03 Сәуір, 2015

Балтық жағасындағы ескерткіш

594 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Мамытов1Өмірде қайталанбас ерлік жасаса да, ауыр еңбектен белі қайысса да ешбір ісін міндет етпей, кеуде қақпай, бұлдамай жалған дүниеден қарапайым күйінде өтетін де жандар болады. Ондайлар көп емес, әрине, дегенмен, сондай батыр жайында ой толғау, оның адамгершілікке толы қасиеттері мен кейінгіге үлгі болар істері жайлы жазу адамдық та, азаматтық та парыздың бірі болар, сірә. Ата-анасының қазақша қой­ған аты Қосан, ал құжаттарда Кеңес Одағының Батыры Хасан Мамытов 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Леңгір ауданында дүниеге келіпті. 20 жасында қасапты қан майданның нағыз ойранды жері Сталинград шайқасына түскен болашақ батыр Беларусь, Польша жерлерін, Калининградты азат ету мен Берлинді алуға қатысып, онан соң Берлинде соғыстан кейінгі тәртіп орнатуға қалып, елге 1948 жылы бір-ақ қайтып келеді. Қан сасыған, түтін мен оқ-дәрі­нің иісі қолқаны ататын­ май­дан даласында мұз жастанып,­ қар жамылған, қанша майдандас­тарының қыршынынан қиылға­нын көзімен көрген батыр өзінің ерлігі жайында әңгіме айтуға мүл­де жоқ болыпты. Қайта ол жай­лы қырғыннан аман қал­ған­ қаруластары айтып, өзі қата­рын­да болған Бірінші Балтық майданын­дағы 336-атқыштар полкінің ерлік істерін тіркеген құжаттарында, Подольскідегі әскери мұрағатта көбірек деректер келтіріледі екен. Сонымен, архив дерек­терімен, сарғайған газеттерде жарияланған мақалаларда, көзкөргендер мен іздеу­шілер айтқан әңгімелерге кезек берейік. Серікқали МҰҚАНОВ: – Менің батыр жайлы білуім кездейсоқ болды. 2008 жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясының Калининград қаласында ұйым­дас­тырылған Ауған соғысы ардагерлері халықаралық одағының кезекті үйлестіру кеңесінің отырысына шақырылдым. Сол жолы Балтийск қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде қонақта болдым. Әскери бөлім қос «Қызыл Жұлдыз» орденді Балтық флотының Суво­ров және Александр Невский орден­ді 336-шы жеке Белосток гвар­диялық теңіз жаяу әскері брига­да­сы деп аталады екен. Бізді брига­даның командирі, полковник Олег Даржапов қарсы алды. Мен одан: «Сіздерде қазақ жігіттері бар ма?» деп сұрадым. «Болғанда қандай! Сізге біздің бригаданың мақтанышына айналған қазақты көрсетейін», – деп бес бірдей батыр­дың мүсіні орнатылған даңқ аллеясына бастап апарды. Қаз-қатар тұрған тас мүсіндердің біріндегі «Кеңес Одағының Батыры Хасан Мамытов» деген жазу көзіме оттай басылды. Командир бізді мұражайға апарып, құраманың даңққа толы тарихынан сыр шер­тетін жәдігерлерді көрсетті. Онда да Хасан Мамытовтың мүсіні бар екен. Қасына батырдың ерлігін баяндайтын ескерткіш тақта ілініпті. Байқағаным, өзге мүсіндердің айналасына туған жерлерінен әкелінген түрлі кәдесыйлар қойылыпты. Олар­дың қасында жерлесіміздің мү­сіні біртүрлі оқшауланып тұр­ғандай көрінді. «Неге бұлай?» деп полковниктен сұрағанымда, батырдың 1993 жылы дүниеден өткенін, туыстарымен байланыс үзіліп қалғанын алға тартты. Шынымды айтсам, ішім қан жылап, жүрегім сыздап қоя берді… Елге келген соң тарту-тарал­ғы­лар алып, қазан айының ортасында Балтийскіге қайта бардым. Бізді ресейліктер құшақ жая қарсы алды. 3000-ға жуық