28 Тамыз, 2015

Әріптестік әрекет еткенде тереңдейді

370 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ПосолҚазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы 24 жылға жуық уақыт өтті. АҚШ Қазақстанға қомақты инвестиция салған елдер қатарында. Оның үстіне екі ел арасында өзара сенім мен түсіністікке құрылған үнқатысу бар екенін айта кеткен жөн. Осыны қаперге ала отырып, біз АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролмен әңгімелескен болатынбыз. – Елші мырза, екі ел ара­сындағы стратегиялық әріп­те­стікті нығайтуда нендей шаралар атқарылуда? – Келесі жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы дип­ломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуын атап өтпекпіз. Бұл айтулы дата тек мереке ретінде ғана емес, өзіндік тағылымы бар үлкен оқиға болғалы тұр. Уақыт жағынан алғанда да, тарих бедерінде де ұзақ кезең болмағанымен, осы уақыттың ішінде біраз нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстанның сыртқы саясат­тағы және экономикадағы қа­дамдары сәтті болып, халық­аралық қоғамдастық алдындағы беделі артып келеді. Мұндай нәтижелерге Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың бар­лық мәселеде көрегендік та­нытқанын атап өткім келеді. Осындай оңды шешімдердің арқасында америкалық компаниялар Қазақстанға өз се­німдерін арттырып, инвестиция құя бастады. Қазіргі кезде әлемде саяси және экономикалық өзгерістер орын алуда. Әлі де саяси және әскери қауіп-қатерлер сейіле қойған жоқ. Тағы қайталап ай­тайын, қазірдің өзінде Қазақ­стан саясат пен экономикада айтар­лықтай табыстарға ие болды. Биыл Президент Н.Назарбаев үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» жос­парын жария етті. Міне, осы бес институттық реформаның жүзеге асуына біз сенім біл­ді­реміз. Әрине, мұндай аса ауқымды істі жүргізу оңай емес. Оған көп уақыт қажет. Жал­­пы, Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік тереңдей береді. Тараптар арасындағы өзара үнқатысу жанданып келе жатқаны осыны аңғартады. – Бірде профессор Фре­дерик Старр «АҚШ өңірлік деңгейінде сол елдермен өзара ықпалдастық платформасын құрып алмай, өз мақсатына жете алмайды» деген пікір айтқан-ды. Сіз осы пікірге қосыласыз ба? – Мен АҚШ-та Кеңес Одағы тарқамай тұрып, Орталық Азия мәселелерімен айналысатын саясаткерлермен жақсы таныс болдым. Сондағы байқағаным – тәуелсіздігін алған елдер өздерінің ішкі мәселелерін барынша оңтайлы шешіп алуға тырысуы еді. Қазақстандағы оңды өзгерістерге ішкі жағ­дайлар ғана емес, сыртқы фак­торлардың да ықпал ететіні белгілі. Сондықтан да елге көр­шілес мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастарда болуы орынды саналса, солардың бірі – алыс та болса АҚШ дегім  келеді. Біздің саясатымыз сол баяғы 25 жыл бұрынғысындай, өңірлік ынтымақтастықты ынталандыру және өңілік проблемаларды ынтымақтаса шешу. – 1994 жылы Демок­ратиялық әріптестік туралы хартияға қол қойылғаны мәлім. Содан бері көп уақыт өтіпті. Қазір бұл бағытта не істеліп жатыр дей аласыз? – Әрине бұның барлығы уақытпен байланысты. Оның үстіне жылдан жылға жағдай өзгеріп келеді. Қоғамға қалай­ша демократиялану керектігі мәсе­лесінде әр ел өзінше әре­­кет етеді. Тіпті, АҚШ-тың өзін алып қарағанда мұн­да қоғам «жетіліп болды» деп түйіндеуге болмайды. Сондықтан да бұл құжат біздің алдымызға міндеттер жүктеп, іс жоспарларын құруға бағыттайды. Олай болса бес немесе жиырма жылда осыны атқарып тастау керек дегендей нақты меже қойылмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс толастамағаны жөн. – Қазақстан ядролық қарусыздануда көптеген бастамалар көтеріп, оның біразы халықаралық қауым­дастық тарапынан қолдау тапты да. Еліміздің бұндай игі әрекеттерін қалай баға­лайсыз? – Бұл жерде Президент Н.