Ұлы Отан соғысы жылдарындағы (1942-1945) үш жыл бойғы күндіз-түнгі үзіліссіз жаңбырша жауып тұрған оқтың, жан-жағынан жарылып жатқан бомба, снарядтардың астында, талай мәрте жараланып, қайтадан қатардағы жауынгерлермен бірге талай шабуылдарға араласып, жорық жолын Шығыс Пруссияның Пиллау портында аяқтап, елге «Қызыл Жұлдыз» орденімен екі мәрте, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», т.б. ордендерімен жеңіспен оралған аға лейтенант шеніндегі бөлім командирі Ғыждуан аға Қасымов өзінің негізгі ұстаздық мамандығына оралып, бұл қызметінде де еңбектері жеміссіз болған жоқ. «Еңбек Қызыл Ту» ордені «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі соғыстан кейінгі еңбектерінің жемістері болса, 1961 жылы «Қазақ КСР мектебіне еңбегі сіңген мұғалім» атты құрметті атақты иеленіп, 1970 жылы «КСРО ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Амангелді, Арқалық аудандарында мектеп басшысы, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде бірге еңбек еткен замандастары мен шәкірттерінің естеліктерінің өзі бірнеше кітапқа желі болып, республикалық деңгейдегі және облыстық, аудандық, қалалық газеттердегі мақалаларға айналған.
Ғыждуан ағайдың бұрынғы шәкірттерінің бірі, өзі де Ұлы Отан соғысының қатарлары сиреп қалған ардагерлерінің бірі, кейін біраз жылдар бойы ұстаздықпен қатар, мектеп басшысы қызметтерін абыроймен атқарған, бұл күндері Астана қаласында тұрып жатқан Мінайдар Боранбайұлы «1940-жылдары 7-сыныпты Амангелді ауданының орталығындағы орта мектепте оқып жүргенімізде Ғыждуан ағай бізге география, тарих пәндерінен сабақ берді. Ғыждуан ағайдың сабақтарын бүкіл оқушылар мұқият тыңдап, ерекше әсерге бөленетінбіз. Мінезі өте сабырлы, үні биязы, сөйлегені де, күлімсіреп, күлгені де, жүргені де, киім киістері де бізге үлгі болатын. Менің келешектегі ұстаздық жолды таңдауыма: Рим философы Сенеканың «Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» деген сөзі мен Ғыждуан ағайдың адал пейілі, жан тазалығы, жақсылық нұрымен сәулеленген кеңдігі мен кешірімділігі себеп болды. Оған еш өкінбеймін, бұл күндері менің де шәкірттерімнің біразы ұлағатты ұстаздық жолды таңдағандары – еңбегімнің жемісі екендігіне тәубе етемін»... деп еске алады.
Ғыждуан ағайдың адамдығын, адалдығын өмір бойы өзінің ұстанымына айналдырған тағы да бір (марқұм) шәкірті Әубәкір Қылышбайұлының «Бас кеспек болса да» (Қостанай қаласы, 2005ж.) атты кітабының 77-78 беттерінде былайша еске алды:
«Ол жылдары, мына бертінге дейін мектепте дене тәрбиесі мен суреттен басқа барлық пәндерден оқу жылының соңында емтихан тапсырылатын. Соның қорытындысы бойынша ғана сыныптан сыныпқа көшірілетін. Сондай ұлы бәйгеде, емтихандарда мен сөз (тіл, әдебиет, тарих, география, биология, анатомия, астрономия) сабақтарындағы сұрақтарға билетті ала салып, ойланып отырмастан жауап беріп, бестік бағалар алып жүрдім. «Ұяттағы, ұят та болса, тұрат тағы» депті қазақ атам. Осындай жеті жылдық мектептің соңғы сыныбының емтихан тапсыруы кезінде бастан кешіп, ұяттан өлмеген бір жағдаятты бүгін еске алып отырғаным. «Өткен-кеткен кінәңді айтсаң, күнәң төгіледі», депті ғой даналарымыз. «Күнәм» төгілер ме екен, соны айтып өтейін.
