Әлемде қазақ тілін зерттейтін жалғыз-ақ институт бар.
Ол – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты.
Мен бар өмірімді қазақ деген халықтың ең киелі де асыл мұрасы – қазақ тіліне арнап келе жатқан жанмын. Аз ба, көп пе, жақсы ма, жаман ба біраз ойларымды хатқа түсіріп жас ұрпаққа ұсынып жүрген жайым бар. Көрген, оқыған, түйген нәрселер неше алуан ойға жетелейді. Әсіресе, ана тілдің тағдыры түнде де, күндіз де мазалай береді. Рас, біз саналы да сауатты әрекеттер нәтижесінде сонау Кеңес өкіметінің кезінде-ақ тілімізге мемлекеттік мәртебе әперіп, ел еңсесін бір көтеріп едік. Содан соң тәуелсіздік таңы атып, көк туымыз көкте желбіреді. Қазақ тілінің дәурені жүре бастады. Мемлекеттік тіліміздің өрісін бақылайтын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып алдық. Республика зиялылары осы қоғам маңайына топтаса білді. Қуанышта шек болған жоқ. Тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тілі мен әдебиетін, тарихын зерттейтін ғылыми институттар, мекемелер өзгеше өріс ашып, тәуелсіз еліміздің рухани тірегін негіздейтін зерттеу жұмыстарын жандандыра түсті. Халқымыздың бас қазынасы – қазақ тілінің бар мәселесі түбегейлі және жан-жақты шешім таба бастағандай. Бұған негізгі тірек болып отырған – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен қалың бұқараға арқа сүйеген зиялы қауым. Алайда, Елбасы нұсқап отырған жолдан ауытқи беретінімізге таңым бар. Әсіресе, билік басына көтерілген білікті, сауатты бауырларымыздың өз балаларының сауатын әуелі ана тілінде ашып алмай тұрып, басқа тілдің жетегіне жіберетініне қайранмын. Бұл бір. Екіншіден, әлемде қазақ тілін зерттейтін жалғыз институт бар, ол – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Қазақтың ұлттық санасын негіздеп, рухани жан дүниесін асқақтатып отырған өнер, әдебиет, тарих институттары осыған тел. Жыл өткен сайын осы ғылыми мекемелердің тағдыры ауырлай түсіп отыр. Тәуелсіз еліміздің рухани тірегі болып саналатын осы институттарда өз өмірлерін тіл мен өнерге, әдебиет пен тарихқа бағыштап еңбек етіп жатқан талантты жастар бар. Алатын аздаған еңбекақыларын қанағат тұтып, ұлт мүддесі үшін барын салып жұмыс істеп жатқан жайы бар. Ендігі жерде олардың еңбекақылары түрлі грант, жобаларға тәуелді бола бастады. Бір қиын жері әлгі грант, жобаларды қарайтын комиссия мүшелерінің бәрі бірдей ұлттық рухқа қатысты дүниелерге оң көзқараста бола бермейтіні. Негізінен мұндай ұлттық мәдениет отын маздатып отыратын ғылыми мекемелер тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастай өз қамқорлығында болуы тиіс қой! Осылайша толғана отырып, бұл жолы Тіл білімі институтында жасалған ғылыми ізденістер, алда атқарылар жоспарлар жайын және оның қазіргі жай-күйін сөз еткенді жөн көрдім. * * * Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тілінің, түркітанудың іргелі әрі қолданбалы мәселелерімен шұғылданатын ғылыми мекеме. Институтта қазақ тілінің құрылымы мен құрылысы, тарихы мен диалектологиясы, ономастика мен терминологиясы, қоғамдық қызметі, туыстас тілдермен байланысы, мәдени өмірдегі орны, т.