03 Сәуір, 2015

Бұл соғыс әлемдік сипат алып барады

361 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Дүбірге толы дүние Күні кеше, осыдан бір-екі апта бұрын Йемендегі шиеленіс азамат соғысына айналмаса екен деп қауіп қылатындар бар болса, енді бұл соғыстың халықаралық сипатқа ие болғанына ешкімнің күмәні жоқ. Сауд Арабиясы бастаған елдердің әуе күштері Йеменнің әр тұсын бомбалап жатыр. Дубир-1Бомба тасталған соң, құрбандық та бар. Оны аз-кем дейтін емес, соғыстың оты тұтанған соң, ол адам өмірін жалмай береді. Ал сол соғыс өртін өшірудің жолы қиын болып тұр. Бұл соғыстың халықаралық сипатқа көшуі кез­дейсоқ емес, ойланып, келісіліп жасалып отыр. Оның осындай сипат алатыны басынан белгілі еді. Біреулер соны біле тұрып, оның өршуіне жол берді. Қазір Йеменнің заңды прези­денті Әбді Раббу Мансұр Хади туралы әртүрлі әңгіме көп. Оның елден шығып кеткенін беті­не басып, оны заңсыз дегенге дейін барады. Ал Мансұр Хади қантөгіске бармас үшін, шииттік көтерілісшілерді келіссөзге шақы­рып, келісім де жасаған. Олар­дың талаптарын ескеріп, тіпті, конституцияға өзгерістер енгізуге де келісім берген. Оның бұл қадам­дары ақырында өзіне таяқ болып тиді. Биліктің өздеріне қарсы қатаң шара қолданбауын пайдаланып, күш алған сепаратист көте­рілісшілердің басшылығы мем­лекеттік төңкеріс жасауға барды. Осыдан кейін Хади БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне, Араб мемлекеттері лигасына көтерілісшілердің заңсыз әрекеттерін ауыздықтау жөнінде өтініш білдірді. Бір емес, Қауіпсіздік Кеңесі талай рет Йемендегі шииттік көтері­лісшілерді бітімгершілікке, заңды үкіметті мойындауға шақырды. Бірақ хусидтер, оған құлақ ас­па­ғаны өз алдына, өздерінің бас­қын­шылық әрекеттерін үдете түсті. Біраз жұрт қазір Сауд Ара­биясын Йеменнің жерін бомба­лаудың бастамашысы деп жазғы­рып сөйлейді. Бұл да шындық. Бірақ Эр-Риядтың өз іргесінде дүниенің бүлініп жатқанын көріп отырып, оған осынша шыдап келгенін де шыдау-ақ десе болар. Йемендегі қақтығыстардың діни сипатын әсте де жасыруға болмайды. Мойындасын, мойындамасын, шииттік бүлікшілердің мақсат-мүддесі де, оларды кімдердің не үшін қолдап отырғаны да бел­гілі. Хусидтердің бүлігі одан әрі жалғасып, ықпалы арта түс­се, ол Йеменнің өз ішіндегі тұрақ­сыздықты өршітумен қатар, көрші елдерге де, оның ішінде Сауд Ара­биясына да ықпал етпек. Ық­пал еткенде, тұрақсыздық тудырады. Сол хусидтерді сырттай қол­даушылардың да мақсаты – сол. Бұған Сауд Арабиясы да, оның одақтастары, көршілері де ақыры шыдамады. Күш біріктіріп ашық қарсылыққа шықты. 10 ел одаққа бірікті: Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Бахрейн, БАӘ, Египет, Марокко, Судан, Йордания және Пәкістан. Олардың Йеменді бомбалау операциясы «Табандылық дауылы» деп аталады. Бірнеше күннің ішінде олар шииттік көте­рілісшілердің негізгі нысандарын толық жоймағанмен, көпшілігін істен шығарды. Қандай қорытынды жасауға болады? Мұсылман қауым бірін-бірі қыруға мықтап кірісті. Бұрын Йеменнің ішіндегі қайшылықты, қақтығысты сырттағылар, атап айт­қанда, бір жағын – Иран, екінші жағын Сауд Арабиясы қол­дады делінсе, енді оның ауқымы кеңейген. Кеңейгенде, әзірге әскери күш қоспағанмен, АҚШ және Ресей сияқты елдердің ақпараттық әлеуеті іске кірісіп кетті. Бұл қару да бүгінде