“Рудныйдан хабар алдыңдар ма? Жағдайлары қалай екен?” Отбасында ара-тұра бір-бірімізден осылай сұрап қоямыз. Дереу Рудныйдағы Қанатовтар отбасына телефон шаламыз, амандықтарын біліп, көңіл тоқтатамыз. Кейде... телефон шылдырынан кейін трубканы көтерсем, арғы жақтан Бақыткүл апайдың қоңыр дауысы естіледі. Үлкен кісілердің, балалардың амандығын, арасында Махаббаттың оқуын сұрап қояды. Жүрек шымырлап, тамаққа қайтадан түйін тығылғандай болады. “Адамдарды өзге емес, өлім де қосады екен-ау. Жақсылықпен, құда болып таныспағанымызды қарашы” деймін ішімнен.
“Ажал айтып келмейді, ажал айла таптырмас” депті бәрін де басынан өткерген аталарымыз. Дегенмен сол күні жастар Тобылдың жағасына суға түсуге бармағанда, бәлкім, бір отбасы осынша қайғыдан аулақ, ал маңдайы жырта қарыс Мейіржан жарқылдап достарының арасында, Қостанай мемлекеттік университетіндегі компьютерлік технология факультетінің үшінші курсын тәмамдап жатқан болар ма еді. Міне, зуылдаған уақыт ештеңеге қаратар емес.
Қостанайды қойнауына алып, іргелей ағатын Тобыл өзенінің жағасында бұлақ жиі кездеседі. Шымырлап шығып жатқан бұлақтың тастай суық суы төмендегі өзенге қайта құяды. Ондай жерлерге шомылуға судан құтқару қызметі рұқсат етпейді, алайда соны тыңдайтындар аз. Жаздың ыстық күндері жағалай тал мен қамыстың арасында сап-салқын болып тұратын қойнауға жұрт үйір, суға түсіп, күнге қыздырынады. Жалпы жұрттың айтуынша, Тобыл суы шілденің ми қайнатар ыстығында да жылымайды. Бұл судың жазымен қан жалайтыны да сондықтан, бәлкім. Қарағай, тал-қайыңы аралас өскен, әрі шүйгін шөбінің иісі мұрынды жаратын өзен жағасы адамдарды шақырып тұрғандай болады. Эльмира, Валя деген құрбыларымен серуендеуге барған Махаббат “Тобылға суға түспе” деген тәтесінің ескертпесін сол күні ұмытқан болатын. Өзеннің жағасына жақын тұрған қызды су астының мұздай ағысы алды да кетті. Құрбыларының жан дауысын естісе де, қыздың артынан суға сүңгуге жаға толы адамның ешқайсысының жүрегі дауалаған жоқ. Тек Мейіржан ғана шыдамады, өзенге секіріп кетті. Өзі де жүзу білмейтін ол малтып жүріп, қызды жағаға итере берді, қолы жетер жерге келгенде адамдар оны сүйреп шығарды. Ал әбден шаршап қалған Мейіржанның жағаға шығуға шамасы жетпей қалған еді... Жұрттың барлығы да сол сәт есін білмей жатқан Махаббатпен болып кетті де, Мейіржанның жоқтығын сәлден кейін ғана байқаған. Достары шу ете қалды да дереу суға секірді, сүңгіді. Бәрінің кеш екенін түсінген олар құтқару қызметіне хабарлады. Есін жиған Махаббатқа құрбылары бейтаныс бір жігіттің оны құтқарып, өзі батып кеткенін айтты. Құтқарушылар Мейіржанның денесін үш сағаттан кейін тауып алып шыққанша Махаббат жігітті өзі сияқты аман алып шығады деген балаң қиялына сеніп, мең-зең болып жағада күтіп отырды...
Сол күні Махаббат үйге қас қарайып кеткенде, кеш оралды. Жүзі өте сынық болды, жылаудан көзінің білеудей болып ісінгені де байқалып тұрды. Ол тәтесінің жағдайды сұрайтынын алдын ала сезді. Келе “кішкентай баланы құтқардық, анасы достарымен көңіл көтеріп отырғанда бала суға түсіп кетті. Соны құтқарамын деп, бір қазақтың жігіті суға кетіп қалды” деді. Жігітке жаным ашығандықтан “кішкентай баланың ата-анасына” сырттай ренжідім. Қызға тыныштандыратын шөп қайнатып ішкізіп, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай жаттым. Болған оқиға туралы Махабаттан қайтара сұрағанымда “есіме сала бермеңізші, ештеңе айтқым келмейді” деп басын бүркеп жатып қалды.
