Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде McKinsey & Company Қазақстандағы филиалының басшысы Юкки Макасимайнен мен «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тың басқарма төрағасының орынбасары Әсет Ерғалиев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Қазақстан экономикасының жаңа даму бағыттары туралы әңгімеледі.
Қазір әлемдегі барлық елдер экономикалық дағдарысқа түсіп, содан шығудың түрлі жолдарын іздестіріп жатқанына тоқталған Ю.Макасимайнен Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екенін қадап айтты. «Қазақстан экономикасы аяғынан нық тұр деуге негіз бар. Оның жақсы бір дәлелі кеше ғана ұлттық валютасын еркін айналымға жіберілген кездегі жағдай болды. Мұндай жағдайда көптеген елдер экономикасын игере алмай қалып жататын кездер де болады. Ал Қазақстан алдын ала іс-шаралар қарастырып, теңгені еркін айналымға сәтті уақытта шығара білді. Негізінен экономикалық саясатты бір сәтте жаңарта салу мүмкін емес. Қазақстан Үкіметі де көрші Ресей мен Қытайдағы экономикалық жағымсыз жағдайлар байқала бастаған кезден бері өзінің дайындық шараларын жүргізіп келген деп білемін. Әуелі Ресей рублінің құнсыздануы анау айтқандай әсер етпесе де, Қытай юаніне енгізілген түзету бүкіл әлемдегі дамыған және дамушы елдерде өзінің кері әсерін айтарлықтай сездірді. Соңғы онжылдықта үлкен екпінмен дамып келе жатқан Қытайдың алпауыт экономикасы шайқалғанда қасындағы Қазақстанға оның күрделі жағдай тудыруы анық еді», деді филиал жетекшісі.
Қазақстан Үкіметінің орын алған жағдайда қолға алған амал-әрекеттерін жоғары бағалаған сарапшы, экономиканы дамытуда үлкен елдердің тәжірибесін зерделеген дұрыс екенін жеткізді. «Осы кезге дейін үздіксіз дамып келген Қазақстан экономикасы дамуын бұдан әрі де жалғастыруына болады. Ол үшін өзіне ұқсаған Канада, Австралия, Чили сияқты елдердің тығырықтан жол тапқан тәсілдерін зерттеп біліп, қажет жерін қолданысқа енгізген жөн болар еді. Аталған елдердің өндіретін өнімдері мен ел территориясы да ұқсас. Сондай-ақ, экономикалық әлеуеті де деңгейлес деуге ауыз барады. Әрине, Канада АҚШ-тың көршісі болғандықтан онда кейбір артықшылықтар бар шығар. Бірақ Австралия мен Чилидің осындай жағдайда не істегенін білгеннің артықтығы жоқ. Себебі, соңғы 18 айда әлемдік экономикада көптеген өзгерістер орын алып үлгірді. Оның қатарында Қазақстан да болғанын көріп тұрмыз. Мұнай бағасы барреліне 45-50 долларға түскенін соңғы 10 жылда көрмеген елдердің көбісі есеңгіреп қалғаны рас. Енді бұл жағдайдан шығу үшін көптеген елдер экономикаларын үйлестіріп, бірге жол іздегені дұрыс шығар. Мұндай ауыр экономикалық соққыға ТМД елдерінің арасында Қазақстан лайықты төтеп бере алды десек жаңылыспаймыз. Өйткені, кәсіпкерлік пен жеке секторды дамытуға үлкен күш салып отырған ел сыртқы күштердің әсерінен шайқала қоймайды», деді Ю.Макасимайнен.
Бүгінде жүйелі экономиканы қалыптастыруға көшкен Үкімет бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын айтқан Ә.Ерғалиев, қазіргі маңызды деген мәселелерге назар аудартты. «Үкімет жүйелі экономиканы құру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді іске асыруға кірісті. Сол арқылы жаңа әлеуметтік орта құруға әрекет етіп жатыр. Ондай орта құру үшін бірнеше бағытты таңдап алып отыр. Соның негізгісіне тоқталсам деймін. Ол бойынша бұрынғыдай барлық кәсіпорындарға көмек қолын соза бермей, бұдан былай дамуға кепілдігі бар және бәсекелестікке төтеп бере алатын кәсіпорындарға ғана қолдау білдірілмек. Себебі, өндірісі кері кеткен кәсіпорындар тауарын сапасыз шығаратындықтан, бәсекелесуге қабілетсіз болып қалады. Мұндай жағдайда олардың тауары өтпеген соң мемлекетке алақан жаюын тоқтатпайды. Сондықтан, тауары бәсекеде төтеп беріп, сауда айналымын кеңейтуге мүдделі кәсіпорындарды қолдап, солардың көмегімен жұмыс орындарының санын арттырған тиімді», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».