б. салалары, көне түркі, орта ғасырлық, кейінгі орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштері бойынша зерттеулер жүргізіледі. Қазақ тілінің ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттелуі ең алдымен ғұлама ғалым, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты болды. Ахаң Халық Ағарту комиссариатында құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде (1921-1922 жж.), Қазақстандағы ғылымды академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстан базасы жасақталып, 1936 жылы оның құрамына 1934 жылы құрылған Ұлт мәдениеті институты берілді. Осы институттың тіл, әдебиет, халық шығармашылығы және тарих секторлары аталмыш базаның негізінде 1938 жылы шаңырақ көтерген КСРО ҒА Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтының құрылуына (1941 ж.) негіз болды. 1945 жылы осы аталған институттың құрамынан тарих, археология және этнография институты бөлініп шықты да тіл, әдебиет, түркітану және т.б. мәселелермен Тіл және әдебиет институты шұғылданды. Осы аталған институттың әдебиеттану бөлімінің негізінде 1961 жылы Әдебиет және өнер институты өз алдына шаңырақ көтерді. Осы кезден, яғни 1961 жылдан бастап біздің институтымыз Тіл білімі институты деп аталады. Тіл білімі институтының ұйымдық құрылымындағы ұйғыртану бөлімі 1989 жылы құрылған Ұйғыртану институтына, кейіннен Шығыстану институтына негіз болды. Сөйтіп, Тіл білімі институты қара шаңырақ болып, оның ұйымдық құрылымынан бірнеше академиялық ғылыми-зерттеу мекемелері бөлініп шықты. 1990 жылы 26 ақпанда Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді. Ғылымның мақсаты, жалпы алғанда, қоғамның материалдық және рухани байлығын заман талабына сәйкес жетілдіру, дамыту. Тіл – рухани байлық, ал адами капиталдың 60-65 пайызын рухани байлық құрайды, сонда оның 30-35 пайызы ғана материалдық байлыққа қатысты болмақ. Институт ана тіліміз арқылы ұлттың рухани дүниесін зерттеуді сонау құрылған кезеңнен бері мақсат етіп келеді. Атап айтқанда, қазақ тілінің құрылым-құрылысы, қоғамдық қызметі, әлеуеттік мүмкіндіктері мен күш-қуаты, адам, қоғам, ұлттық сана, таныммен байланысы қарастырылады. Қоғамның сұранысына жауап беруге, оны өтеуге қызмет етеді. Әрине, жұмысты ойдағыдай жүргізуде кездесіп отырған қиындықтар бар. Сол қиындықтардың ең бастысы институттың ғылыми базасын жақсартуға байланысты. Мәселен, кезінде Елбасымыз «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында»: «Мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін ғылыми қамтамасыз етуде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты басым рөлге ие болуы тиіс. Осы мақсатта оның материалдық-техникалық базасын күшейту, мамандар құрамын ұлғайту, іргелі және қолданбалы лингвистикалық зерттеулерді әзірлеуге мемлекеттік тапсырысты кеңейту қажет. Институт теориялық және қолданбалы мәселелері бойынша сараптамалық бағалау мен қорытындылар беруде жетекші орында болуға тиіс», деп ашық айтқан нұсқауына сай нақты қамқорлық әлі күнге дейін жасалмай келеді. Осымен байланысты әлеуметтік және компьютерлік лингвистика сияқты жаңа салалар бойынша жас мамандарға зәруміз, мамандардың біліктілігін жетілдіру үшін алыс және жақын шетелдерде тәлімгерлікке жіберуге қаржы жағынан мүмкіндігіміз шектеулі болып отыр. Қазіргі кезде институт қазақ тілі бойынша іргелі зерттеулер бағдарламасы аясында ізденістерін жалғастырып келеді. Сонымен бірге, «Мәдени мұра» бағдарламасына, тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына да белсене араласып отыр. Тіл қоғаммен, оның дамуымен, өзгерістерімен