Оқиғаның шын мәнісінде қалай болғанына тек екі күннен кейін көзіміз жетті. Облыстық орыс тілді газет “Ол ештеңені ойлап жатпады” деген тақырыппен қазанама берді. “Ол он жеті жасар Махаббат есімді қызды судан өз өмірін беріп құтқарды. Мейіржан үздік оқыды, студенттік театрға, дебатқа қатысты. Ол маусым айының аяғында өтетін түлектер кешін жүргізуге тиіс еді” депті. Әрі қарай оқуға шама келмеді, әріптер газет бетінде көлкіп кеткендей болды. Үйге жүгірдім, бұла өсіп келе жатқан қызымның етіне алғаш рет ащы таяқ тиді... Қыршын жасты соңғы сапарға шығарып салуға да бармай, үнсіз қалудың ұяты жанды жеп барады. Он тоғыз жасар ұлдың суға кеткенін естіген Махаббаттың сексендегі атасы мен әжесінің “балапаным-ай!” деп күңіреніп жылағаны сай-сүйекті сырқыратты.
Ертеңіне Мейіржанның Рудный қаласының іргесінде тұратын ата-анасына туған-туысымызбен жеттік. Біз қайғыдан от болып күйіп отырған жандардан қандай ауыр сөз болса да естуге дайын болып барғанбыз. Ауладағы оты сөнген ошақ, әлі жиналып үлгермеген жаназа тарқатқан үйдің қара жамылып тұрғанынан хабар бергендей. Табалдырықтан аттай бере жүректі өкініш пен өксік өртеп барған бәріміз де көз жасына ие бола алмадық. Үш күн бойы жылаудан талықсып жатқан үй иелері әуелде кімнің келіп отырғанын түсінбей дел-сал күйде қалды. Өздері секілді Өзбекстаннан көшіп келген оралман ағайындарының бірі ме деп, шырамыта алмай отырғаны да белгілі еді. Баласы құтқарған қыздың ата-анасы, туыстары жаназаға келмеген соң, олардың адамдық арына салып, күдер үзген болса керек. Нұршат әжей жұбату сөзін айтып, жылап отырып “мен әлгі қыздың әжесімін” дегенде, үйдің іші қайтадан гу ете қалды...
Мейіржан Әбіләкім мен Бақыткүлден тараған екі қыз бен үш ұлдың ең кішісі екен. Шкаф сөресінде суреті тұр. Кең маңдайлы, алақандай аялы көзіне ақыл-парасат тұнған жап-жас бозбала күлімсіреп қарайды.
– Мен көп ауырдым, ауыр операцияда да жаттым. Соның барлығында да мені өмірге қайта оралтып отырған Мейіржаным еді. Ісі де, сөзі де көңіліме қонып тұратын ұлыма қарап, өмірге талпына беретін едім. Адамдарға мейірімді етіп тәрбиелеген де өзім. Бірде Қостанай автовокзалында Рудныйға жүретін автобусты күтіп отырса, бір қарт кісінің қалтасынан ақшасы қылтиып, көрініп тұр. “Әлгі кісіні бақылап отырдым, қалтасынан ақшасының шеті көрініп жүргенін өзі байқамайды. Сосын жанына барып, амандасып қолын алдым да: “Ата, мына ақшаңызды қалтаңызға салып алыңыз, түсіп қалар” дедім. Ол кісі “балам, көп жаса, сен айтпасаң, расында түсуге шақ қалған екен ғой” деп риза болып қалды” деп айтып келген еді. – Әбіләкім ағаның аузынан жалын атқандай.
– Ми қайнатарлық ыстық та жоқ. Құдайым-ау, суға қыз бен ұл неге барды? – деді Бақыткүл апа күрсініп. Біз де Махаббаттың шомылуға үйден сұранбай кеткенін, ал Тобыл жағасында болған жайды жасырғанын, сол үшін оған күйінгенімізді айттық.