сарбаз салтанатты сапқа тұрып, бригаданың Жауынгерлік туын көтерді. Сол тудың қасында елі­міз­дің көк байрағы да желбіреді. Бұл – Қазақстанға және қазақтың қаһарман ұлына көрсетілген айрық­ша құрмет болатын. Бригадада қазақ жігіттері бар екен. Ресейлік қандастарымыз ғой. Бригада сардарлары ұлты қа­зақ сарбаздарға ерекше сенім арта­тын­дарын ризашылықпен жет­кіз­ді. Тағы бір қызық айтайын. Бригаданың жауынгерлері Чешен­стан­да­ғы соғысқа қаты­сыпты. Таңғалар­лығы сол, Хасан Мамы­тов­тың мүсініне күтім жасап, рухына тағзым етіп жүрген сарбаздар сол соғыста ешбір жарақат алмай, дін-аман оралыпты. Мұны ойдан шығарып айтып отырған жоқпын. Қап тауында толарсақтан қан кешіп келген жігіттерден естідім» дейді еліміздегі әскери бөлімдердің біріне Кеңес Одағының Батыры Хасан Мамытовтың есімін беру керек деп батырдың артынан тағдырдың жазуымен кездейсоқ іздеушісі болған қазақ азаматы. Роза ҚОСАНҚЫЗЫ: – Кім-кімде өз әкесіне жан өлшемейді ғой, бірақ менің әкемдей әке жоқ. Мен әкемнің батыр екенін кейін мектепте оқып жүргенімде, Жеңіс күні қарсаңында кездесулерге шақырып, ол туралы бірлі-жарым газет бетінде мақалалар шыққанда ғана барып білдім. Менің ұғымымда әкем металлург, ып-ыстық цехта қорғасын қайнататын еңбек адамы болатын. Жұмыстан қалжырап, шаршап келетіні сондай кішкентай інім қолына балғасын алып, әкемнің денесін кішкентай шегемен шегелеп жатқанында оянбай ұйықтайтынын білемін. Оның ерлігі жайында өсе келе майдандас жан досы – Кеңес Одағының Батыры Яков Зайцевтан естідік. Ол кісі бірде сендердің әкелерің қандай жағдайда қиындықтан тосылмайтын, қайта жұрттың ойына келмейтін шешімдер қабылдау арқылы қаруластарын құтқарғанын білемін деп төмендегі қызық жағдайды айтып бергені есімде. Соғыстың қай күні де сұра­пыл ғой, сондай бір күнде оқ қарша жауып, фашистер бас көтертпей ротамыз бірнеше күн бойы ыстық ас-сусыз қалды. Далалық асхана жетуіне еш мүмкіндік жоқ, құрсауда қалғандай, суық окопта жаумен жағаласып жатқанымызда сендердің әкелерің оқ тиіп, өлейін деп жатқан жылқыны көріп, жауған оқтан жасқанбай жер бауырлап барып, әлгі жылқыны бауыздап, жанталаса ішін жарып жіберіп, етін кесіп әкеліп, ас пісіріп, бүкіл ротаның бойына қуат бергені бар. Сонда оған солай жаса деп бұйрық берген ешкім жоқ, деп таңғала отырып, сүйсіне әңгімелегені бар. Өзінің ерлігі жайында тіс жар­майтын әкем бала кезі­міз­ден біз­ге жатар уақытта ертең­гі, аңыз әңгі­мелер де айтып беретін. Ал әкемнің осы қырының менің балаларымның қалыптасуына көп ықпалы болды. Атасын жанындай жақсы көретін немерелері қандай жұмыс­тан да тайсалмайтын, ұлтын сүйетін, хал­­қын қадір­лейтін азамат болып­ өсті. Мен әкеме немерелерін сондай етіп тәрбиелегені үшін де қарыздармын. Ол кісі өзінің әскери комиссариат алдындағы беделіне қарамастан, ұлдарын әскер қатарына жіберді. Тіпті, інім Батырхан әкесі құрамында соғысқан 336-жеке Белосток гвардиялық теңіз жаяу әскері бри­гадасында әскери борышын өте­гені бар. Қазір марқұм болып кеткен інім, алғашқы күні бөлімге келгенімізде қатарға тұрғызып қойып, бригаданың тарихын, одан шыққан батырларды мақтанышпен атап жатқанда әкем есімі айтылғанда толқып кеттім, дегені бар. Әкемнің атына кір келтірмеймін деп жанталаса борышын өтеген ұлы