03 Сәуір, 2015

Орал өңірінде өркенді істер көп

530 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
02-04-04 Халқымызда «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген нақыл сөз бар. Наурыз айының аяғында Ақжайық аспанынан қара бұлт төніп тұрмағанымен, ауада әжептәуір ызғар мен салқындық бар екені айқын сезіліп еді. Ал кеше күннің үскірік желі әжептәуір бәсеңдеп, кәдімгідей көктем шуағы байқалды. Осындай жылы леп құшағында Президент кортежі Орал әуежайынан облыс орталығында құрылысы өткен жылы аяқталған теннис орталығына қарай бағыт алды. Мұнда Мемлекет басшысы «Жас­тар қуатты Қазақстан үшін» атты республикалық форум­ға қаты­сып, сөз сөйледі. Оған жи­нал­ған екі мыңнан астам өрендер арасында қазақстандық талантты жас­тардың үлкен шоғыры – ғалымдар мен спортшылар, кәсіпкерлер, шығармашыл және жұмысшы жас­тар өкілдері бар болатын. Елбасы оларды форум жұмысының бас­талуымен құттықтап, елдегі жарқын бастамалардың белсенді қатысушылары екенін атап көрсетті. 02-04-08 02-04-03 Қазақстан – жер аумағы кең болғанымен орманы аз ел. Сондықтан «Жасыл ел» бағ­дар­ламасы аясында 115 мың гектар аумаққа елу миллион түп ағаш отырғызылды. Екі жүз мың­дық жасыл ел командасының сіңірген еңбегі ерлікке пара-пар, деді Ел­басы. Соңғы жылдары «Диплом­мен – ауылға!» жобасы бойынша отыз мың жас ауылға аттанды. Бұл жастарды ауылды дамытуға қатыс­тырудың басты көрсеткіші болмақ. Форумда Елбасы қуатты Қазақ­станды қалыптастыру бірінші кезекте жастар үшін жасалып отыр­ғанын жеткізді. Бүгінде ел бойынша жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін 35 мың грант бө­лінді. Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның батыстағы қақпасы Ақжайық өңірінің тұрақты эко­номикалық өсімге қол жет­кізіп отырғанына тоқталды. Об­лыста әсіресе әлеуметтік мәселе­лердің ойдағыдай шешімін тауып жатқаны сүйсіндіреді. Соң­ғы екі жылда өңірде 360 жас от­басы пәтерге ие болды. Бұл салыстырмалы түрде қараған­да жақсы нәтиже. Батыс Қазақ­стан жол инфрақұрылымы жөні­нен де ел өңірлері арасында көш­тің соңында қалып жүрген еді. Енді олай деу қиын. Оған «Нұр­лы Жол» бағдарламасы үлкен серпіліс бергенін айта кет­кен жөн. Соның ішінде Орал-Каменка автожолының күрделі жөндеуден өтетіндігіне батысқазақстандықтар риза­шы­лық білдіруде. Облыста қосымша инвести­циялар тарту арқылы жаңа ин­дустриялық аймақ құруға және индустриялық сипаттағы нысандарды тұрғызуға негіз қаланды. Елбасы Ақжайықтың еңбеккер хал­қы үшін бұл соңғы шек пен мүм­кіндік емес екенін атап көр­сетті. Форумда сөйлеген сөзінде Нұр­сұлтан Әбішұлы спортшы жастардың жетістігіне көңілі толатынын айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Илья Ильин, Геннадий Головкин, Денис Тен, Александр Винокуров секілді Олимпиада жеңімпаздары есімдері бүкіл әлемге танымал екенін атап өтті. Олар қазақстандық жастардың бүгінгі буыны үшін үлгі болмақ. Қазіргі күні елімізде 1500 спорт нысаны, стадиондар, хоккей және теннис корттары жұмыс істейді. Оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалуда. Айталық, Оралдағы теннис корты Қазақстан теннис фе­де­рациясының көмегімен салынған. Мұн­да болашақ чемпиондар өсіп шы­ғатынына сенімім мол. Қазақ­стан жастары үшін бүкіл әлем­ге жол ашық. Мұның бәрі бейбіт­шілік пен тұрақтылықтың, Қазақ­стан халқының ауызбірлігі мен тү­сі­ністігінің арқасы, деді Президент. Форум барысында екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин, Президент шәкіртақысының иегері, М.Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің студенті Гүл­нар Қойланова сөз сөйлеп, Елба­сының жастарға көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге, көршілес Атырау және Маңғыстау жастарының өкілдері Думан Ахметов пен Қайырлы Ғилмановтар тікелей теледидарға шығып жастар тарапынан көтерілген бастамаларға ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізді. Олардың қай-қайсысы да Елбасы белгілеген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға әзір екендіктерін айтты. Ақжайыққа сапары барысында республика Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Орал қала­сындағы ресми іс-шаралар сарайында облыстағы этномәдени бірлестіктерінің жетекшілерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Міне, Елбасы іс-шара­лар са­райының мәрмәр табалдыры­ғынан аттап еңселі залға қарай қадам басты. Мемлекет басшысын өңірдегі түрлі ұлт өкілдері ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған композитор Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнімен қарсы алды. Бұл – достық туралы сөзбен сомдалған тамаша әуенмен көмкерілген өшпес өнер туындысы. Бұл – ықылым замандардан бері бір-бірімен жарыса қатар ағып, қыздың қос бұрымындай қатар тербетіліп ұлы теңіз – Каспийге қарай құюға асығатын өзендер. Нақышына келтіріле шырқалған «Еділ мен Жайықтың» жанды баурап алатын әсерлі әуеніне Елбасы да қосылғандай болды. Бұдан соң белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйлеп, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-тәжірибелеріне көптеген әлем елдері тәнті болып отырғанын айтты. Қазақтың ақын қызының ақжарма тілегі мен ой-пікіріне қолдау білдірген Мемлекет басшысы барлық табыстардың кілті – береке мен бірлікте, Қазақстанды Отаным деп санайтын барлық этнос өкілдерінің бір-бірімен қоян-қолтық еңбек етіп, ел экономикасы өркендеуіне қосатын ортақ үлесінде екенін айтып берді. Сөз жоқ, бұл табыстарға Қазақстан халқы Ассамблеясы қосқан үлес қомақты. Бірлік болмай – тірлік болмайды. Қазақстан азаматтарының бір-біріне деген құрметі мен өзара сенімінсіз тұрақты даму да жоқ, деп түйін жасады Мемлекет басшысы. Келесі кезекте «Яик» казак фольк­лорлық-этнографиялық ор­талығының төрағасы Владимир Но­виков пен татар мәдени орта­лығы қоғамдық бірлестігі бас­қар­масының төрайымы Аль­фия Нежниналар сөз алып, Ас­самблеяны жөргегінен шығарып, оның тұңғыш дем берушісі мен қолдаушысы тек өзіңіз болдыңыз, біз сізді Ассамблеяның әкесі деп санаймыз Нұрсұлтан Әбішұлы, деген шынайы ризашылық се­зімдерін білдірді. Сонымен бірге олар Елбасының Қазақстанда ұлт­тық біртектілікті қалыптастыру жөніндегі тұжырымдарын толы­ғымен қолдайтындықтарын жеткізді. Бұдан кейін тағы да татар халқының әнін қоғамдық бірлестік мүшесі Эльмира Әмірова тамылжыта шырқай жөнелді. Әнмен бірге би сазы да қалқып шыға келді. Татардың әнші қызы Президентті би ырғағына қосылып билеуге ишара білдіргенде, бұл тілек қабыл алынып, Елбасының би өнерінен де құралақан еместігі, қимыл-қозғалысының жинақылығы мен сәнділігі байқалып қалды. Кез­десу соңында Н.