Сол жылдары бізге тарих пәнінен мүлдем сауаты жоқ бір мұғалім сабақ берді (аты-жөнін айтуға аруақтан ұялып отырмын). Ол марқұм кітабын ашып қояр еді де, қиядан көз тастап, сол беттерді бірінен соң бірін оқып шығатын. Сонда, ең болмаса сол оқығандарын өзі ұғып, түсіне алмайтын, жарықтық. Біз сол ағайдың сабағында сұрақтарына ылғи да өтірік жауап беретінбіз. Мүдірмей айтқанымыз үшін төрттік, бестік бағалар алатынбыз. Біздің сорымызға қарай сол бір жылдары аудан көлеміндегі әр ауылдағы жетіжылдық мектептердің бітірушілері емтиханды Амангелді ауданының орталығындағы орта мектепте тапсыратын болған. Мұнда әлгі ағайымызға мүлдем ұқсамайтын тарих пәнінің білгірлері: Ғабдырахман Сақтағанов, Ғыждуан Қасымовтар ұстаздық ететін. Сөз сабақтарының емтиханын мақтаншақтықпен кезектен тыс тапсырып, сұрақтарға билетті ала салып, орынға отырып ойланбай-ақ жауап беріп жаман әуестенген маған осы жолы тарих пәнінің емтиханында ең соңғы 33-билет тап болды. Қолымызға осы пәннің емтихан билеттері кеш тигендіктен оған ақырына дейін дайындалып үлгермеген мен, болдырған аттай тұрдым да қалдым. Сол сәт көзім бұлдырап, тілім байланып қалды. Шамасы көп тұрып қалсам керек, емтихан алып тұрған Ғыждуан Қасымов ағайдың «Білмейсің, тұрма, кет», деген сөзінен селк етіп, ұйқыдан оянып кеткендей күй кештім. Есіме бұрынғы ағайыма осы пәннен сабақ айтатын әдетім сап ете түсті. Сол ізге салып, атымның басын жібергенім есімде. «Қой енді, болды!» – деп жекірген Ғыждуан ағайдың сөзіне ол бірнеше рет қайталаса да тоқтамағанымды анық білемін. Сол кісі «Суайт! Ақымақ!» деп жұлқып-жұлқып бөлмеден итеріп жібергенде барып, есімді жидым. Есіктен ішке құлақ түрсем, облыстық оқу бөлімінен келген өкіл, мемлекеттік емтихан алу комиссиясының төрайымы Алматова ішек-сілесі қатып күліп, мені жақтап «өжет екен» деп мақтап жатыр екен. Ғыждуан ағай болса «Өзі жынды болған соң, бізді жынды етуін!» – деп бұлқан-талқан, әлі ашуланып жүр.
«Мынау апайыңа осы жолы алған төрттік бағаң үшін қарыздарсың», деді емтихан қорытындысында Ғыждуан ағай Алматованы нұсқап. Осы жолғы әртістігіңді енді қайталасаң мен кешірмеймін, – деді бетінде күлкі табы ойнап. Жүрегім сонда барып орнына түскендей болды. Ұяттан адам өлмейді екен...
Мен Амангелді орта мектебінде оқыған жылдарымда тарих пәнінен өтірікті соғатын жоғарыда айтылғандай жаман әдетімнен арылып, «күнәмді» жақсы жудым. Мұнан кейін атақты азаматтар болған жазушы Ақан Нұрманов, ғалым-экономист Мансұр Шәкіржанов, Адырбай Мағзұмов, Кәрібай Өтебасовтармен бір сыныпта оқыдым. Математика мен орыс тілінен бөтенгі сабақтарды жақсы оқып, сыныптың кеуде тұсындағы оқушылардың бірі болдым...
