03 Сәуір, 2015

Ортақ нәтиже үшін тер төгеміз

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Корешков-1Жақында Александр Корешков «Барыс» хоккей клубының президенті болып тағайындалды. Ол – Қазақстанға ғана емес, шетелге де танымал әрі беделді спортшы. А.Корешков Қазақстан құрамасының сапында әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарына да қатысты. Соңғы жылдары Қазақстан Хоккей федерациясында отандық командаларды халықаралық жарыстарға қатысуға әзірледі. Қазақстанның ересектер мен жасөспірімдер құрама командаларының бас менеджері болып табылады. – Александр Геннадьевич, сізді жаңа қызметіңізбен – «Барыс» хоккей клубының президенті болып тағайындалуыңызбен құт­тық­таймын! – Рахмет. Бұл клубты басқару аса зор жауапкершілік жүктейді. Мен Қамқоршылар кеңесіне осындай сенім білдіргені үшін алғысымды айтамын және олардың сенімін ақтауға бар күшімді саламын. – Сіздің Қазақстан құрама коман­­дасының бас менеджері мін­детіңіз сол күйінде қала ма? – Иә. Алдағы әлем чемпионатына дайындық біраздан бері жүріп жатыр. 4 сәуірден бастап, хоккейшілер оқу жаттығуларына кіріседі. Қазір біздің алдымызда кеңейтілген құрама жасақтау тапсырмасы тұр. Бапкерлер штабының негізгі құрамаға кімдерді қабылдау керектігін нақты таңдай алатын мүмкіндігі болуы керек. Біздің жоспарымызша, құрамаға «Барыс» хоккейшілерінен басқа, Өскеменнен бес адам, Павлодардан төрт ойыншы, Қарағандыдан бес, Рудныйдан бір ойыншы қосылатын сыңайлы. – Соңғы кездері БАҚ-тарда «Ба­рыспен» жаңа келісім­шарт­тардың жасалмауы­на байланысты барлық қазақ­стандық хоккей­шілер құрама команда сапы­на қосыла алмайды деген қауе­сет тарады. Бұл жөнінде не дейсіз? – Хоккейшілердің келісім­шарт­тары сәуірдің 30-ына дейін жарамды. Сондықтан да, «Барыс» алдымен Қазақстан құрама командасына кіретін ойыншылардың жайын қарайды. Осыған байланысты, мен қазақстандық ойыншылармен келісімшартты әлем чемпионатынан кейін жасау керек деген пікірді ұстанамын. Ал чемпионат сәуірдің 25-інде аяқталады. Оның сыртында, ойыншы еліміздің хоккей құрамасында ойнағанды үлкен дәреже деп санап, саудаласпауы тиіс. – Бірінші басшының ауысуына байланысты клубта түбегейлі өзгерістер бола ма? – Түбегейлі өзгерістер болмайды. Әуелі мен «Барыс» клубының ұжымымен танысамын. Кімнің әрі қарай жұмыс жасағысы келетінін анықтаймын. Маған клубтың жұмысын барынша нәтижелі етіп ұйымдастыру мен коммерциялық мүмкіндігін көтеру тапсырылды. Оған қоса жаңа маусымда клуб 12 мың адамдық жаңа мұз айдынында өнер көрсететін болады. – Жанкүйерлер Қазақстан құрама командасы сапына кір­мейтін екі хоккейшінің жайына алаңдайды. Олар – Найджел Доус пен Ян Лацо. Бұл екеуі туралы не айта аласыз? – Тағы да қайталап айтамын, маған барлық жұмысты қабылдап алуға уақыт керек. Әзірге бұл мәселенің басы ашық. Барлығы менің ғана пікіріме байланыс­ты емес. Ұлттық спорттық жоба ретінде «Барыс» туралы шешім алқалы түрде, ашық шешілуі тиіс. Бапкерлік штабтың пікірі ескеріледі, әрине. – Сіз енді Қазақстан құрама­сы­ның бас менеджері ретінде ұлттық команданың бас бапкері Андрей Наза­ровпен бірге жұмыс жасайсыз. Ол туралы пікіріңіз қандай? – Андрей Назаров – өте тәжірибелі маман. Менің ойымша, барлығымыз нәтижеге жету үшін табанды түрде бірлесіп тер төгетін боламыз. – Жанкүйерлер Қазақстан құра­масын жас ойыншылармен толықтыру туралы көп айтады. Бұған не дейсіз? – Қазақстан құрама командасы алдына өте жоғары меже қойып отыр. Ол –тек жеңіске жету. Әрине, команданы жастармен толықтыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бірақ бұл бірден жүзеге асырылатын оңай шаруа емес. Ең бастысы – бізде резерв бар. – Әңгімеңізге рахмет. Жұмы­сыңызға табыс тілеймін. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».