Жылдағыдай егістік басталғанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданына келдік. Алматыда бір топ БАҚ өкілдерін Шелекке алып келген Әлеуметтік-жауапты фермер күні атап өтуге қатысты шара болатын. Алдымен егін себуге әзірліктің басталуы қарсаңында «Ең үздік әлеуметтік-жауапты фермер – 2014» конкурсын марапаттау салтанаты болып өтті. Осыдан кейін БАҚ өкілдері фермерлермен және шаруашылықтардың жалдамалы жұмысшыларымен әңгімелесуге мүмкіндік алды.
Фермерлерді қолдау шарасын биыл «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастық қоры» қоғамдық қоры өзгеше өткізуге шешім қабылдапты. Фермерлермен ойласа отырып, жеңімпаздарға бұрынғыдай тұрмыстық техника емес, егістік кезінде керек болатын құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Сонымен, биыл өткен маусымда Еңбек кодексінің талаптарын бұлжытпай сақтап, жалдамалы жұмыскерлердің жұмыс істеуі және тұрмыс жағдайына лайықты жағдай жасап және өз шаруашылығында бала еңбегін пайдалануға жол бермегені үшін ең үздік 9 әлеуметтік-жауапты фермерді атап өтті. Жеңімпаздар келесі көрсеткіштер бойынша анықталды: шаруашылық жүргізу бойынша заңды құжаттарының болуы; жалдамалы жұмыскерлермен жазбаша түрде жасалған еңбек шарттарының болуы; жалдамалы жұмыскерлердің еңбегі мен тұрмыс жағдайына қатысты стандартты талаптарды орындауы; дер кезінде айлық төлемақысын беріп отыру, бала еңбегін пайдаланбау; Ерікті ауылшаруашылық тәжірибесі талаптарын сақтау (Еуроодақта ресми түрде қабылданған қоршаған ортаға теріс ықпал ету көздерін азайту және өндірілетін өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз ететін ауылшаруашылық өндірісін жүргізу стандарты). – Біз бес жылдан бері ауданның әлеуметтік-жауапты фермерлерін ынталандырып келеміз. Осы конкурстың арқасында көп фермерлер «Ең үздік фермер» атағына ие болуға ұмтылып, еңбек шарттарын сақтап және оны ашық жүргізуде. Осылайша, фермерлер тарапынан жалдамалы жұмыскерлердің жағдайын жақсартуға деген мүдделілікті көріп отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ең үздік фермердің бірі – Қайрат ауылының тұрғыны Ибрагимова Хумабуви – бір жыл ішінде бұрынғы көрсеткіштерін жақсарта алды, – дейді облыстың негізгі салық төлеушісі болып табылатын «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС өндіріс бөлімінің менеджері Ольга Казарова. Мәселен, сараптау комиссиясының бағалауы бойынша, Хумабувидің шаруашылығында тұратын жұмысшылардың жұмыс және тұрмыс жағдайы жақсы. Бұл отбасыда 7 адам бар, олардың 4-еуі – балалар. Бұлар Хумабувидің шаруашылығында 8 жылдан бері тұрады. Жалдамалы жұмысшылар тұратын 4 бөлмелі жеке үйде барлық тұрмыстық техника мен моншасы бар. Балалары Қайрат елді мекеніндегі орта мектептің бастауыш сыныбына барады, оқулары үздік, спорт жарыстарына белсене қатысады, грамота мен медальдарға ие. Жұмысшы отбасының отағасы Умаров Авазбек пен фермер Хумабуви Ибрагимова «Ауыл аймақтарды дамыту» бағдарламасы шеңберінде өткізілетін барлық семинарларға қатысады. Темекі шаруашылығынан басқа, шаруа қожалығы көкөніс және жеміс-жидек өсірумен де айналысады, Қайрат елді мекенінде сүт сату мен сатып алу бекеті бар. 2014 жылы фермер отбасы Қайрат елді мекенінде жаңа үйдің құрылысын бастаған. Осының бәрі адал еңбек пен фермердің және жұмыскерлерінің арасындағы сыйластықтың арқасында жүзеге асып отыр. Ал Сабыржан Жайлыбековтің «Жайлыбек» шаруа қожалығында 2014 жылы 5 жалдамалы жұмыскер еңбек етіп, шаруашылық басшылары шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алыпты. Фермерлер жұмыс жүргізу мен тапсыру мерзімдерін және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайды. Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастық қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева журналистерге берген сұхбатында бұрынғыдай сырттан заңды-заңсыз ағылып келіп жатқан еңбек мигранттары азайғандығын атады. Сонымен, биыл да 9 семинар өтетінін, оған қоса Флоридадан (АҚШ) келетін ғалымдармен бірге Еңбекшіқазақ ауданында қандай өсімдіктер, көкөністер мен жемістер өсіруге және оны қайда сатуға болатындығына қатысты агросынақтар жүргізілетіні белгілі болды. Осы бизнес-жоба аясында 4 фермермен келісімшарт жасалмақ. Бұл бастамаға «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы қаржылай қолдау көрсетпек. Қысқасы, қазіргі таңда Шелекте әлеуметтік белсенді фермерлер саны жетерлік. Ел заңдарын бұзбай жүргізуге тырысатын фермерлер саны артып келеді. Бұл шетелдік жалдамалы жұмыскерлердің Қазақстанда қауіпсіз еңбек етуіне, заңды түрде қорғалуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, фермерлердің адал қызметі салық пен өзге алым-салымды төлеу есебінен мемлекет қазынасының толығуына септігін тигізуде.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.