оқып үй­ренуге болар, ал ақындыққа, жазу-сызуға, өнерге кездейсоқ адамның келуі не­ғайбыл. Өйткені, бұл Алладан бұйы­ратын сыбаға. Мәселен, журналист ма­ман­дығы. Ол уақыт талғамайды, тоқ­тауды білмейді. Сол уақыт арасында көре, ести, жаза білуің керек. Яғни, ойға да, қырға да, үйде де, түзде де ілесіп, ой жетегінде жүргенің. Ал жазудың үлкен-кішісі жоқ. Мақала астында қолтаңбаң тұрған соң, оған үлкен жауапкершілікті қосыңыз. Ең бастысы, мұнда жынысқа бөлу жоқ. Сен әйел екенсің, ана екенсің деген болмайды. Талап бір. Содан да шығар, бұл кәсіпке келген нәзік жандылардың, оның ішінде қазақ қыздарының арасын­да осы мамандықтың қыр-сырын мең­геріп, ыстығы мен суығына төзіп, қы­зығы мен шыжығына бар саналы ғұ­мырын сарп еткендер көп емес. Солар­дың бірі – қаншама жылдар бойы қолындағы қасиетті қаламын ту етіп ұстап, журналистиканың майын ішіп, маңызын жеген, оқығаны да сөз, то­қығаны да сөз, жиғаны да, тергені де сөз Күмісжан Байжанның ақын болмаса да ақынға жақын болмауы мүмкін емес еді. Өйткені, ол қызыр дарып, бақ қон­ған, ақындар мен батырлар елі деген атқа лай­ықты, жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жам­был, олардың өкше басарлары – Өтеп, Әбдіғали, Үмбетәлі, Әсімхан, Әлім­құл, Нұрғиса, Әсет, Балғабек, Сейдахмет сияқты қара өлеңнен қазан қайнатып, өрнек сөзден өрмек тоқыған өңірде кіндік қаны тамып, туып-өсті. Ұшар басы – мұз, балағы – көкорай шалғын, бұлағы сылдыраған, құрағы балбыраған көз тартар Алатаудың сілем­дері, ән мен жырдың көрігіне айналған Майтөбе мен Суықтөбе таулары жүрегінде оты бар, сұлулыққа, әсемдікке жаны іңкәр кішкене ерке қызды өзіне ғашық еткенмен, тағдыр басынан сипай қоймады. Адам жалғыздығын сезінгенде жан жарасын көк иесі тәңірден іздесе керек. Ернін жібітіп бала сүйген әкесі Құдайберген Күмісжаны апыл-тапыл жүріп, қызығына тоймайтын екі жасында өмірден өтті. Анасы Рысбала болса жал­ғызын құшақтап қала берді. Жесір әйелді баланың буы көтереді деген, ұлдың да, қыздың, әкенің де шешенің де бар орнын басқан көз қуанышы Күмісінің үстінде жаны тұрғанмен, көкірегі ояу ана байғұс қызының білім алып, жалғыз­дығын білдірмес үшін көпшіл, ағайын-туғанға жақын етіп өсіруге тырысты. Кей­ін анасынан айырылып, қиналған ша­ғында мына жалпақ дүниеде жалғыз­дықтың дәмін татуға тура келетінін, соны мойымай көтеру қажеттігін сезінеді. Ол кезде жас кезі, ұшуды білгенмен қона­рын білмеді, сөйлеуді білгенмен жөнін біл­меді. Бірақ, білсем, көрсем деген ын­тазар көңілі, өжеттігі, оқуға деген ынтасы алға жетеледі. Мектеп бітірді, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсіп, өзі армандаған мамандығына қол жеткізді. Жолдама деген жас мамандарға жа­салған қамқорлықтың арқасында Алматы облысының жаңадан ашылған Күрті аудандық газетіне қызметке кіргені де кеше ғана сияқты. Аудандық газетте жүріп журналистік сатылардан өткен жас қаламгер 1986 жылы