03 Сәуір, 2015

Екі кездесу

418 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
УОС-ЦВӨмір түрлі кездесулер мен қоштасулардан тұрады. Жоспарланған кездесуге адамдар дайындалып, қажетті көңіл күймен барады. Кездескен адамыңмен қайтып жолықпайтын сәттер де болады, кейде соның өзі де жөн көрінеді. Бірақ кейде өмірдің күтпеген тосын сый етіп, аяқ астынан ғажап кездесулер ұйымдастыратыны бар. Әдетте мұндай кездесулер адамның жүрегі мен көңілінде терең із қалдырады. Мәні мен мағынасы соншалықты терең, маңызы зор, Ұлы Отан соғысына қатысты екі кездесу жайлы қысқаша баяндамақпын. Ол соғыстың Ұлы Жеңіспен аяқталғанына, міне, 70 жыл болды, бірақ сол жеңістің құны тым қымбатқа түсті – күш-қайраты бойында бұлқынған, басым көбі өрімдей жастардан құралған 50 миллион адамның өмірін қиып кетті. Ал жараланғандар, мүгедек болып қалғандардың саны одан да көп. Тек солар ғана өмірден ерте озған достарын, майдандастарын мәңгілік есте сақтады, дәл солардай майданнан қаралы қағаз алған отбасылар да қайғысын ұмыта алмады. DOCСолардың бірі менің әкем – Ізтілеу Есенғалиев болатын. Адамзат тарихындағы теңдесі жоқ сұм соғыстың барлық азабы мен ауыртпалығын ол да көтерді. 1941 жылы соғысқа 22 жасында солдат болып аттанған әкем үйге соғыс аяқталғанда кеудесін ордендер мен медальдарға толтырып, офицер болып оралды. Бірақ жарықшақ пен оқтан алған жарақаты көп, екінші топтағы мүгедек болып қалған еді. Баренц теңізі, Рыбачий түбегі, Мәскеу маңындағы шайқастар, арасында дала хирургтерінің «пышағына да» талай ілінген. Табиғатынан мінезі тұйық, салмақты әкем тіпті майдангерлер соғыс туралы естелік айтып жатқанда да ештеңе айтқан емес. Олардың әңгімесін үнсіз тыңдайтын, бірақ өзі ашылып соғыс жайлы әңгімелеген емес. Тек қажет кезде Отанын қорғау үшін от кешіп, жүріп өткен географиялық мекендерді атап өтетін. Әскери марапаттарының санына қарап, ол жердегі ұрыстардың сәтті өткенін байқайтынбыз. Сондықтан да өзі күтпеген бір кездесуде оның ашылып сөйлеп, ағынан жарылғанын көру өте қызық болды. 1981 жылы әкем мен апам Мәскеуге келді, мен ол уақытта сонда білім алып жатқан едім. Оған қоса әкем кезінде өзі оқыған Ленинградты көргісі келді. Университетте ғылыми жетек­ші таңдауда жолым болды деп айта аламын. Ол майдангер, соғыс мүгедегі, мінезі қиындау профессор Константин Сергеевич Ремизов еді. Одан студенттер мен аспиранттар ғана емес, академиялық шеберлігін бірге шыңдап жүрген әріптестері де жүрексінетін. Солай бола тұра, оның адалдығы, тәртіп сүйгіштігі, өзіне және айналасына талап қоя білетіні үлгі етерлік деңгейде еді. Неге екенін білмеймін, оқып жүрген кезде Константин Сергеевич мені өзіне жақын тұтып, арамызда жақсы адамгершілік қарым-қатынас орнады. Одан бері көп жыл өтті, бірақ қазірдің өзінде курстастарым кездесу кезінде қатал Ремизовтың кафедрадан үйіне қоңырау шалып: «Эн Эм! Жақсылап дастарқан әзірле – Юра мен Бақытты алып үйге барамын» деп айтатынын еске түсіреді. Эн Эм, яғни ұстаздың жары Нина Михайловна бізді әркез кең жайылған дастарқан басында қуана қарсы алатын. Ал Юра деп отырғаны әйгілі профессор Юрий Николаевич Дубровский еді. Ол да майдангер, К.