– Енді Махаббатты күйеуге беріңдер, ұл тапса атын Мейіржан қойсын!–деді Әбіләкім аға. Біз екі көзге қайтадан ерік бердік. Сол күні қайғыдан өртеніп отырса да Бақыткүл апаның өзінің бауырынан өргендерге ғана емес, қазақтың бар баласына жетердей аналық пейілі таңқалдырған. “Меккеге жеті рет арқалап барсаң да ана алдындағы парызыңды өтей алмайсың” деген сөз ананың баланы тоғыз ай көтергеніне, ақ сүтіне ғана емес, оның өзгеден ерекше пейіліне бола айтылған шығар, асылы... Өз ұлын жоқтап, жаны күйіп отырған Бақыткүл апа бір мезгілде: “Махаббатқа енді қатты сөз айтпай-ақ қойыңыздар, ауру болып қалар” деді.
Мейіржанның қазасын естігенде университет басшылығынан бастап, ұстаздарының, факультеттегі достарының қабырғасы қайысты. Ол тек ата-анасының ғана емес, оқу орнының үкілі үміті еді. Өзі оқыған курстағы маңдайалды математик те Мейіржан екен. Поэзияны жақсы көретін, өзінің де өлең жазуға талпынысы бар ол университеттегі қоғамдық жұмыстардың да ортасында жарқылдап жүріпті. Студенттердің бәрі бірдей дебатқа қатыса бермейді, себебі оған жастардың өз бетімен ізденіп жиған білімі, өй-өрісі қажет. Мейіржан Қанатов қатысқан дебат отырыстары оның тапқырлықпен қойған сұрақтарымен, қатысушылардың барлығын елең еткізетін пікірімен және сүйкімді әзіл-қалжыңымен қызып жүре береді екен.
– Мейіржан керемет математик еді. Берген тапсырмаларды орындауға құшырлана кірісетін. Мен оны болашақта ғылымнан көрерміз ғой деп ойлайтынмын. Ол тек біздің бағдарламамыздағы тапсырмаларды місе тұтпай, өз бетінше ізденіп жүретін. Кураторы болғандықтан, сол бір ауыр күндері баланың сүйегін үйіне жеткізу жұмыстарының қасында болдым. Мәйітханадан алып жатқанымызда үлкен ағасы Сәкен: “Бауырым-ай, жәй емес, ерлікке пара-пар қимыл жасап кеткен екенсің, ендігі өміріңді Махаббатқа берсін” деді. Біздің жақсы, дарынды, парасатты Мейіржанның тектілігі отбасында жатқанына көзімнің сол қайғы ораған күні жеткені өзіме ауыр тиді, көз жасыма ғана шамам келді, – дейді Ғалия Асқанбаева.
Қырқына дейін-ақ ағалары Сәкен мен Рахымжан бейітті қоршап, мәрмәр тастан орнатылған плиткаға Мейіржанның суретін басып, астына “Екі айналып келмейтін ғажайып өмір” деген бір ауыз сөзді ойып жаздырды. Кейде өмірдегі сәйкестіктер тағдырдың келекесіндей көрініп, жүректі күйдіреді. Осы сөзді университеттің “Жас өркен” студенттер театрында қойылған “Ғашықсыз ғасыр” спектаклінде ойнаған Мейіржанның кейіпкері айтқан болатын.
– Біздің “Жас өркен” студенттер театрының репертуарында Сұлтанәлі Балғабаевтың “Ғашықсыз ғасыр” спектаклі бар. Осы қойылымдағы профессордың рөлі театрға бұрыннан қатысып жүрген бірнеше балаға ауысты. Өзім осы рөлге нақ лайық жігітті таппай жүретінмін. Бірде студенттер Мейіржанды алып келді. 18-19 жастағы өрімдей жігіттің көзі тым ойлы екен. Рөлді әп-әдемі алып шықты. Мен оны “негізі қазақтың мақтан тұтар азаматы болатын шығар” деп үміттеніп, сүйсініп жүретінмін. Өйткені, жас болып, айналасындағылардың көңіліне тиетін немесе жұрттың сыртынан бір артық сөз айтпайтын, өте ұстамды, әрі парасатты еді. Одан мен бір ерте есейгендікті байқап тұратынмын, әрі сахнаны нұрландырып жіберетін жігіттің көркі де көз алдымда, – дейді Қостанай университетіндегі студенттер театрының режиссері Айсәуле Есенбекова.