тығыз байланысты, осыған орай институт іргелі зерттеулердің нәтижесін қолданбалы мақсатқа пайдаланып келеді. Мәселен, жұртшылық қолына тиіп жатқан қазақ тілінің орфоэпиялық, орфографиялық, терминологиялық, синонимдік, диалектілік, түсіндірме сөздіктері тіліміздің қазіргі жай-күйіндегі тұрақтанған нормаларды ғана көрсетіп қоймайды, сонымен бірге олардың болашақтағы даму үрдістерінен де ақпарат береді, осылардың барлығының негіздері сол іргелі зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалады. Жалпы алғанда, тәуелсіздік алғаннан бергі іргелі зерттеу жобаларымыздың дені мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің, оның қолданыс мәдениетін жақсарту мен қолданыс әлеуетін барынша тиімді пайдалану, мүмкіндіктерін жетілдіру мен дамытуға бағытталған тақырып аясында жүргізіліп келеді. Бұл зерттеулер қазіргі қоғам сұранысына жауап беретін қолданбалы мақсатқа арналғандығы өз алдына, жастарымыздың зерттеуші ретінде жаңа деңгейге көтерілуіне түрткі болды. Себебі, осы бағдарламалар аясында біздің институт ұжымы тілдің қоғаммен, қоғам дамуымен байланысын мақсатты түрде зерттеп отыр. Бұл біздің кадрларымыздың тәжірибесін шыңдап, жаңа бағытқа мамандануына едәуір мүмкіндік береді. Осы тұста институтымыздың тек қана осы іргелі зерттеулері бойынша қаржыландырылатынын, сонымен бірге, тек осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен жоғары білікті мамандардан тұратынын айтып кеткен жөн. Мұның себебі, соңғы жылдары іргелі зерттеулерді ЖОО кафедралары да атқара алады деген пікірлермен байланысты. Сөз жоқ, кафедралар зерттеу жүргізе алады, алайда жылына мыңға таяу сағаттық оқу жүктемесі бар оқытушыға бұл ауыр салмақ, сонымен бірге кафедраларда жүргізілетін зерттеулердің дені ғылымның жекелеген және де оқыту-әдістемелік мәселелеріне байланысты болып жатады. Ал қазақ тіл білімінің жеке ғылым саласы ретіндегі әрбір құрылымдық, салалық, салааралық деңгейлерін кешенді әрі жүйелі түрде әлемдік лингвистиканың жаңа бағыттары тұрғысынан маманданған ғылыми мекеме ғана жүзеге асыра алатыны даусыз. * * * Қазақ тілінің сөз байлығы – сарқылмас қазына, мұны жинастырып, ғылыми зердеден өткізе отырып, жүйеленген автоматтандырылған электрондық қалыпқа түсіру алдағы үлкен мақсаттардың бірі. Бұл сөздік қор тілдің ұлттық корпусының негізі болады, сонымен бірге үздіксіз толығып, жетіліп отыратын ашық жүйеге айналады. Іргелі, қолданбалы зерттеулер жүргізуден басқа да институтымыздың ғылымдағы ғана емес, қоғамдағы рөлін арттырумен байланысты жоспарларымыз көп, алдымен қазақ тілі кафедраларымен байланысты жандандыруды көздеп отырмыз, себебі олар біздің болашақ кадрларымызды дайындайтын білім орындары. Өткен жылы Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің тікелей бастамасымен PhD докторлары мен магистрлерді даярлау ісін қолға алдық. Бұл бір өте құптарлық, оңды іс-шара болды деуге болады. Институттың шет елдердегі осы тектес ғылыми орындармен байланысы да жолға қойыла бастады. Кеңестік кезеңде Ғылым академиясы құрамындағы зерт- теу институттарының республикааралық байланысы көп болатын. Одан кейінгі жылдары бұл байланыстар біраз әлсіреді. Институт, әсіресе, түркітану орталықтарымен байланыс орнатуға мүдделі. Мұндай байланыстардың алғашқылары Ғылым комитетінің көмегімен іссапарлар негізінде жүзеге