Ремизовтың досы болатын. К.Ремизовқа ата-анамның кел­генін айтып олармен таны­суға шақырып, зайыбын ерте келуін өтіндім. Ю.Дубровский ауырып қалғандықтан келе алмады. Қаржымның аздығын және әкемнің МГУ-дің алып ғимаратына қызығушылық танытқанын еске­ріп, кездесу менің бөлмемде, Ленин (қазіргі Воробьев) тауындағы уни­верситеттің бас ғимаратында өтті. Мінездері ұқсас әкем мен Константин Сергеевич басында сыпайы, салмақты ғана сөйлесіп отырды. Олармен салыстырғанда әйелдер тезірек тіл табысып, араласып кетті, кешкі аста көбіне солар сөйледі. Бір кезде Ремизов әкемнен қай жерде соғысып, жараланғанын сұрады. Бұл осы кештегі соғыс туралы айтылған бірінші сөз еді. Әкем ең ауыр жара­қатын Ржев маңындағы майданда алғанын айтқанда, ұзақ уақыт үнсіздік орнады, осы уақыт ішінде Ремизов әкеме қадала қараумен болды. Содан соң «қай кезде жараландың?» деп сұрады. Әкем «1942 жылдың 19 ақпаны» деген кезде Константин Сергеевич ерекше таңданыспен: «Мүмкін емес! Мен де 23 ақпан күні дәл сол жерде жараландым» деді. Сол кезде екеуінің бір дивизияда соғысқандары анықталды – командирлердің аты, соғыстың егжей-тегжей деректері, оқиға­лар – бәрі сәйкес болып шық­ты. Осы сәттен бастап олар айна­ласындағыларды ұмытты. Дәл сол кезде екеуі де Ржев маңында болды десем артық айтқан болмас. Бұл сондай бір ұмытылмас кездесу болды. Тағдыр бір-бірін танымайтын, алпыстағы екі қарияның кездейсоқ Мәскеуде кездесіп, қырық үш жыл бұрын өткен соғысты еске алуын маңдайларына жазған екен. Ол уақытта екеуі де жиырманың маңындағы балғын жастар еді, олар қазақ, орыс деп бөлінбеді, бір-біріне тек майдандас бауырмыз деп қарады. Келесі күні Ремизовтардың үйінде әңгіме жалғасын тапты, екеуі көбіне майдандас бауырларын еске алды. Опат болғандар мен аман қалғандарды тізбектеді, өздері жайлы бір ауыз сөз айтпады. Олар бір-бірімен ағайынды бауырлар тәрізді қимай қоштасты, екеуін жастық шақта ұрыс даласы емес, бейбіт, тоқшылық өмір табыстырғандай сезімде айырылыс­ты. Жаныма қымбат екі адамның кездесуі маған ақиқат­тың керемет көрінісі еді, адам болмысының өлшеусіз терең­дігінің айғағы еді. Екінші күтпеген кездесу бір­неше жыл өткен соң Герма­ния­да болды. Тоқсаныншы жыл­дар­дың ортасында мен Майндағы Франк­фуртте жұмыс істедім, сол кез­­де әкемді қонаққа келуге көндірдім. Алғаш келген кезде әкемнің әртүрлі техникалық шешімдерге қызығушылық танытқаны мені таң­ғалдырды, әуежайдың орналасқан жерінен бастап күнделікті тұрмыс-тіршілік заттары жайлы білуге әуестенді. Қызмет үйі мен көрші үйдің арасын тамаша бақша жалғап тұрған еді. Онда ғасырлардың куәсі болған ағаштар, көк-жа­сыл гүлзар бар еді, ортасында