Назарбаевтың сол кездегі көрегендік ұстанымы бол­ған­дығын айтпай кетпеске болмас. Президенттеріңіз бұл қа­руларды ұстап отырудың өзі қымбатқа соғатынын жақсы түйсінді. АҚШ, Ресей және Қытай ядролық қаруға ие ел­дер ретінде қомақты қар­жы жұмсайтынын ескерсек, тәуелсіздігін жаңадан алған елдер үшін оны сақтау, күзету өте қымбатқа түсетін еді. Н.Назарбаев үшін елдің қауіпсіздігі маңызды болды. Әрине, қауіпсіздікті ядролық қару арқылы емес, экономика­ны аяғынан нық тұрғызу жолы­мен және елдегі саяси бір­тұтас­тықты сақтай отырып ше­шу дұрыс ұйғарылды. Сондықтан бұл оң­ды шешім болды деп ойлаймын. – Сіздің қазақ ті­лін үй­ренуге деген талпы­ны­сы­ңызды естідік. Оның үстіне елшілік ауласына қазақтың киіз үйін тігіп қойған екенсіз. Бұны сіздің қазақ халқына құрметіңіз деп қабылдауға бола ма, жоқ әлде мәдениетке қызығушылығыңыз бар ма? – Мен қазақ тілін меңгеруге тырысып жүрмін, әлі де тіл сындыруға біраз уақыт керек. Ал киіз үй тігуге келер болсақ, оның әртүрлі себептері бар. Біріншіден, ол әдемілік. Қазақстанның нышаны болып та табылады. Келген қонақтарым киіз үйді көріп тамсанып жатады, өйткені қазақ мәдениетіндегі оның әр­бір бөлшегінің өзіндік мәні бар. Сіздердің сыртқы істер министрлеріңіз келгенде де таңданысын жасырмады. Өзге елдер елшілері  қонаққа келгенде қызыға қарай отырып: «Қазақстанда сен ғана осындай киіз үй тігіп отырсың», деп айтып жатады. Негізі киіз үйдің жаныма жаққаны соншалық, мен басымды сұққаннан  оның әдемі безендірілгеніне тәнті болып келемін. Осындай әдемі үйді АҚШ елшілігі резиденциясының жанында тігу жөнінде шешім қабылдауым сондықтан. Бір жағынан алғанда бұл қазақстандықтарға көрсеткен құрметім болса, екіншіден, резиденциямның аумағын осындай жолмен кеңейткім келді (күлді). Ал шынын айтқанда, әртүрлі шараларды өткізіп тұратын бұл киіз үй мен үшін маңызды орын саналады. Әрине, бұның барлығы прагматикалық, адамдық, тіпті саяси ойдан туындаған ше­шім. Ең бастысы, АҚШ-тың Қазақстандағы өкілі ретінде менің қазақстандықтарға деген терең құрметім екендігін көрсеткім келді. – Қазақстан туризм саласын дамытуға ерекше маңыз беріп отыр. Оның үстіне 2017 жылы халықаралық көр­­менің елімізде өтетінін білесіз. Осы тұрғыдан келгенде АҚШ тарапынан белгілі бір қадамдар мен жобалар бар ма? – Туризмді алар болсақ, ол бизнеске қатысты. Сондықтан да Қазақстанда туризм саласын дамытатындай ауан қалыптасуы тиіс. Бұл орайда сіздердің елдеріңіздің үл­кен әлеуеті бар екендігін реті келгенде айта кету керек. АҚШ Қазақстаннан алыс орналасқандықтан да тұрғындар мұндағы жағдайды, оның әдемі табиғаты бар екендігін біле бермейді. Ме­нің ойымша, оған да біраз уа­қыт керек. ЭКСПО-2017 Қазақстан дамуының көр­сеткіші болуы тиіс. Және де Қазақ елін әлемге паш етеді деп ойлаймын. Аталған шараға қатысқысы келетін көптеген америкалық компанияларды жақсы біле­мін. «Болашақ энергиясы» бар­шаға ортақ, сондықтан да америкалық компаниялардың қатыспай қоймайтынына сен­діргім келеді. – Әңгімеңіз үшін рахмет.  Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».