Игі істерімен еліне үлгі, өнеге болған, кейінгі жылдардағы біздің табыстарымыздың тай-қазандарын тасытқан ардақты, рухымызды асқақтатқан Ғабдырахман Сақтағанов, Ғыждуан Қасымовтарды қалайша ұмытармыз. Біз сол кездегі жас ұрпақ осы асыл азаматтарға қарап, бой, ой түзеп өстік. Олардың өркенді, өміршең істерін үлгі, өнеге тұттық. Балаларымыз бен немерелерімізді солардың ұстанған асыл армандары үлгісімен де тәрбиелеуге тырыстық. Мұны қазіргі есі түзу ұрпақ әркез жадында сақтаулары ләзім».
Осындайда Ғыждуан ағайдың көп шәкірттерінің бірі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі жорналшы Төлубай Ыдырысовтың «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Жалынды жылдар» атты кітабындағы «Ұстаз да кірді ұрысқа» атты әңгімесіне де осы Ғыждуан ағайдың ұлағатты бейнесі, еңбегі желі болғанын атап өту ләзім.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлытау етегіндегі бір кездегі Қорғасын кенінің ошағы болған «Шеңбер» атты елді мекенінде болғанымда, жергілікті қалың жұртшылық бір кездегі орта мектеп басшысы, ұстаздық ісіне өте ұстамды, сабырлы да салмақты Ғыждуан Қасымұлы туралы аңызға бергісіз әңгімелерін бірінен кейін бірінің қақпақылдап, жыр қылып айтқандарына куә болып, оларға өзімнің сол ағайдың інісі екенімді таныстырып, соңынан туыстай болып, табысып кеткенім есімде. Бұл да болса – Ғыждуан ағамыздың ісі мен ішінің тазалығын, өзін қоршаған қоғамға, өзіне де өзгеге де шынайы адалдығы, ақын Ғафу ағамыз Қайырбековтің:
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сенімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның – алтындығы
– деген мына өлең жолдары дәл Ғыждуан ағамыз сияқты ұлағатты ұстаздарға арналғандай. Ғыждуан ағамыздың естелік бұрышы Арқалық қаласының Б.Майлин атындағы №3 мектептің жәдігеріне айналған.
Жоғарыда есімдері аталған Ғыждуан ағайдың шәкірттері Мінайдар Боранбаев та, Әубәкір Қылышбаев та жылдар жылжи келе өздерінің еңбекқор, алғырлықтарымен көпшілікті сендіре алатын, айтқандарына көндіре алатын мектеп басшыларына дейін көтеріліп, шәкірттеріне ізгіліктің, инабаттылықтың, ар-ожданның не екенін, ел алдындағы парыздарын ұмытпауға, көпшілікті алаламай, ешкімді де жараламай, кекшіл болмай, көпшіл болуға тәрбиелеген еді.
Ғыждуан ағайдың бұрынғы шәкірттері ұстаздарын пірдей көріп, ата-аналарымен бірдей көріп, өмірдегі жетістіктерінің, шыққан шыңдарының барлығына себепші, ақылшы болғанын жиі еске алып отыратын, қарапайым мұғалімдіктен талай жылдар бойына мектеп басшысы, соңынан аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне дейін көтерілуіне бірден-бір қамқоршы болған, өзінен кейінгі осы қызмет орындарына, жоғарыдағы басшыларға лайықты басшы боп тағайындалуына да мұрындық болып ілгеріге сүйрелеп отырушы деп еске алады, жасы сексеннен асса да әлі бір кездегі сәбилік, балалық, жастық еркеліктердің нышандарының іздері бойында сақталған ағамыз Орманбек Бимағанбетұлы.
Ғыждуан ағай өмірінің соңғы жылдарында Қостанай қаласының Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп басшысының оқу ісі бойынша орынбасары қызметін зор абыроймен атқарғаны белгілі. «Қазақ КСР мектебіне еңбегі сіңген мұғалім» атты №1 құрметті атаққа кеудесін керіп мақтанбаған, ниеті мен жүрісінде мін жоқ, айтқанында зіл жоқ, көңілінде кір жоқ, республика көлеміне есімі белгілі ағайымыздың еңбегі кімге де болса үлгі.
Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ,
еңбек ардагері.
АРҚАЛЫҚ.