туған еліне келіп, Жамбыл аудандық “Екпінді еңбек”, кейін өзі атын өзгерткен “Ата мекен” газетіне бас редактор болып бекітіледі. Аудандық газет – ауданның айнасы. Оның үстіне аудандық газетте басшы болып жұмыс атқару оңай емес. Өйткені, аудан орталығына қаламы жүрдек, тәжірибелі журналистердің келуі екіталай. Қалай болғанда да кадрды өзің жасақтауға, оларды қалай жазып, сызуға үйретуің керек. Кей жағдайда жалғыз өзіңе газет шығаруға тура келеді: өзі автор, өзі тілші. Осылайша басылымды аттай 20 жыл басқарып, аудандық га­зеттің өсіп өркендеуіне өз үлесін қосады. Міне, осындай үлкен мектептен өткен қарымды журналист 2006 жылғы қыр­күйек айынан қазақ баспасөзінің қара шаңырағы “Егемен Қазақстан” газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметіне шақырылады. Азғантай уақыт ауанында ол өзінің іскерлігімен, орын­даушылық, жауапкершілік қасиетімен, еңбекқор­лығымен республикалық басылым бетінде Алматы облысын жан-жақты көрсетуде қыруар шаруа атқарды. Облыстағы жылт еткен хабардан бастап, проблемалық зерттеу мақалалар, сұх­баттар беруде шұрайлы тілімен, шымыр ойымен әр түрлі тақырыпта жазып, меншікті тіл­шілер арасында алдыңғы қатардан кө­рі­нуде. Ұзақ жылдар бойы баспасөз сала­­­­­­сын­да атқарған жемісті еңбегінің қайта­рымын көруде. Бүгінде “Қазақстан Рес­пуб­ликасының мәдениет қайраткері”, Журналистер одағы сыйлығының бірнеше мәрте иегері. Киелі туып-өскен өңірінің бабалары мен сол аудандағы халыққа бел­гілі аза­маттарының өмірінен жинақтап жа­зылған “Жамбыл елінің жайсаңдары”, “Кие”, “Жақсылардың парызы”, “Көз ілмейтін көңіл”, т.б. кітаптардың авторы. ...Өмірдің заңы, күн-түнмен, жаман­дық-жақсылықпен, жоқшылық-баршы­лықпен алмасатыны ақиқат. Бүгінде Кү­міс­жан апай жалғыз емес. Бақыт шүкірге қонады деген, барға да, жоққа да шүкір­­шілік етуде. Қызметі халықпен байла­ныс­­қан, елдің ішінде жүріп, жақсылық­тың жаршысы бола жүре қалам ұстаған адамда дос та, таныс та, тілектес жандар да көп болса керек. Ондай дос-жараннан кенде емес. Бірақ, адамның ең басты бақыты – отбасылық бақыт. Өмірде ең қиын нәрсе өзіңмен мұраттас, өзіңді түсінетін адам табу. Жұбайы Саламат Берекетов екеуі қызмет бабындағы, тұрмыс жағдайындағы қиындықтарды жеңе жүріп, өнегелі ұл-қыз өсірді. Тұла бойы тұңғыштары Гүлмира Германия Федеративтік Республикасының арнайы грантын ұтып алып, білім саласынан докторлық диссертациясын сонда шет тілінде қорғамақ. Бекболаттары Іле ауданындағы ауылдық округтің әкімі, кенжелері Гүлнұр – ағылшын тілінің маманы, Әлем тілдері университетін қы­зыл дипломға бітірген, сол білім орда­сының оқытушысы болса, күйеуба­лалары Сайымжан бүгінде Мәскеуде Әскери дипломатия академиясының тыңдау­шысы. Бала балым, немере жаным деген қазақпыз ғой, бірінен бірі тәтті Жібек, Нүрилә, Нұрайым, Нұрдана, Нұрсана ата-апаларының қуаныштары. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.