22 Мамыр, 2015

Әлемде жұмыссыздар саны – 200 миллион

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық еңбек ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі Өңірлік бюросының директоры Хайнц Коллермен кездесті. Г.Әбдіқалықова Ха­лық­аралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) БҰҰ жүйесіндегі еңбек қаты­нас­тарын реттеу мәселелері жөнін­дегі халықаралық бедел­ді ұйым ретіндегі рөлін атап өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақ­стан­ның бұл халықаралық ұйыммен ынтымақтастыққа айрықша мән беретінін және ХЕҰ-ның негізгі іс-шараларына жыл сайын белсенді түрде қатысатынын айтты. Соның ішінде биылғы маусымда өтетін ХЕҰ Бас конференциясы 104-сессиясының тақырыбы маңызды екеніне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, тараптар еңбек қатынастары сала­сын­дағы Қазақстан мен ХЕҰ ынтымақ­тастығының келешегін талқы­лады. Мемлекеттік хатшы Мемле­кет басшысы ұсынған бес инс­ти­туттық реформа мемлекет­тік институттарды сапалы жаңар­туға, экономикалық бағдарлама­лардың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартуға және кең ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап көрсетті. Г.Әбдіқалықова «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету, бүгінгі жұмыс орындарын сақтау және сыртқы нарықтағы ахуалдың нашарлауы жағдайында жаңаларын ашу үшін ерекше мәнге ие екенін айтты.

Аталған міндеттерді іске асыру ел экономикасын жан­дандырады, икемділікті арт­тырады және халықтың жұ­мыспен қамтылуын барынша қамтамасыз ете отырып, кәсіп­керлік проб­лемаларының шешілуіне мүмкіндік туғы­зады. Кездесу барысында, соны­мен бірге, Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін Ұлттық іс-қимыл жоспарын қабыл­дау, сондай-ақ, Еңбекті қорғау және жұмыс күшінің икем­ділігі жөнінде зерттеу жүр­гі­зудің ұлттық бағдарын әзірлеу жөнінде ХЕҰ-ның техни­калық қолдау көрсетуі мәсе­лелері қаралды. Кездесу аясында журна­листерге сұхбат берген Халық­аралық еңбек ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі Өңірлік бюросының директоры Х.Кол­лер биылғы маусымда өтетін ХЕҰ Бас кон­фе­ренция­сының 104-сессиясын­да ұйым­ға мүше 185 елдің өкілдері қаты­сып, онда бола­шақ­та еңбек нарығында қалып­та­сатын жағдайлар, еңбекпен қамту мәселелері қозғалаты­нын жет­кізді. «VIII Астана эконо­ми­калық форумында көте­рілетін мәселелердің бірі – ха­лықты еңбекпен қамту саясаты. Бұл – халықаралық қоғамдас­тықтың күн тәртібінде тұрған өзек­ті мәселе. Қазіргі таңда әлем елдерінің басым көпшілі­гін­де жұмыссыздық ушығып тұр. Мәселен, әлемде 200 млн. адам жұмыссыз. Бұл өткен жыл­ғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда 30 млн. адамға көп. Демек, бұл мәселе біз үшін айрық­ша маңызды, сол себепті де ол Астана экономикалық фору­мының алаңында жан-жақты талқыланады», – деді Х. Коллер.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».