Назарбаев оған қатысқан этномәдени бірлес­тік мүшелері мен зиялы қауым өкілдеріне бүгінгі жастар мен кейінгі ұрпақты тарихқа құрметпен қарау тұрғысынан тәрбиелеу қажеттігі жөнінде ой қорытты. Ақжайыққа сапары кезінде рес­публика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың ая­ғында пайдалануға берілген Орал трансформатор зауытының қыз­метімен танысып, мұндағы өндіріс жаңашылдарымен кездесті. Жаңа өндіріс орнындағы қуатты трансформаторлар негізінен экспортқа шығарылмақ. Сонымен бірге, ішкі нарықтағы сұраныстарды қанағаттандыруға да толық мүмкіндік бар. Бұл еліміздің батыс өңіріндегі трансформатор шығаратын тұңғыш кәсіпорын. Оның Индустрияландыру картасындағы орны айрықша. Болашақта аталған өндіріс орнын одан әрі кеңейту көзделген. Зауыт қызметімен танысу барысында Мемлекет басшысы мұндай факторларды оң бағалады. Кездесу кезінде сату бойынша директор Әмір Ғалымов, жоғары қысымды бақылау маманы Дания Князева, бас конструктор Адасбай Ыстыбаев және басқарушы директор Асқар Ажаевтар сөз сөйлеп, Елбасына қазақстандық жастарды өндіріске тарту мақсатын көздеген жаңа индустриялық саясаты үшін алғыс сезімін білдірді. Бірлік ұғымы бүгінде жылтырақ сөз емес, барша қазақстандықтардың өмірі мен күнделікті тұмысынан көрініс беріп, орын тепкені жөнінде орыс қызы Дания Владимировна таза қазақ тілінде айтып берді. Зауыт ұжымы алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бұрын кім едік, қазір қандай деңгейге жеттік деген сауалға тоқталып, қазіргі жетістіктердің орасан зор екеніне нақты мысалдар келтірді. – Тек соңғы төрт жылдың ішінде елімізде 700 зауыт пен жаңа өндіріс орындарының тұсауы кесілді. Ал тек өткен жылдан бергі кезеңде 25 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 70 зауыт пен кәсіпорын бой көтерді. Мұның бәрі жаһандық сыни кезеңдер мен әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында болып отырған өршіл өзгерістер. Рас, бізге Ресей мен Еуропа мемлекеттері арасындағы экономикалық санкциялар мүлдем әсер етпей тұра алмайды. Дегенмен, біз оған қара­мастан өндірісті өркендету бағ­дарламасын қалыпты деңгейде іс­ке асыра береміз, деді Елбасы транс­форматор зауыты ұжымымен кез­десу кезінде. Нұрсұлтан На­зарбаев осындай өміршең жобалар алдағы жылдары одан әрі жал­ғаса беретінін Орал «Зенит» зауыты жұмысшыларымен және ин­женер-конструкторларымен кез­десу кезінде де мәлім етті. – Кеңес Одағы кезінде одақтық бағыныста болған «Зениттің» екінші тынысы, нағыз қуатты күші тәуелсіздік жылдарында ашылды, деді Елбасы. – Бұрын оған ешқандай сұраныс жасалмады. Жұмыспен қамтамасыз етілмеді. Тіпті, зауыттың болашағы қандай болатындығы жөніндегі мәселе де анық емес еді. Осындай сыни ке­зеңде біз Орал зауытына мем­ле­кеттік тапсырыстар беріп, соның нәтижесінде бүгінде бұл кәсіп­орын еліміздегі отандық кеме жасау өндірісінің басты флагманына айнала білді. Индустриялық-инновациялық даму, ең алдымен, осындай кәсіпорындарға арқа сүйейді, – деді республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Кездесуде зауыттағы өндірістік-тарату бюросының бастығы Ольга Бедова, инженер-конструктор Жасұлан Рогалиев, кеңсе мең­герушісі Асылзада Шошамаева және бас директордың орынбасары Ахметжан Шоқпытовтар сөз алып бұрын алыс елдерге бей­мәлім болып келген қазақ жұр­тын төрткүл әлемге таныта білгені және отандық өндірісті дамы­ту жөніндегі сан қырлы қызметі үшін Мемлекет басшысына риза­шылықтарын білдірді. Сапар қорытындысында Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев еуразиялық экономикалық кеңіс­тікте Орал өңірінің орны бө­лек екенін айта келіп, экономи­калық байланыстарды орнық­ты­рудағы шекаралық өңірдің бүгінгі еңбеккерлері мен барша облыс жұртшылығына жаңа табыстар тіледі. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.