асты. Институтымыз жуық арада Түркия университеттерімен, Қытайдағы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясымен, Ұлттар университетімен, Өзбекстандағы Ғылым академиясы Тіл білімі институтымен, Әзербайжан Тіл институтымен, Ресейдегі Тіл институттарымен байланыс орнатып отыр. Елімізде жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының «Тілтаным» секциясына біздің мекеме – Тіл білімі институты жетекшілік етті. Бұл бағдарламаның еліміздің рухани қазынасын халыққа жеткізудегі рөлі өз алдына, ал институтымыз үшін біздің ұзақ жылғы іргелі зерттеулеріміздің нәтижелерін практикаға енгізуге жол ашқаны маңызды. Бұл бағдарлама аясында қазақ тілінің ғылыми-лингвистикалық базасын құрайтын әлеуметтік маңызы, қоғамдық сұранысы жоғары қазақ тілінің бірталай нормативті сөздіктерін жарыққа шығардық. Олар «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі», «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», «Қазақ тілінің терминологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі». Бұл сөздіктердің барлығы әлемдік тәжірибедегі сөздік жасау ісінің жаңа жетістіктерін пайдалана отырып, мазмұны мен сапасы жағынан жаңарып шыққан академиялық сипаттағы сөздіктер. Сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени маңызы ерекше қазақ кісі есімдері мен жер-су атауларын нормалауға байланысты еңбектерді дайындау қолға алынды. Қазақ тілінің мәселесі шексіз. Халық барда тіл бар, қоғам барда оның қызметі бар. Әр заман тіл ғылымының алдына өз талаптарын қояды, соған қарай ғалымдар тілді зерттеп отырады. Алайда, зерттеудің мақсаты қандай болу керек, қандай мақсатқа жұмылу керек, өйткені кейде мақсаттың өзі игі бола бермейді, қалай зерттеу керек, қандай міндеттерді шешу қажет деп мәселені дұрыс қоя білу маңызды. Себебі, тіл ұлттың жүрегі, ал оны шынайы маманның қолына тапсырған жөн болар? Қолда бар, дәстүрі бұрыннан қалыптасқан, өз алдына қара шаңырақ болып отырған институтты кеңейтіп, сөз басында айтып кеткеніміздей, Елбасының тапсырмасын орындап, оның базасын күшейтіп, кадрларын жақсартып, штатын кеңейту игілікті іс деп ойлаймыз. Себебі, қоғамдық ғылымдар ішіндегі тіл ғылымының бүгінгі күні маңызы ерекше болып отыр. Сондықтан оны зерттейтін мекеме де соған сәйкес болу керек деп түсінемін. Қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы жағдайында көңіл алаңдатар жайлар бар. Ол мемлекеттік тілдің жағдайына тікелей байланысты. Ең алдымен, тіліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде қолданылуы кеңейе бастағаны рас. Сонымен бірге, өзімнің байқауым бойынша, айтып отырмын, Президент Әкімшілігінен, Парламенттен, облыс, қала әкімшіліктерінен қатынасхаттар қазақ тілінде келіп жататыны да оң құбылыстар. Алайда, бір өкініштісі, соларға қарасты орталық буындағы – департамент, комитеттердегі бас маман, жетекші маман сияқты кейбір қызметкерлерден мұндай дұрыс қатынас байқалмайды, тіпті қойған талаптарға құлақ аспайтын жайттар да кездеседі. Солар дайындаған құжаттар мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде келіп жатады. Бұл – мемлекеттік тілдің басқару жүйесі қолданысындағы жағымды да жағымсыз құбылыстар болса, ақпарат жүйесіндегі көрініс бұдан өзгешелеу. Бұл саладағы қазақ тілінің қолданыс кеңістігі тар. Ақпараттық кеңістікті орыс тілді құралдар жаулап алды. Бұл мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүзеге аспай отырғанын көрсетеді. Себебі, онда тілдердің үйлесімді қызметі, яғни мемлекеттік тілдің өз мәртебесінде, басқа тілдердің өз мәртебесінде қолданылуы көзделген, ал ақпарат саласындағы жағдайды әлі күнге дейін «үйлесімді» деп айтуға келмейді. Мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарының иеленген кеңістігі, саны мен сапасы тиісті деңгейде, тіпті қоғамның артып отырған сұранысы деңгейінде емес. Қоғам сұранысы артып отыр дейтінім, бүгінгі таңда қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар саны көбейіп келеді, ауылды жерлерді былай қойғанда, қалалы жердің басқа ұлт өкілдері балаларын жетектеп қазақ балабақшалары мен мектептеріне әкеп тапсырып жатқандары бар. Сонда қазақ тілді ақпаратты тұтынушыларының саны артып отырғанымен, оларды қамтамасыз ететін құралдар саны жеткіліксіз. Ал сан аз жерде сапаның да қандай болатыны белгілі. Сөзімді бәріне белгілі «тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін теледидар жоқ, ауыл-ауылдарға түгелдей тарайтын газет, радиоарна саны бірлі-жарым ғана» дегендермен дәйектемей-ақ қояйын, қазіргі қазақ арналарындағы орыстілді бағдарламаларының көрермендерінің азайғанын айтпақпын. Себебі, орыстілді көрермен сапасы жағынан әлдеқайда жоғары тұрған Ресей арналарына артықшылық береді. Сонда теледидардағы асыл уақыт көрермені аз бос бағдарламаларға кетіп жатқан сияқты, осыны да ескеру керек пе деймін. * * * Ал енді мемлекеттік тілдің ғылым саласындағы қолданысы туралы айтсақ, мұнда да оң құбылыстар жеткілікті. Кейінгі жылдары мемлекеттік тілде жазылған диссертация, монография, ғылыми мақала саны артқан еді. Алайда, бір өкініштісі, техника, жаратылыстану саласында қазақтілді еңбектер де, ғалымдар да аз. Сондықтан да бұл салада мемлекеттік тілдің қолданысы ақсап отыр. Мұның себебін мен қоғамның техникалануымен түсіндірер едім. Қазіргі кезде техникалық, жаратылыстану салаларының мамандары қоғамда күшті позицияларды иеленіп тұр, алайда олардың барлығында гуманитарлық ғылымдарға, соның ішінде қазақ тіліне тиісті мән берілмейді, қосалқы пән ретінде қарайды. Сондықтан техникалық ғылым салаларын гуманизациялау керек және оны қазақ тілін үйретіп-оқытудың негізінде жүзеге асыруды қолға алу аса қажет. Сонда ғана ғылым қазақ тілінде дами алмақ. Қазақ тілі әлеуеті зор, мүмкіншілігі мол, дәстүрлі жолмен тарихи даму кезеңдерден өтіп келе жатқан жүйелі де, бай құрылым. Жалпы алғанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты заман талабына сай жұмыс жасап келеді деп ойлаймыз. Институт соңғы үш-төрт жыл төңірегінде қазақ тілі пәнінің мазмұны мен оны оқыту әдістемесі, дидактикасын жаңғырту, сондай-ақ қазақ тіл білімі бойынша оқулықтар мен лекциялар курсының ғылыми-теориялық базасын жетілдіру мақсатында 30-дан астам оқулық пен оқу құралдарын, 40 шақты сөздік, 30-дан астам монография, 50 шақты ғылыми жинақ шығарды. Солардың ішінде қазақ тілі пәнінің негізін құрайтын қазақ грамматикасын заманауи тұрғыда оқытуға қажетті ғылыми негіз болып табылатын 2 томдық «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», «ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында дайындалған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», тілдік бірліктерді лексикографиялаудың жаңа лингвотехнологиясы бойынша көлемі және мазмұнының тереңдігі тұрғысынан түркі әлеміндегі барабар сөздіктер ішіндегі бірегей ұжымдық еңбек болып табылатын үлкен біртомдық түсіндірме «Қазақ сөздігі», жаңа басылымдағы «Орфографиялық сөздік», академик Ә.