Мейіржан өз өмірін сыйлап кеткен Махаббат та жан азабын аз тартқан жоқ. Сол қасіретті күні үйге өтірік айтып келгенін жасөспірім қыздың алапат ауырлықтан өзіне қойған “қорғанышы” екенін түсіндік, кешірдік. Дзю-додан өз салмағында облыстың абсалюттік чемпионы болған ол сол оқиғадан кейін спорт жаттығуларына бармай қойды. Жаттықтырушысы Бағдат Кәменұлы бұл қайғылы оқиғаның тағдырдың ісі екенін, оның өзі үшін өмірін қиған Мейіржан үшін де өмір сүруі керектігін шәкіртіне түсіндіріп бақты. Қыздың психолог кеңестерін алуын қадағаладық. Құрылыс колледжінің санақ техникаларының бағдарламалық қамтамасыздығы факультетінде оқитын ол үйдегі компьютеріне Мейіржанның суреті мен ол туралы материалдарды жинап қойған. Сол оқиғадан бір ай өткен соң он жетіге толды. “Туған күнімді атамаймын” депті ол құрбылары мен достарына. “Ешқайсысың құттықтамаңдар”, деп жылады Махаббат. Сол күні Махаббаттың туған күнін атау үшін емес, Мейіржанға құран бағыштау үшін отбасында дастарқан жайдық. “Өзім тірі жүргенде Мейіржан ағаны ұмытпаспын” дейді әрдайым.
Рудныйға барсам, Әбіләкім ағамен, Бақыткүл апамен еш жасандылығы жоқ, риясыз көңілден құшақтасып, көрісеміз. Төрдегі шкаф сөресінде Мейіржанның алған мақтау қағаздары, “Облыс жастарының алтын кітабына” (қайтыс болғаннан кейін) енгені туралы сертификат тұр. Ал биыл жыл басында өткен дебатты университет жастары Мейіржан Қанатовты еске түсіруге арнады. Үлкейтілген суретінің бетін анасы ақ матамен жауып қойыпты. Суретке қараған сайын жүрегі тілімденген соң осылай істегенін айтпай түсіндім. Маңдайы жарқырап, нұрлы жанарымен күлімсірей қарап отырған баланың елесі жүрекке жазылып қалғандай. “Қорадағы малға, есіктің алдындағы бақшаға айналып, өзімді алдарқатамын. Шаруаға айналсам сәл де болса бойым қайғыдан жеңілдейді” деген Әбіләкім аға. Құдайға шүкір, үйде балалары бар, аяғына оралып, немерелері жүгіріп жүр, бірақ Мейіржандай баланың орны бөлек еді... Біздің үйге келгенде Әбіләкім аға “Мейіржанымның көзі” ғой деп, Махаббаттың маңдайынан иіскеді. “Мейіржаным жақсы оқитын еді, өзі де жақсы еді, қызым сен де сондай бол” деді күрсініп.
Зулаған уақыт аққан сумен бірдей, биылғы маусымда сол қасіретті күнге жыл толды. Ата-анасы ағайын-туманың басын қосып, марқұмның рухына құран бағыштатты. Сол күні Махаббаттың әжесі Бақыткүл апаның басына ақ жаулық салып тұрып:
– Алланың көрсеткеніне шүкір ет, қарағым. Бізді тағдыр жақсылықпен емес, осындай қайғымен қосса қайтейін. Мейіржандай баланы қалай ұмытарсың. Бірақ қалған балаларыңа өмір берсін, бойыңды тікте. Осы орамалдай енді көңілің ағарсын. Әбіләкім екеуіңе қалған балаларыңның қызығын бірге көруді жазсын. Ендігі дастарқаның тек қызықшылыққа жайылсын, осы үйге ылғи тойға келейік. Мен де бір әкеден жалғыз қыз едім, сіңілім бол, – деді.
Қаралы үйге жанашыр ағайынның, дос-жардың жұбату сөзі медет. “Өлінің беті әрі, тірінің беті бері” деген ғой бұрынғылар. Ғайыптан келіп қалардай елеңдеп, өлімге қия алмай жыл бойы жоқтаған көңілдің амалсыз суынып, тағдырдың жазғанын мойындағаны қандай ауыр. Мейіржан ақ қанат періштеге айналып кеткендей. Жақсының жақсылығынан ағайын арасы суымады. Ол достары үшін адалдық пен адамгершіліктің ескерткіші болып қалды. Қаршадай баланың жүрегі ата-анасы аңсап келген елім, жерім деп соғатын еді. Жүрек тоқтап, үміт жібі үзіліп кеткенмен, ол даланың үстінде аппақ періште болып ұшып жүрген шығар...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.Қостанай.