24 Шілде, 2010

Мұғалім беделін көтеріп, құқығын қорғау керек

671 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Тамыз мәслихаты қарсаңында

Ұлт болашағы және қазақ мектебі

Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек.

А.Байтұрсынов.

Тарихты жасаушы – халық. Ал халықты бастаушы – зиялы қауым. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақ халқының аңыз, ертегілері Аяз биді, тарих Қорқыт ата мен Асан қайғыны алдымызға тартса, Абылай хан мен Бұқар жы­раудың ара қатынасы, Төле би, Қа­зыбек би, Әйтеке билер, Махам­бет­тің Баймағанбет сұлтанға айтқан­дары зиялы қауымның құдіретін көрсетсе керек. Оларды елім, хал­қым деп бас тіккізген оқу мен білім емес, құдіреттің шеберлігімен жасалған қан мен сүйек. Ендеше, қазақтың түсінігіндегі зиялы – көзі ашық, оқыған, жақ­сы-жаманды ажырататын, шындық пен әділдікті айта алатын күрескер адам. Шоқан, Ыбырай, Абай те­рең­нен тамыр алған осындай зиялы қауымның заңды жалғасы болды. ХХ ғасырдың басында қазақтың зиялы қауымынан шыққан Алаш азаматтары Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұр­сы­нов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тыныш­баев, Халел Досмұхамедов, Сұлтан­бек Қожанов, Темірбек Жүр­ге­нов жоғарыда аталған терең тамырлы зиялы қауымнан нәр алған бәйтеректер еді. Бұлардың барлығы дерлік 1937 жылы атылып, қазақ зиялылары өзінің алтын арқау дің­гегінен айырылды. Ке­ңестік кезең­де интернационалист, патриот – жаңа зиялы қауым қа­лып­тасты. Бұлар қазақтың зиялы қауы­мының тарихынан қол үзген қор­қақ, жал­тақ, құлдық психо­ло­гияға мойын­сұнған зиялылар еді. Бұл сөзіміз артықтау естілер, бірақ шындық осы. Болашақ дамуымызды дұрыс бағдарлау үшін өткеннен дұрыс тағылым алмай болмайды. Мұндай сындарлы көзқарас өтпелі кезеңде ерекше маңызды. Сондықтан біздің тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін міндетті түрде ұлттық зиялы қауымды қалыптастыруымыз қа­жет. Себебі, зиялы қазақ – қазақ топырағынан бастау алып, әлем мәдениетін меңгерген, өз ұлтына жөн сілтейтін болашақ аристо­кра­тия мен бұқараны жалғастырушы алтын көпір. Қазіргі қазақ интеллигенциясы орыс тілді және қазақ тілді болып екіге бөлініп жүр. Олардың ішінен өздеріне тән кемшіліктерін жөндей алатын және жаңаша тәрбиеленіп келе жатқан жастардан қазақ зия­лысын дайындайтын мемлекеттік бағдарлама керек-ақ. Бұндай бағ­дар­ламаларға Астана мен Алматыда немесе ірі қалаларда асфальтта өскен балалардан гөрі, елде өскен “қара табанды” көбірек тартуға баса назар аударған жөн болар еді. Себебі, елде өскен бала ұлт тілін, салт-сана, әдет-ғұрпын, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын, қайғы-мұңын сезініп өседі. Халықшыл болу – зиялылықтың негізгі қа­сиеті. ХХ ғасырда ауылдан шыққан балалардан рухани дамудың ғажай­ып самғауын көрсеткен мәдениет және қоғам қайраткерлері аз емес. Олар – шын мәніндегі әлемдік дең­гейдегі тұлғалар. Олар: Бауыр­жан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Шахмардан Есе­нов, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков, т.б. Сондықтан әрбір облыс орталығынан, Алматы мен Астанадан дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар ашу – еліміздің интеллектуалдық по­тен­­циалын қалыптастыру үшін жа­са­­лынған мемлекеттік шара болып табылады. Бұл – әрине, уақытты және қаражатты қажет ететін ау­қымды мемлекеттік жұмыс. Оған дейін осы бағдарлама негізінде қазіргі таңда қоғамда орын алып отырған ұйымдасқан қылмыс, па­рақорлық, мемлекет мүлкін талан-таражға салу секілді келеңсіз­дік­термен үкімет аяусыз батыл күрес жүргізуі керек. Ұлт қауіпсіздігі, мемлекет