біраз нәрсені бүлдіре алады. Сөйтіп, бұл соғыс әлемдік сипатқа ие болды. Оны тоқтататын күш бар ма? Жұрт үміті БҰҰ-да, оның Қауіпсіздік Кеңесінде еді. Оның да мүмкіндігі шектеулі, ол бұрынғы Ирактағы, Сириядағы, қазіргі Украи­надағы қақтығыстарды тоқтата алмаған. Басты себеп – бір елдер өздерінің вето құқын пайдаланып, БҰҰ-ның қатаң шешімдерін қабылдатпай тастайды. Содан да осынау халықаралық Бас ұйым көбіне жай шақырумен, үндеу тас­таумен  шектеліп қала береді. Ал Йеменде халық қырылып жатыр. Саркозидің алғашқы кезеңдегі жеңісі Францияда жергілікті биліктің сайлауы өтті. Сарапшылар мұны саяси күштердің аралық кезеңдегі ара салмағының көрсеткіші санайды. Бұл сайлауда биліктегі социалистер ойсырай жеңіліп, консерваторлар үлкен жеңіске жетті. Дубир-2Жұрт бұл сайлауды екі жылдан кейінгі президент сайлауының алғашқы кезеңіндей көріп отыр. Бүгін департаменттік кеңестердің сайлауында жұрттың қай партияға ықыласы көптігі аңғарылады. Бүгінге дейін социалистер осынау жергілікті билікте үстемдік етсе, олардың өкілі Франсуа Олланд президенттік сайлауда да жеңген. Қисын бүгін жеңгендер ертең де жеңеді дейді. Мұнда сайлаудың алғашқы турында көп дауыс алған екі партия екінші турда күреске түседі де, жеңімпаз анықталады. Содан да алғашқы турда айтарлықтай ұпай алған кейбір партиялар екінші турда жеңілуі әбден мүм­кін. Әсіреоңшыл радикалдық «Ұлттық майдан» партиясы сондай жағдайға ұшырады. Алғашқы турда экс-президент Николя Сар­козидің Халық қозғалысы үшін одақ партия­сы 32,5 пайыз, Марин Ле Пеннің «Ұлттық майдан» партиясы 25,3 пайыз, ал биліктегі социалистік партия 22,5 пайыз ғана дауыс жинады. Иммиграция, исламның француз қауымына кірігуіне қарсы ұран көтерген Ле Пен бірінші турдан кейін асып-тасып, біраз департаментте билік тізгінін өздері ұстайтынына күмәнсіз сенген еді. Олардың жолын социалис­тер бөгеді. Социалист премьер-министр Мануэль Вальс екінші тур алдында өз партияластарын консерваторлар мен радикалдар күреске қосылған жерде дауысты Саркозидің партиясына беруге шақырды. Соның нәтижесінде әсіреұлтшылдар бірде-бір департаментте жеңіске жете алмай қалды. Консерваторлар да социалис­терге дос емес. Бірақ ұлтшылдарға қарағанда, олардың жөні бөлектеу. Осындай тактикалық қадам социа­листердің консерваторлардан ойсырай жеңілуіне соқтырды. Олар бұрын департаменттердің 61-інде билікке жетсе, енді соның 30-ынан айырылды. Керісінше, центристермен одақта болған консерваторлар бұрынғы 40-тың орнына 69 департаментте көпшілік орынға ие. Саркози қуаныш құшағында. «Біз бұрын мұншалықты департаментте жеңіске жеткен жоқ едік, енді біздің идеяларымыз қай жерде болса да жеңе алады», – деді ол. Осы сайлауда біраз жеңіске социалистердің арқасында қолдары жеткеніне қарамай, оның 2017 жылғы президенттік сайлау­да «Еуропадағы ең кәрі-құртаң социализмнің түбіне жетеміз» деуі артықтау көрінеді. Бірақ саясат не айтқызбайды, мұнда жақыныңды да аямайсың. Саркозидің өзін де, басқалар оның президенттікке түсетінін білген соң, аямай жүр. Әлдебір өткен іс үшін сотқа да тартты. Бірақ ол да қасқайып айқасып жүр. Жер­гі­лікті билік сайлауында оның партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуі президент тағына жол ашқандай болып көрінеді. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.