көркем магнолия өсетін. Әкем күп­теген тағы бір тосын кездесу осы бақшада өтті. Көршілермен жақсы қарым-қатынаста едік, оларға ата-анамның келетіні жайлы алдын ала ескерттім. Әйелі – антикварлық бизнесі бар дәулетті қожайын, ал ері – соғыс ардагері, әскери жинақылығын жоғалтпаған бұрынғы теңіз офицері болатын. Әрине, әкеме ол жайында айтпадым, сондықтан алғашқы кездесуде оның реакциясы тосын болды. Бақшада серуендеп жүр­генімізде жағдайға қарай салтанатты киінген көршіміз қонақты құрметпен қарсы алып, онымен танысуға шықты. Ақжарқын күлімсіреп, амандасу үшін қолын ұсынды. Әкемнің реакциясы таңға­ларлық болды. Әркез салмақты, сабырлы адам кенеттен өзіне ұсынылған қолды итеріп жіберіп, қызарып кетті де, қарлығыңқы дауыспен: «Фриц, сен әлі тірі ме едің?» деді. Содан соң ызбарлы кәсіби боксшыларға ұқсап, гонгке дейін төбелесетін адам тәрізді оған қарай жауынгерше иілді. Неміс ыңғайсызданып, маған қарады. Мен «Әкем сізді біреумен шатастырып алған тәрізді» деп түсіндіруге асықтым. Ақсаңдап кетіп бара жатқан әкемнің артынан қараған неміс істің мән-жайын ұқты. Сауал қоймай жатып мен оған әкемнің соғысқанын, жараланғанын айттым. Ол түсіністікпен бас изеп: «Кездескеніміз есімде жоқ» деп әзілдеуге тырысты. Одан кешірім сұрап, әкемді қуып жеттім де, жағдайды ушықтырмауға тырысып, осындай егде жаста – 80-ге келгенде бөтен елде ашуға бой беруге болмайды деп сабырға шақырдым. Сәл уақыт өткен соң сабасына түскен әкем кешке үйге келген көршілермен бір дастарқанда отырды. Оқиғадан хабардар болған көрші әйелмен сөйлесті, ол да мен тәрізді қарым-қатынасты түзетуге тырысты. Кешкі ас­тың соңында әкем немістен «соғыстың ба, соғыс­саң қай жерлерде болдың?» деп сұ­рады. Көршім теңіз офицері екенін, Баренц теңізі, Солтүстік теңізі мен басқа да теңіздерде болғанын айт­ты. Әкем тағдырдың өздерін Баренц теңізінде жолықтырмаса да (мен де сонда соғысқанмын), ұлы жұмыс істейтін Германияда кездестіргенін айтты. «Сол кезде қолыма қару алып немістерден Отанымды қорғаған мен Герма­нияға келіп, ұлымның үйінен кезін­де елімді талқандамақ болған қас дұшпанымды жолықтырамын деп ойладым ба?». Олар бір-бірінің көзіне тіке қарап отырды да, бір-бірімен бокал соғыстырып ішті. Біраз уақыт ауыр үнсіздік орнады. Әрқайсысы өз жан дүниесіне үңілді, сол кезде олар атыс пен жарылыстың ортасына қайта оралып, өмірдің кереметін сезіне алмай кеткен жүздеген мың жас достарын еске алғандай еді. Өмірде осындай кездесулер болады, Жеңістің 70 жылдық мерейтойы алдында сол жайында қысқаша баяндауды өз парызым деп санадым. КСРО қаржы жүйесінде ұзақ жылдар тамаша қызмет еткен әкем он жыл бұрын дүниеден өтті. К.Ремизов ММУ-де ұмытылмас із қал­дырып, 2013 жылы көз жұмды. Олардың қазіргі майдандас серіктеріне, майдангерлердің отбасыларына қайырымды, жарқын күндеріңіз көп болсын, жан шуағына бөленіңіздер деп шын жүректен тілеймін. Бақытжан ИСЕНҒАЛИЕВ. АЛМАТЫ.