қауіпсіздігі дәрежесінде қаралып, қатаң заң актілері не­гі­зінде жазалануы тиіс. Бұл – Пре­зидент, Парламент, құқық қорғау органдарының тарапынан атқары­ла­тын бірінші шара. Бұл жұмыс қазір жүріп жатыр, бірақ нәтиже әлі қанағаттандырарлық емес. Сондықтан болар, сыбайластық балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін белең алуда. Екінші шара – ғылым мен бі­лім­де, мәдениет пен әдебиетте, өнер­де ұлттық идеологияға баса на­зар ау­дарып, мемлекеттік бағдар­ла­ма жа­салғаны жөн. Оларға сапалық жоғары талаптар қойылып, ғылым мен өнер қайраткерлері сандық емес, сапалық құраммен бағалануы тиіс. Өйткені, қай қоғамның бол­сын, түптеп келгенде, тағдырын адам, қоғам мүшелерінің сапасы ше­­шеді. Шығыс ойшылдары ха­лықтың кемелденгенін оның қанша қала салып, қанша пұт астық жи­нағанына қарай емес, ондағы адам­дардың білім-парасатына, иман­дылығына қарай бағалау керек деуі тегін емес екенін өмірдің өзі дәлел­деп отыр. Ендеше, ұлттық зиялы қауымның ауадай қажеттігі өзінен-өзі көрініп тұр. Мәселені шешудің мемлекеттік ауқымды бағдарламадан кейінгі атқарылар шара – ғасырлар бойы жинақталған ұлттық мұрамызды жа­ңаша сараптап, Шығыс пен Ба­тыс пікірталасына үн қосу, дамыған әлем алдында төл мәдениетімізді уа­ғыздап, жат пікірлерге тойтарыс беру. Қазақта “Өзіңді-өзің сыйла, жат жанынан түңілсін” деген ата­лы сөз бар. Осы сөздің мағына­сы­на мән бермей келеміз, мән бе­ретін кез келді, қазақ бұрынғыдай емес, өз жерінде көпшілікке айнал­ды. “Нұрлы көшті” жандандырып, шеттегі қазақты молынан тартып, солтүстік облыстарға орналастыру жүйелі жоспарлы іске асуы керек. Қазақстанда қазақтың мәселесімен айналысудың күн тәртібіне қой­ы­латын уақыт жетті. Президент Н.Назарбаев 2009 жыл­­­ғы халыққа Жолдауында “Адам­­дарды ашындырмайық, олар­ға сөзбен және іспен көмектесейік” деді. Еліміздегі жүзден аса диаспора мен этностық топтардың басын құрайтын да, бірлікті сақ­тай­тын да – қазақ, ол үшін қазақтың өзі сапалы болуы керек, сапалы бо­лу үшін қазақтың мәселесі шешілуі қажет. Бұл жөніндегі ойымды Елбасы Н.Назарбаевтың мына бір сөздерімен тұжырымдағым келеді: “Біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйе­мізді, тарихи танымымызды, ру­хани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада ру­хани тәуелсіздікке жетуіміз керек” деген болатын. Ал сапалы қазақты – зиялы қауымды, қайраткер ұрпақты қалай дайындаймыз? Ол үшін ұлы жазушы М.Әуезов айт­қан­дай “Ұлт болам десең, бесігіңді түзе”, отбасындағы ба­лалардың бақшадағы, мектептегі, кол­ледждер мен жоғары оқу орын­дарындағы оқу-тәрбие жұмысын жолға қойып, бұған жалпы халық­тық, мемле­­кет­тік бетбұрыс жасалуы керек. Қазақ мектебінің сапалық дең­гейін кө­теріп, белгілі бір жүйе­нің ғана тап­сырысын орындайтын мектеп емес, бізге адамды тәрбие­леп өсіретін, демократиялық қоғам­ның азаматын қалыптастырып шығаратын ұлттық мектеп қажет. Осындай мектептегі басты тұлға – мұғалім. Мұғалім ұзақ жылдар бойы бұй­рықтар мен талаптарды орындауға мойынсұнған, оның ой-өрісі, тал­пы­нысы шектелген. Білім беру ор­гандарының да ағартушылыққа, гу­ма­нисттікке, адамгершілікке үн­дей­тін жоғары идеалдардан гөрі әкім­гершілікке, төрешілдікке, қағаз­бас­тылыққа бой ұрғаны байқалады. Мұғалім егеменді еліміздің саяси-әлеуметтік негізін нығайту үшін жалынды насихатшы, мәдени-қо­ғамдық жұмыстарды ұйымдастыру­шыдан гөрі, белгілі бір тапсырманы орындайтын қолбалаға айналған. Адамзат тарихында ұстаздар қауы­мы қоғам өмірінде саяси-әлеу­мет­тік жұмыстарда ерекше орын алып келгені тарихтан белгілі. Соңғы жылдары ұстаздардың осынша­лық­ты биік