22 шілде күні Турмале тауларының тарабында өткен “Тур де Франс” веложарысының 17-ші кезеңі көпшілік күткендегідей жаңалық әкеле қоймады. Аталмыш қашықтық аламанның екі лидері аражігін бұрынғыдан артық ажыратып бере алмады. Сөйткенмен, жұрттың бір болжамы дұрыс келді: “Астана” командасының капитаны Альберто Контадор өзінің көшбасылығын ешкімге бермей, сары жейдесін сақтап қалды.
Көмбе сызығын ойламаған жерден Люксембург оғланы Энди Шлек бірінші болып қиды. Онымен дөңгелек тістескен күйі сәл қалыңқы өткен Альберто қарсыласына бірде-бір секунд ұтылған жоқ. Бұл жерде мәреге ертелеу жақындаған біздің жігіттің соңғы сәтте қарсыласының бірінші өтуіне әдейі жол бергенін жұрттың бәрі байқады. Ол 15-ші кезеңде өзінен 30 секунд алда келе жатқан Эндидің көлігі шынжырын іліп кетіп, оны жолда қалдырып қойған айыбын осылайша “жуды”. Демек, енді бәрін де бүгін Бордо мен Пойяк арасындағы 19-шы кезең – шабандоздардың жеке-жеке ағызып өтетін 52 шақырымдық қашықтығы шешетін болады. Ал кеше түнде Сали-де-Беарн - Бордо ортасындағы 18-ші кезеңге лап қойған жүйріктер 198 шақырымға созылған жазық белдеуді бебеулетіп өтті. Өкінішке қарай, газет жарыққа шыққанға дейін кезең нәтижелері біздің қолымызда болған жоқ. Дегенмен, мамандар болжамын байыпқа алсақ, бұл аралықта лидерлер тобында пәлендей өзгеріс бола қоймауы тиіс.
Турмале атты тау жотасының жондарына жорық жосынын бастаған 17-ші кезең тағы бір аңыздың тууына туырлық тастайды деп күтіп еді дүйім жұрт. Бірақ олай болмады. Тек көрермен көпшілік шын мәніндегі тау тарланы – “Таудағы кондор – Контадор” атанған біздің байтағымыз номындағы команда майталманы Альбертоға трассаның осы биік белесіндегі бөлігінде лайықты бәсекелес пайда болғанын пайымдап үлгерді. Тау тарабында табан тіресе алатын сол бір қарымды қарсыластың аты, әрине, Энди Шлек екенін оқырман аңғарып отырған шығар. Сөз арасында бұл бағланға да бір барлау жасай өтсек, оның ең алдымен ежелгі велосипедшілер әулетінен шыққанын айтар едік. Бір жарысқа екі немесе үш бірге туған бауырдың қатар қатысуы сирек кездесетін жағдай емес, әйткенмен Шлектердің ахуалы тіпті бөлек. Қазір ағайынды Фрэнк және Энди арасын олардың жас айырмасы да, мұндағы маманданған саласы да, таланттарының әр қилы екенін де айыра алмайды. Олар – қашаннан жұдырықтай жұмылған бір команда, қосақталған ажырамас жұп, тамаша достар, сиам егіздері секілді қатар жандар. Ал бұл әулетте шайтанарба тегершігіне ең алғаш өткен ғасырдың 30-жылдарында Густав (Огюст) Шлек отырған екен. Жеке жүріп біраз жетістіктерге жеткен оның жолын ұлы Джонни бұдан да сәттірек жалғастырып, осы “Тур де Франсқа” 7 рет қатысыпты. Енді сол Джонни мен Габиден туған үш ұл – Стив (1976 ж.), Фрэнк (1980) және Энди (1985) нағыз кәсіпқой мамандарға айналды. Қазір бұлардың үлкені спортпен қоштасса, қалған екеуі әдемі тандем құрып келеді.
Кезекті кезең көп ретте көрермен көңілінде күп қалдырды. Ол әдеттегідей бір шоғырдың классикалық тәсілмен сытылып алға шығуынан басталды. Жол енді түрілгеннен “қоянқашты” қақпақылға салып, пелетонды артта қалдырған сол сап жеті шабандоз болып тізіле шапты. Құрамына неміс Бургхардт, испандар Перес пен Флеча, француз Пауриоль, орыс Колобнев, словен Корен, норвег Хаген түзілген “қашақтар” біразға дейін жол бермеді. Бірақ бұларды “генерал болады” деп санаған да ешкім жоқ. Тек олардың негізгі топпен ара алыстығы 7 минутқа жеткеннен кейін ғана арттағылар шын қуғынға көшті. Алдымен ұмтылған испан Карлос Састре мен оған дем берген латыш Коноваловс болды. Трассаның негізгі бәсекелестері А.Контадор мен Э.Шлек мәре межесіне жақын қалған шамада ғана ытырылып алға шықты. Бір-біріне лайықты қос қарсылас сол сәттерде түсе қалған қалың тұманның арасында бір-бірімен ұмар-жұмар болып тебіндесіп келе жатты. Сөре сызығынан да олар сол қатарласқан күйлері бірдей көлбей өтті...
Осы кезеңнен кейін топ басындағы Альберто Контадор бас классификация бойынша 83:32:39 уақыт өлшемін көрсетіп тұр. Екінші орында – Энди Шлек, үшінші орында – Самуэль Санчес. Демек, топ басындағы үштікте өзгеріс жоқ.
Ал “Астана” командасы құрамында сынға түсіп жатқан басқа жігіттердің жай-күйлері әрқалай. Мәселен, соңғы кезеңде сөреге 49-шы болып жеткен Александр Винокуров нәтижесінде бас тізімде сырғып, 16-шы тегершікке табан тіреп тоқтады. Бұлардан бөлек, Даниэль Наварро – 48, Паоло Тиралонго – 52, Давид де ла Фуэнте – 109, Хесус Эрнандес – 127, Максим Иглинский – 131, Андрей Гривко – 135, Бенджамин Новаль 150 деген көрсеткіштерді еншілеп келеді.
Биылғы “Тур де Франс” веложарысы 20 кезеңнен тұрады. Оның ең соңғы белесі ертең, жексенбі күні аяқталады. Осы күні Люнжюмо елді мекенінен шыққан велошабандоздар 102,5 шақырымды жүгіріп өтіп, Париждегі Елисей алаңында демдерін бір-ақ басады. Ал бүгін, сенбі күні 19-шы кезеңді трасса бойымен жеке-жеке жүгіріп өтіп өткеріп, Пойякқа аялдайтын олар кешке Люнжюмоға әуе жолымен ұшып жетіп тынығады. Себебі, бұл екі арада арнайы трасса жоқ. Мамандар Сали-де-Беарн мен Бордо ортасындағы жазықтағы жолда үстірт кездеспейтінін айтады. Сондықтан ол таудан талықсып түскен спринтерлердің ұзақ қашықтықты жеке жүгіріс алдында біршама тыныс алуына мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті біздің басты үміткеріміз тиімді пайдалана білсе, қанеки!
Серік ПІРНАЗАР, Астана.