(Қойын дәптердегі хикая)
Менің әкем Мәжи Қойшыбаевтың (1914-1995 ж.ж.) өмір жолы өнегеге толы. Ол кісі Қорғалжын өңірінде оқу-ағарту ісімен айналысты. 1930 жылдан соғыс басталғанша халықты латын әліпбиінде оқытып, жазуға үйреткен. Ал Ұлы Отан соғысынан кейін аталмыш аймақтағы ауылдарды аралап, мектеп ашып, шәкірт дайындап, байыз таппады. 1953 жылы Өркендеу ауылына мектеп директоры болып келді. Содан 1976 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осында қызмет етті.
Майданнан елге кіші лейтенант шенімен оралған әкем соғыс туралы әңгіме қозғауды жарата бермейтін. Жаны қаламаған болар. Бірақ неге екенін қайдам, жарықтық қойын дәптеріне майдандағы ұрыс қимылдарына қатысты шағын естелігін жазып қалдырып кетіпті. Оны оқып отырып, әкемнің кейінгі ұрпақ сол сұрапыл соғыстың зардаптарын ұмытпауын тілеп кеткен екен-ау деген ой санама оралды. Енді, ардагердің осыдан 30 жыл бұрын жазған естелігіне назар аударайық.
Мен Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың 18 тамызында аттанып, содан 1946 жылдың 1 қаңтарында елге оралдым. Осы аралықта Түрікменстан, Тәжікстан, Татар АСР-і, Беларусь, Украина, Польша, Шығыс Германия жерлерінде болыппын. Мәскеу, Алматы, Ор, Ташкент, Пенза қалаларының дәмін татып, суын сулаған екенмін.
Талай адамдарға жолдастыққа жараппын. Қатқан нанды бөліп жеп, ауыр бейнетті бірге көтерісіп, жарамызды таңысып, бір-бірімізге: «Қажыма, берік бол. Отан үшін, болашық ұрпақ үшін, өмір сүру үшін ана фашисті аяма», деп ақыл айтысқан талай маңғаз жігіттермен серік болыппын. Сөйткен кейбір қадірлі достардан ажал шіркін қас-қағымда Украина, Беларусь, Польша, Германия жерлерінде айырғаны өкінішті. Кейбіреулерімен түрлі жағдайларға байланысты қоштасыппын. Олардың көпшілігі қолдан, аяқтан айырылып, амалсыздан госпитальға жіберілгендер еді.
Мен де осы кезеңде екі рет ауыр, бірнеше рет жеңіл жарақат алып, Алланың құдіретімен дәм-тұзым таусылмай, бұл күнде, жетпістің екеуіне аяқ басып, балалы-шағалы болып отырмын. Халқым мен үкімет қадірлеген ардагер, зейнеткер қариямын.
Соғыс бітіп, Жеңіс туы көтерілгеніне биыл 40 жыл толып отыр. Мұның өзі бір адамның орта өмірі деуге болады. Осы аралықта естен кетпес ауыр күндердегі көптеген жайлар санада көмескілене бастапты. Халық: «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», дейді. Бұл сөз рас деп ойлаймын. Өйткені, соғыс кезінде өз басым бірнеше рет тура келген ажалдан аман қалдым. Әрине, бұл қандай да бір әдістің, амалдың арқасы емес, көрер жарығымның, татар дәмімнің таусылмағанынан. Соның бірі – 1945 жылдың 15 наурызындағы оқиға-тын.
Германияның Гамбург қаласы түбінде кескілескен ұрыс жүріп жатты. Фашистер шаһарды айнала бекініске айналдырып алған. Екпіндеп, шабуылдап келген біздің бөлімшелер күшті тосқауылға кездесті. Біз амалсыздан сол жерде окоп қазып, бекіндік. Дұшпанды артиллерияның атқылауын күттік. Көп өтпей зеңбіректер «сөйлеп», танкілер шабуылға шықты. Біздер, яғни жаяу әскерлер алға ұмтылдық. Ол кезде неміс әскерлерінде береке, қауқар қалмаған еді. Әйтсе де, беріспейтін.
Уралап келіп, жаудың бір окопына секіріп түстім. Кенет неміс сарбазының «штыгы» кеудеме сарт етіп, телогрейкамды тесіп өтті. Мен кейін шегініп қалып, оны қолымдағы тапаншаммен атып жібердім. Фашист мылтығынан айырылып, шалқалай құлады. Кейін қарасам, жау найзасы етімді 1,5 сантиметрдей жыртып жіберіпті. Әйтеуір, кеуде сүйегім аман екен. Жеңіл-желпі соққыға қарайтын кез емес. Жау шебіне қарай шабуылдап бара жатқан қаруластарымнан қалмадым. Бір үзілісте мәскеулік Лиза Андреева деген санитарка менің жарақатымды таңып жатып: «Сіздің оққағарыңыз бар. Берлинді көресіз», – деді. Ол кезде Берлинді басқа бөлімдерден бұрын көреміз, өйткені, біз 1-Беларусь майданының солдатымыз деп мақтанатын едік.
Содан, жараны таңып, окоптан шығып, жүгіріп келе жатқанымызда Лизаға оқ тиіп: «Мама!» деген жалғыз сөзді ғана айтып үлгеріп, бақиға аттанып кете барды. Өжет, батыр, тамаша бойжеткен жауып тұрған оққа қарамастан, талай жаралы жауынгерлердің жарасын таңып, жәрдем беріп еді. Ол 18 не 20 жаста ғана болатын. Майданға өз еркімен сұранып келген. Әкесі 1941 жылы Мәскеу түбінде қаза тапқан екен.
«Москвада жалғыз мамам бар. Соғыс бітеді. Мамамды алып, Қазақстанға барамын. Біздің үйде қазақ қыздары оқыды. Олар қазір Алматыда, мені шақырады. Соғыс бітсе барамын», деп армандаушы еді.
Бұл оқиға ерекше менің есімде қалды. Лиза екеуміз қол ұстасып, қатар жүгіріп келе жаттық. Ол құлағанда, мен де құладым. Оның: «Мама!», деген даусы қазірде құлағымда тұр. Өйткені, менің де соңымда жалғыз анам қалған-ды. Екеуміз мұңдас едік.
Гамбург алынды. 1945 жылдың 17 сәуірінде, аты есімде жоқ, бір селоны аламыз деп шабуылдап келе жатқанда, снарядтың жарықшағы тиіп, ауыр жараландым. Госпитальға түстім. Сонда жүріп соғыс біткенін естідік. Ендігі арман-тілек соғыс болмаса екен. Өмір осы гүлденген қалпында тұрса екен деп тілеймін.
Дәмкеш ҚОЙШЫБАЕВА,
зейнеткер ұстаз.
Мәжи ҚОЙШЫБАЕВ.
1985 жыл.