позициясын жоғалтып алғаны – ащы болса да шындық. Сын көтермейтін мәселенің бірі – мұғалімнің әлеуметтік жағынан қорғалуы, оның қоғамдағы орны, күнкөрісі. Сондықтан бала, ата-ана, ұстаз туралы заңдар жобасы жаса­лып, нақты міндеттер жүктел­гені дұрыс. Мектеп пен мұғалімнің құ­қығы заңмен қорғалып, ағарту­шыл­ық жоғары идеалдарды, биік па­расатты позициясы қалпына кел­мей­інше, келешектің көкжиегі бұлың­ғыр. Мектеп өз жемісін он жылда бір-ақ береді. Қоғамның деңгейін осы мектептен шыққан шәкірт­тер­дің аяқ алысы көрсетеді. Тәуел­сіз­діктің баянды болуы білім, ғылым­сыз мүмкін емес. Сондықтан білім беру ісін мемлекет бірінші кезекке қоюға міндетті, сонда ғана қоғам алға басып, өркениет көшіне ілесе алады. Қоғам ұстазға жас ұрпақты, яғни өзінің келешегін тәрбиелеуді тапсырады. Бұл – орасан зор сенім, ол мұғалімге үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Бұл мұғалімнің терең білімді болуымен бірге мөл­дір, таза, адал болуын талап етеді. Пендешілікке салынбай, тура жол­мен жүру екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін қайрат керек, күрес керек. Ендеше, мұғалім кү­рес­кер, қоғам қайраткері дәре­же­сіне көтерілуі тиіс. Сонда ол балаға ұнап ғана қоймай, оның бүкіл өміріне із қалдырады. Бізде қазір қайраткер санап жүргендердің көбі – кәдімгі қызметкерлер, ел болған соң бұлар да қажет. Ұстаз, міне, осындау шенеуніктен моральдық және материалдық жағынан кем болмауға тиіс. Себебі, ол – халық мұғалімі, зиялы қауымның өкілі, сонда ғана өркениетті қоғамның қайраткерлері, зиялылары қамта­масыз етіледі. Мұстафа Кемал Ататүрік: “Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлттық бейнемізді бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, бүкіл қимыл-әрекет­терімізбен құрметтеуіміз керек”, – деген еді. Бізде осы жетіспейді, жетістіретін тәрбие ісі. Аристотель: “Барлық өнер атаулы, оның ішінде тәрбие өнері адамда табиғаттан же­тіспегенді толықтыруды көздейді”, – десе, А.Байтұрсынов: “Елді тү­зетуді бала оқыту ісінен бастау ке­рек”, – деген болатын. Олай болса, келер ұрпақты тәр­биелейтін қазақ мектебі орта білім тұжырымдамасында былай тұжы­рымдалған: “Нағыз ұлттық мектеп – мемлекетті құрайтын ұлттың тарихи аумағында қызмет атқара­тын және осы аумақта өзінің еге­мен­ді білім беру саясатын жүзеге асы­ратын, оқушыларда ұлттық мі­незді және ана тілінің негізінде өз халқының рухани әлемін еркін қа­лыптастыратын мектеп”. Ұлт мек­те­бінің мақсаты: Жас ұрпақты ұлт­тық игіліктер мен адамзаттық құн­­дылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу, терең теориялық білім, білік, дағдыларды олардың қабі­лет­тері мен талап-тілектерін қанағат­тандыратындай, әр оқушының дара ерекшеліктеріне сай ой-өрісін, талғамын, дүниетанымын кеңейтіп, оқытып тәрбиелеу. Нәтижесінде, М.Дулатов сөзі­мен айтқанда былай болады: “Мұн­дай балалар мектеп бітір­ген­нен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасы­майды... қайда болса да, тір­шілігінде қандай ауырлық, өзгеріс­тер көрсе де, ұлты ұлы болып қа­лады. Ал орысша оқыған бала орыс­тың тілін ғана оқып қоймай­ды, оның бол­мы­сын, салт-дәстүрін, керек болса, дінін де қабылдайды”. Сондықтан жоғарыда келтірілген ғылыми-әдіс­темелік, тәжірибелік ой қорытын­дыларын саралай келіп, былай тұжырымдауға болады. Ол этнос субъектісін тәрбиелейтін бір­ден-бір орын – қазақ мектебі. Қа­зақ мек­тебін жаңарту, мазмұнын те­­реңдету оның жұмысын қайта құ­­ру – бүгінгі күннің ең басты міндеті. Ұлт мектебіндегі бояудың басты белгісі – онда ұлттық рухтың болуы. Сонда оқушыда ұлттық сана қалыптасады. Жас ұрпақтың сана­сында туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік сезімі ұялап, ұлттық рухы дамиды. Ана тілін, ділін, дінін, оның тарихын, мәде­ние­тін, өнерін, салт-дәстүрін, ру­ха­ни-мәдени мұраларын қастерлейді. Яғни академик Амонашвилидің гру­зин тілінде оқитын мектептердің бәрін ұлттық мектеп деуге болмай­ды, себебі ол мектепте ұлттық рух болуы керек деген мазмұнда айтыл­ған ойы іске асады. Жас ұрпақта намысшылдық, сенімділік, шыдам­дылық, жанашырлық тәрізді ұлттық мінез қалыптасады. Сұлулықты, та­залықты сүйетін, денсаулығы мық­ты, ұлт алдында тұрған ерекше іс­тер­ді шешуге қабілетті, іскер, жау­ап­кершілігі жоғары, өз бетінше ойлай алатын алғыр, тәкаппар жеке тұлға тәрбиеленеді. Ұлттық идея, яғни тіл, діл, дін іске асады. Ұстаз еңбегі ертеңгі күн үшін жасалады, ол еңбек ететін қазақ мек­­­­тебін бүгін дамыту керек деген­дегі мақсатымыз халықтың әл-ауқаты артқан, тәуелсіз гүлденген Қазақ елін сомдайтын жаңа қа­зақты тәрбиелеу аса жауапты та­рихи міндет болғандықтан, осы бір жолдарды қайта-қайта жазуға, айтуға мәжбүр болып отырмыз. Тіл мәселесінің егемендік алға­лы айтарлықтай жетістікке жетпеуі  мемлекетіміз бен ұлтымызға сын болып тұр. “Ұлы державалы” орыс тілін қолдау ат төбеліндей моно­по­лияны күшейтіп жіберді. Бұл қазақ тілінің беделін түсіріп отыр. Оны жүргізіп отырған басқа емес, орыс тілді қазақтар. Әйтпесе, Қа­зақ­станда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік ұлт сая­сатының тұрақты, қалыпты саясат екеніне тоқсаныншы жылдарда-ақ көздері жеткен болатын. Тіл де­ге­німіз – ұлттық болмыс пен пси­хо­логия аясында ең сезімтал, әрі нә­зік сала. Сондықтан оны қор­ғау ке­рек. Мемлекеттік тілге, қазақ ті­ліне қажеттілік туғызуы қажет. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қыз­метке жұмысқа тұру үшін мемле­кет­тік тіл­ден – қазақ тілінен емти­хан тап­сы­руды өз деңгейінде жолға қою керек. Ол емтихан – қатал тәртіппен әділ өтуі шарт. Дәл осын­дай емти­ханды ел Президенті Н.Назарбаев­тан бас­қа­ның өз дәрежесінде тап­сыра ала­тынына күмәнім бар. Біз қа­зақтарды қазақша сөйлетпей тұрып, басқа ұлттарға мемлекеттік тілде сөйле деп талап қоюымыз, бірін­ші­ден – әді­лет­сіздік, екіншіден – заң­ды өкпе туғызудың жолы. Ал қа­зақ­ша сөй­леген қазақстандық патриот­тар­ды құрметтеу – қазақтың парызы. Ұлы философ Гегель: “Білім­ді­ліктің ең басты факторы туған тілде сөйлеу мен оны сыйлаудан бас­талады”, десе, А.Байтұрсынов­тың: “Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады”, деуі тілдің саяси-әлеу­меттік, өмірлік мәнінің қан­ша­лықты қымбат екенін көрсетсе керек. Түркі халықтары латын алфа­витіне көшті. Біздің де көшуіміз қа­жет. Түркі тегімізге тарту – табиғи заңдылық. Келешегіміз де осы заңдылық негізінде болуға тиіс. Латын алфавиті – көне және ха­лықаралық алфавит. Онымен ағыл­шындар, итальяндар, француздар, немістер жазады. 1929-1939 жыл­дары Қазақстаннан шыққан кітап­тар, газет, журналдар латын алфа­витімен басылып шақты. Латын алфавиті – жазба мәдениетіміздің белгілі бір тарихи кезеңінде болды. Кезінде В.И.Ленин орыс халқының өкілі бола тұрып, латын алфавитіне көшуді “Бұл күншығыстағы мәдени революция” деп бағалаған болатын. Сондықтан бұл тарих сахнасына жаңа шығып отырған мәселе емес. Бұрын болған істі жаңа заман тұр­ғысынан саралап, шешім қабыл­дауы­мыз тиіс. Бір мәселе анық, ол осы мәселені саясаттандыру – дұ­рыс емес, бұл бұрыс шешімге апа­ратын жол. Дүниежүзілік өркениет нені қаласа, соны істеу – мін­де­тіміз. Саясат – белгілі бір уақыт­тың ғана өлшемі. Мұхамбет ДОСМАҒАНБЕТҰЛЫ, халық ағарту ісінің озық қызметкері. Қызылорда.