Кәсіпкерлерімізді бәсекеге баулиды
Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» ЖШС бас директоры. Әлемдегі бүгінгі дағдарыс жайындағы қалыптасқан экономикаға қатысты Қазақстан Үкіметінің жаңа экономикалық саясат ұстануы ертеңге қарайлатпайтындай мемлекеттік шешім деп қабылдаймыз. Рас, халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Төл теңгеміздің долларға шаққандағы бағамының тұрақсыз болуы, соңғысының бағасының артуы доллармен несие алған азаматтарға оңай соқпағаны белгілі. Бірақ Ұлттық қордағы қаржымен баяғыдай ұстап тұрудың мүмкін еместігін, мұның соңы тәуелсіздімізге қатер, мемлекетімізді орға жығатындығын да ойлау керек. Осындай қиын жағдайларға қарамастан, Қазақстан Үкіметі Елбасының тапсырмасымен халықтың әлеуметтік жағдайына аса залал тимейтіндей жұмыстар жасап жатыр. Негізгі тұтынатын азық-түлік тауарларына үстеме баға қоюға шектеу қойылуда. Кәсіпкерлер де жағдайға түсіністікпен қарап, қолдан келген көмектерін жасап жатыр. Оңтүстіктегі базарлар қауымдастығының президенті Қайрат Балабиевтің өз иелігіндегі базардағы саудагерлерден үш айға дейін сауда нүктелерінен ақша алмауға шешім қабылдағанын отаншылдыққа, мемлекетшілдікке жатқызуға болады. Қазір ешкімнің үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген жағдайы жоқ. Кәсіпкерлердің барлығы дерлік несие алып жұмыс жасайды. Ал оның қайтарымы бар. Соның бірі «Ордабасы құс» ЖШС инвестициялық жобасының жалпы құны 5 млрд. 580 млн. теңге. Осының 18 пайызы серіктестіктің өз қаражаты. Қалған 82 пайызын «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан қаржыландырған. Осыған қарамастан, біз өз өнімдеріміздің бағасын көтерген жоқпыз. Жаңа экономикалық саясаттың кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етіп жатқанын да айтайық. Бүгінгі қиындықтан шығудың даңғыл жолы, бәріміз бір кісідей Елбасын қолдайық. Сонда дағдарыс бұлты сейіледі. Оңтүстік Қазақстан облысы.Жігеріміз жасымайды
Ұлттық валютаның еркін айырбас бағамына жіберілуі бастапқыда ел ішінде біраз дүрбелең тудырғанымен, Елбасының экономикалық саясаттың алдағы шараларын нақты белгілеп бергеннен кейін ахуалдың оң қалыптасқанын аңғаруға болады. Жергілікті жерлерде құрылып, жұмыс істей бастаған жедел штабтар да жағдайдың қалыпты, бағаның қолжетімді болуын тұрақты назарға алған. Қазір адамдардың қай-қайсысымен сөйлессең де теңгенің еркін айналымдағы бағамын енгізу жөніндегі мәжбүрлі шараны түсіністікпен қабыл алып, қиын кезеңнен қиюын келтіріп шығатынымызға үлкен сенім артып отырғанын байқау қиын емес. Дағдарысты еңсере отырып, бәсекеге қабілетті деңгейге шығу жолдарын Үкімет жан-жақты ойластырары анық. Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемесінде өзге елдер секілді Қазақстанның да экономикалық күрделі жағдайды кешіп отырғаны ашық айтылды. Оны шекаралас облыстар айрықша сезінді. Ресей рублінің құнсыздануы салдарынан жергілікті кәсіпкерлер тауарлары мен өнімдерін өткізе алмай үлкен шығын шекті. Оған негізгі шикізат көзі болып табылатын мұнай, металл бағаларының төмендеуі сияқты бірқатар объективті себептерді санамалауға болар еді. Ираннан санкциялар алынғаннан кейін мұнайдың бір баррелінің бағасы одан әрі құлдырауы мүмкін деген болжамды сарапшылар айтып отыр. Бұл да өз кезегінде алға қарай дамуымызға өз салқынын тигізбей қоймайды. Сол себепті, экономикалық өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатымен жаңа ақша-несие саясатына көшу бірден-бір дұрыс шешім екені талассыз. Президент экономикалық саясаттың алдағы шаралары кеңінен талқыланған жиында құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағытында жүйелі шешімдер қабылдауды тапсырды. Ол бойынша жаңа жағдайға бейімделген әлеуметтік бастамалардың енгізілетіні сөзсіз. Азық-түлік өнімдеріне бағаны негізсіз көтермеу шаралары қолданылады. Айырбас бағамының өзгеруінен салымшылар жапа шекпейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қатысты да оңтайлы жол ойластырылады. Міне, мұның бәрі қарапайым халық үшін жасалып жатқан әлеуметтік қорғау тетіктері болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан бері небір қиындықтардан сүрінбей келе жатқан себебіміздің басты сыры оған қарсы тұратын бағдарламалардың алдын ала, тыңғылықты әзірленуінде болса керек. Ауызбірліктің, ынтымақтың арқасында бұл жолғы бәсі бөлек дағдарыстан да аман-есен өтеріміз еш күмән тудырмайды. Аталарымыз «сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», деп текке айтпаса керек. Осындайда Президентіміздің: «Асықсақ та аптықпайық», деген даналық сөзі ойға оралады. Шүкіршілік, қазір жағдайымыз ешкімнен кем емес. Уақытша қиындықтар жігерімізді жасытпайтынына, керісінше, бәсекелестікке шыңдап, тығырықтан шығуға мүмкіндік береріне сенім мол. Бақытжан СӘМИЕВА, Солтүстік Қазақстан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. ПЕТРОПАВЛ.