03 Сәуір, 2015

Академия мән берген пән

281 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

03-04-15-kazahk_tili-2

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік тілді оқытуды жетілдірудің жайына жеткілікті көңіл бөле бастады. Осыған орай мұнда мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіру мәселелерін талқылаған республикалық ғылыми-әдістемелік кеңес болып өтті. Аталған іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Президенттің іс басқармасының, есеп комитетінің, тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің, Мемле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Әділет, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау  және әлеуметтік даму министрліктерінің ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік тілге қатысы бар мамандары қатысты. Кеңес төрағасы, академия ректоры Болатбек Әбдірасилов өзінің кіріспе сөзінде талқыланып отырған мәселенің маңыздылығы мен мемлекеттік қызметшілерді оқытудың мазмұны мен технологияларын бірізді бағытта жүргізудің өзектілігін атап өтті. Академияның аударма және мемлекеттік тілді оқыту орталығының жетекшісі, профессор Н.Төленбергенова өз баян­дамасында 2011-2014 жылдар аралығында мемлекеттік органдарда қазақ тілін оқытқан тіл орталықтардың оқыту әдіс­те­­мелері сапасына мониторинг жүйесі арқылы тоқталып, аталған бағыттағы өзекті проблемаларды атап көрсетті. Сонымен қатар, академияның ресми стильді оқыту тәжірибесіне жалпылама сипат бере келіп, типтік бағдарламаға кірген 6 семинардың бағыты мен бағдарына шолу жасап өтті. Ал аталмыш семинарлар ресми қазақ тілі және ресми мәтінге дайындық, ресми жазылым және мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, персоналды басқару және мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, сөз мәдениеті және шешендік өнер, мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігі тақырыптарын қамтиды. Баян­дамашы өз сөзінде тілді үйрету технологиясына тоқтала отырып, «Ресми қазақ тілі» – Официальный казахский язык семинарларының типтік бағдарламасын ұсынды. Кеңес жұмысына Прези­дент Әкімшілігі Жалпы бөлім редакциялық сараптама және актілерді шығару сек­торының меңгерушісі Бек­зада Сағын, мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі мемлекеттік қызметті өт­керу басқармасының бас инспекторы Алма Құлжанбекова, Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тіл саясатын талдау және монитринг басқармасының басшысы Тол­қын Исақова, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті әкім­шілік және қаржы бөлімі мемле­кеттік тілді дамыту секто­рының меңгерушісі Фарида Сақыпова, Әділет министрлігі ішкі әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту және аударма басқармасының басшысы А.Төлеуханова, Ұлт­тық экономика министрлігі мемлекеттік тілді дамыту және редакциялау басқармасының басшысы Г.Қисықова белсене қатысты. Сөйлеушілер талқы­ланып отырған мәселенің өзек­тілігі жайлы айтып, типтік бағдарламаны жоғары бағалады, академияның мемлекеттік қыз­метшілердің тілдік біліктілігі мен құзыреттілігін бірізді типтік бағдарлама арқылы көтеру туралы ұсынысын қолдайтындары жайлы баяндады. Іс-шараға онлайн режімі ар­қылы кеңес мүшелері, атап айт­қанда, өңірлік қайта даяр­лау мен біліктілікті арттыру орта­лық­тары­ның директорлары: Жам­был облысынан Дүйсенбек Әбді­райымов, Ақмола облысынан Әлі­бек Баймағамбетов және Ақтөбе облы­сынан Александр Дубовенко араласты. Кеңес мүшелері мен қатысу­шылар еліміздің барлық орталығы мен өңірлерінің мемлекеттік қызметшілерін оқыту жүйесіне енгізілетін «Ресми қазақ тілі – Официальный казахский язык» тақырыбындағы мемлекеттік қызметшілердің тілдік біліктілігін арт­тыратын семинарлардың типтік бағдарламасын  бекітті. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».