көлік апатынан қайтыс болып, әкем оның артында қалды. Сол қаза әкеме, анам Қымқапқа өте ауыр тиді. Адами келбеті кеудеге жылы­­лық ұялатқан батырдың бей­несі жаныма жақындай түс­кендей. Батыр ағаға де­ген ерекше құрмет билеп, ғалам­торды ақтарып, қызы Роза әкел­ген газеттер бетінен сыр сау­дым. Полковник Д. Писляков былай деп жазады. «1943 жылы Днепрден өтерде Хасанның (Қосан) кеудесінде екі бірдей «Ерлігі үшін» медалі бар еді. Оның бірін Сталинград майданында алса, екіншісін подполковник Пилюгин Смоленск түбінде таққан болатын. Түн қоюланған тұста әскеріміз Днепр­дің арғы жа­ға­лауына өтуі тиіс болды. Қайық жоқ, жауынгерлер Мамытов пен Холов бөрене ағаштарға құлаған үйдің есігін байлап, оған пулеметті орналастырып, Днепр толқынымен арпалысып келеді. Жылжып келе жатқан салды байқап қалған фашистер оқ жаудырды. Холовқа иығынан, ал Хасанның артындағы зат салған қабына оқ тиді. Оқтың жарқылынан қай тұста жау пуле­меті тұрғанын шамалаған Хасан оқты төгіп жіберді. Нысанаға дөп тиіп, пулеметтің үні өшті. Осы сәт сал жағаға тоқтағандай, үстінен ырғып түсіп еді, жағалау емес, мұз екен. Опырылып түскен мұздан сұп-суық суға түскен Хасан жан дәрмен жараланған жолдасы мен пуле­метті жағаға алып шыққан. Холовтың жарасын таңып бола бергенде жап-жақын жерден дауыс естілді. Қараңғыға тесіле қарап еді жүгіріп бара жатқан екі фашисті аңдады. Жылдам траншеяға түскен олар дотқа кіріп, өзенді атқылай бастады. Жер бауырлай дотқа жет­кен Хасан қолындағы танкке қарсы гранатаны құлаштай лақ­тырды. Оның да үні өшті. Енді сақылдаған пулемет үні тағы да жап-жақыннан, оң жақтан естілген. Пулеметін сол жаққа бұрған Хасан бір басқыншыны оққа ұшырды. Екіншісі Хасанға тұра ұмтылған. Нағыз жан алып, жан берісетін шешуші сәт. Хасан батыр бұл жолы да жеңіп шықты. Таң сібірлеп атқан мезгілде полк тегіс өзеннен өтіп жылжи бастаған сәт болатын. Бір уақытта күтпеген жерден бір машина тиеп алған солдаты бар неміс көлігі орман ішінен шыға келді. Бірінші болып байқаған Хасан пулеметін сол жаққа бұрған. Жақын жерден жауған оқтан баудай түскен бір ротадай неміс солдаттарына қоса төрт автокөлік пен бір бронетранспортерді жағып жіберген Хасан ерлігі сол жолы бүкіл жауынгерлерге аңыз болып тарап еді. Тіпті, пулеметі қатардан шығып қалғанда қолына іліккен жау қаруын алып, Рогачев қаласына алғашқылардың бірі болып кірген Хасан ерлігі осындай еді», деп жазыпты. Соғыстан кейін ауыр жұмыс­тан қашпай ыстық цехта жұмыс жасаған Қосан аға өзінен кейінгі жастарға қорғасын балқытудың қыр-сырын үйретіпті. Батыр аға жайлы толғана әңгімелеген Ақылбек Жетібаев Қосан аға апатты жағдайларда, бір қиын уақыттарда пешке бізді жақын­датпай, өзі баратын дейді. Ешқашан менмендікті білмейтін ағамыздан өз басым адамгершіліктің қандай биік болатынын көрдім. Сондай адамның қасында жүріп, үйрен­ген шәкірті болғанымды кейін­гілерге айтудың өзі ғанибет. Бейбіт күнде Қазақстанның құрметті металлургі атағын алған, қан майданнан кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан батырдың ерлігі кейінгіге үлгі. Өлмейтін ерлік жасаған Қосан батыр тағылымы кісілікке шақыр­ғандай. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретте: майдандас достар (оң жақтағы бірінші отырған Х.Мамытов).