Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» және жазушы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» кітаптарының жаңа басылымдарының таныстырылымы өтті. Шараға белгілі қаламгерлер, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері қатысты.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «ҚазАқпарат» баспасы бастамасымен жарық көрген «Тарих-и Рашиди» шығармасының аудармасы Душанбе, Ташкенттің қолжазба нұсқалары және Теһранда жарық көрген А.Ғаффарифәрд текстологиясы еңбегі негізінде жасалған. Шығыстанушы Ислам Жеменейдің 2014 жылы Тараз мемлекеттік университетінде жарық көрген парсы тіліндегі текстологиясы да еңбекті аудару барысында пайдаланылған.
Зерттеуші ғалымдарға, тарих сүйер қауымға, дінтану, филология, психология, философия, жағрафия, этнография, саясаттану және басқа салалардағы зерттеушілерге берері мол еңбектің ерекшелігі, мұнда алғаш рет адам есімдері, жер-су аттары түгелдей қазақ әліппесінің таңбасы бойынша транскрипцияланған» делінген мұндағы қысқаша түсініктемеде. Айтулы екі ірі еңбек туралы Мәдениет және спорт министрлігінің маманы Серғазы Тәуекелов жан-жақты баяндап берді.
«Отырар» кітапханасының директоры Тұрсын Жұртбай: «Бұл кітаптың аударылуы біздің қазақ мемлекеттігіміздің, қазақ хандығының нақты тарихи кепілі болып табылады», – деді. «Әуезовтен кейінгі Есенберлин сияқты Алаш идеясына кепіл болған және қазақтың ұлттық өмірлік идеясын мұратына айналдырған жазушы тарихи тұрғыда жоқ деуге болады... Қазақ хандығының 550 жылдығы және І.Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай бұл кітаптардың бір мезетте жарық көруінің өзі ұлы сәйкестік деп ойлаймын» деді ғалым.
Кітаптың лентасын мәдениет қайраткерлері, ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Өмірзақ Озғанбай, Ислам Жеменей, Бүркіт Аяған салтанатты жағдайда қиып, жаңа басылымдардың шығу тарихы мен келешек ұрпаққа берер тағылымы жайында баяндады. Кітаптардың бір-бір данасы Ұлттық академиялық кітапхананың мұражайына тарту етілді.
«Тарих-и Рашиди» кітабының шығарылуына орай «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының президенті Қонысбек Ботбай: «Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында тарихымызды түгендеген кітаптардың ішінде шоқтығы биігі болып саналатын «Тарих-и Рашиди» кітабын шығару бойынша биыл көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл еңбек үш тілде жарық көруімен құнды. Қазақша – 4 мың, орысша – 2 мың және ағылшынша 1 мың таралыммен жарық көрген кітапты бұрынғы аудармасымен салыстырғанда, бұл жолғысы біршама толықтырылған және көптеген суреттерімен түрлі-түсті кітап-альбом ретінде жарық көрді. Оның бірінші артықшылығы – қазақ деген атаудың алғаш рет айналымға кіргені осы кітапта айтылады.
Екінші бір елең еткізерлігі, қазаққа қатысты көптеген мәліметтерді табасыз. Оған 150-ге жуық қазақ сөздері кіріктірілген. Сонымен қатар, бұрынғы кітаптарда оны Дулати деп жазып жүрсек, ендігі жерде Дулат деп қалыптастыруға тырыстық. Өйткені, «и» әрпі көбіне қаланың, жердің аттарына байланысты жалғанады. Мысалы, Фараби, Тарази... Сондай-ақ, парсы өзбек, тәжік тілдерінде жарық көрген кітаптарда Дулат деп жазылған екен... Бұрын ол әрине, аударылған еңбек. Бірақ, онда біраз кемшіліктер орын алған, біз бұл жолы соларды жетілдіріп, барынша толықтырдық.
Ол үшін мамандар жарты жылдан астам жұмыс істеді. Тағы бір айта кетерлігі, заман өте келе бұл кітап жетілдіріліп, мұнан да орнықты зерттей түсуді қажет ететіні сөзсіз. Өйткені, «Тарих-и Рашиди» – көп айтылғанмен, әлі ғылыми айналымға түспеген тылсым тұстары көп кітап. Мұны қазақ ғалымдары, мамандары қолға алып жан-жақты зерттесе, қазақ хандығына, Орта Азияның тарихына қатысты көптеген мәліметтер жеткілікті» деді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».