27 Шілде, 2010

ЖАҢА...

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жаңа екі мұражай есігін ашты “Көненің көзі, асылдың өзі”, деген. Тарих тамыршысы құнды жәдігерлер жинақталған мұражайлардың бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы мол. Сондық­тан да, Еңбекшіқазақ ауданын­да­ғы “Ұста Дәркембай қолөнер мұражайы” қазыналық кәсіпор­ны мен облыстық Шелек өл­ке­тану мұражайы күрделі жөн­деу­ден кейін жаңа жәдігерлермен толықтырылып, есігін айқара ашты. Зергер Дәркембай Шоқпар­ұлы­ның көзі тірісінде тірнектеп жинақтаған 2400 құнды жәдігер­лері халықтың рухани байлы­ғы­на қосылған. Мұражайды жөндеуге бюджеттен 50 млн. теңге жұмсалып, “G-Prіgress” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі жөндеу және әрлеу жұмыстарын аяқтап, халықтың құнды қазынаны көзбен көріп, рухани ләззат алуына жағдай жасады. Ал, облыстық Шелек өл­кетану мұражайындағы әр бөлме тамыры терең халықтар арасындағы бірлікті, ел эконо­микасын өркендету үшін тер төккен азаматтардың еңбегін, Отан үшін от кешкен батырлар­дың ерлігі мен табиғат таңға­жайып­тарымен толықтырылған. Мұнда да жөндеу жұмыстары са­палы жүргізіліп, әсем безен­дірілген мұражай көркі көңілден шыққандай. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. Жаңа ғимарат салып берді Түркістанда “Отай-строй” құрылыс компаниясы тіл мүкісі, ақыл-есі, көру, есту қабілеті на­шар 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға 1 ай 10 күн­де бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында жаңа ғимарат салып берді. Психологиялық-педагогика­лық түзету мекемесінің 2004 жылдан бері әр ғимаратты жалға алып жүргені қала әкімі Қайрат Молдасейітовтің қабырғасына аяздай батса керек. Әкімдікке дейін өз қолтаңбасы қалған құрылыс компаниясына ұсыныс берген. Соның арқасында 100 балаға арналған 18 бөлмелі жаңа нысанда 74 бала тәрбиеленіп жатыр. Қайырымдылық – мұсыл­ман баласы үшін үлкен сауап. Құ­рылыс компаниясы бас­шы­лары “Ең үлкен алғыс –балалардың қуанышы”, – деді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. Жаңа байланыс бөлімшесі Атбасар ауданында 27 пошта бөлімшесі жұмыс істесе, соның 22-сі ауылдық жерлерде. Бірақ, дағ­дарыстың салқыны әлі де бай­қалады. Себебі, байланыс бөлімшелерінің барлығы әкімдік немесе мәдениет үйлерінің бір бұрышына жапсарласып, жалгер атанып отыр. Мұндай кіріптарлық “Жол картасы” бағдарламасы арқылы жойыла бастады. Соның бірі – Мариновка ауылында замана­лық талаптарға сай салынып, озық ұйымдастыру құралдары­мен жабдықталған жаңа ғима­рат­тың пайдалануға берілуі. Оның құрылысын “Омисстрой” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі 2009 жылы бастап, сапалы аяқтады. – “Жол картасы” бағдарла­ма­сымен облыста осындай 8 жоба қолға алынды. Біздің мақ­сатымыз – ауыл тұрғындарын пошта байланысы қызметінің заманалық әрі кешенді түр­лері­мен қамтамасыз ету,– дейді “Қазпошта” АҚ облыстық фи­лиалының директоры Жанбота Бөкенов. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.