Кәсіпкерлік нақты іспен көрсетілетін жұмыс. Тек өркениетті елдердегідей сауатты әрі жан-жақтылы дамыта білу қажет.
Талдықорған қаласына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев арнайы келіп, жергілікті кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысын өткізді.
Жетісулық кәсіпкерлер алдында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы мағлұмат бере сөз сөйледі.
Шараның негізгі бөлігінде ҮИИД бағдарламасы аясындағы даму деңгейінің көрсеткіштері талқыланып, отандық өнімдерді өндіру мәселесі сөз болды. Осы бағытта жергілікті кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Ләззат Шыңғысбаева баяндама жасады.
Кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысында аграрлы облыста қант қызылшасын өсірушілерді қаржыландыруға, тыңайтқыш сатып алу, мемлекеттік түрлі салымдарға салық төлеу, бекіре балығын өсіру, құрылыс заттарын жасау, тасымалдау және отандық тауарды экспортқа шығару, фермерлер мектебін ашу сынды бірқатар мәселелерге ҰКП төрағасы тарапынан жауап берілді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.