Қайдардың «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты еңбегі, осы жолдар авторының «Қазақ тіл білімінің терминологиясы мәселелері», «Қазақ фразеологизмдері мен перифраздары», Ж.Манкееваның «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты монографиялары жарық көрді. Мол тілдік және этнолингвистикалық деректер мен мағлұматтарды (қазақ қоғамының шежірелі тарихы, мемлекеттік құрылымы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, кәсібі мен шаруашылығы, ұлттық өнері мен салт-дәстүрі, халықтық өлшемдері мен діни көзқарасы, мәдени-аксиологиялық қоры, табиғатқа байланысты дүниетанымы мен ұғым-түсініктері, т.б.) қамтыған үш ерекше лексикографиялық еңбектен тұратын академик Ә.Т.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). – Т. 1-3. – Адам. – Қоғам. – Табиғат» атты тарихи-этнолингвистикалық зерттеулер циклы жарыққа шықты. «Ғылыми қазына» зерттеу бағдарламасы негізінде «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша қазақ лингвистикасын жеке ғылым саласы ретінде дамытқан ірі қоғам қайраткерлері, қазақтың тұңғыш тілтанушысы А.Байтұрсынұлы, тұңғыш тілтанушы-профессоры Қ.Жұбанов, академик С.Кеңесбаев, профессорлар Н.Сауранбаев пен М.Балақаевтың өмірі мен тілтанушылық қызметтеріне арналған ғылыми-публицистикалық еңбектер дайындалып, жарық көрді. Осы «Ғылыми қазына» зерттеу бағдарламасы аясында «Қазіргі қазақ тілі» атты 5 томдық академиялық ғылыми еңбек дайындалып отыр. Бұрыннан қалыптасқан академиялық ортада, академиялық стильде жұмыс істейтін институт ғалымдарының еңбектері саны жағынан да, сапасы жағынан да елді сүйсінтерліктей деңгейде. Осы жерде айта кететін бір жағдай бар. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағалы отырмыз. Халқымыздың тарихы «Халық тарих толқынында» атты бағдарлама аясында зерттеліп жатыр. Ал қазақ тілінің тарихы зерттеліп отырған жоқ. Қазақ тілінің тарихы бойынша көптомдық еңбек жазуға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл институты ғалымдарының әлеуеті жеткілікті. Министрлік қолдап жатса, мақсатты, нысаналы қаржыландыру бағдарламасы бойынша осы мәселемен айналысуға болар еді. Дей тұрғанмен, институт қызметкерлерінің негізінен гранттық тақырыптар бойынша жасалатын еңбек арқылы, сол тақырыптардың орындаушылары ретінде алатын жалақымен күн көретіндігі аян. Гранттық зерттемелердің жалпы сомасы 2012 жылы – 82 миллион теңгені құраса, 2013 және 2014 жылдары 110 миллион теңге көлемінде болған еді. Биылғы ғылыми сараптамадан өткен 9 тақырыбымызға бар болғаны 34 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлініп отыр. Аталған қаржы (34 миллион) 90-дай қызметкері бар ғылыми институттың қай мұқтажына жауап бере алмақ? Бұл зерттеу жүргізуге қажет деп сұралған сомадан үш есе кем. Осындай жағдайда, ұжымның бұдан арғы жай-күйі қалай болмақшы деп алаңдап отырған жағдайымыз бар. Тіл институты – ұлттық институт емес пе? Оған немқұрайды қарау елдігімізге мін болмас па?! Осы мәселені ойлана, ойласа жүрелік, ағайын. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҰҒА академигі, профессор. Алматы.