27 Шілде, 2010

Қуатты мемлекеттің қалыптасу қырлары

687 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Елбасы тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің өңірлерге жасаған сапарында айшықты көрінуде Егемендігінің жиырмасыншы жылдығы қарсаңында тұрған тәуел­сіз Қазақстан осы қысқа уа­қыт аралығында әлемге танымал, әріптестік қатынастарда беделді ел ретінде қалыптасып қана қоймай, сонымен қатар өзінің ішкі әлеу­меттік-экономикалық пробле­ма­ла­рын батыл шеше алатын қуатты мемлекет ретінде бой көрсетіп отыр. Егер соңғы бір-екі жылдың ара­сындағы оқиғаларға саралай көз салатын болсақ, мұның көп­теген белгілерін мейлінше айқын байқауға болады. Әлемдік экономикалық дағ­да­рыс­тың салмағы халықаралық қауымдастықпен интеграцияланып үлгірген елімізге барынша ауыр тисе де мемлекет қуатының арқа­сын­да оның ауыртпалығын сезін­ге­міз жоқ. Мұның сыртында Қа­зақ­станды индустриялық тұрғыдан жаңаша дамыту ісі сол дағдарыс тұсында жоспарланып, қызу бас­талып кетті. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 74 индустриялық-инновациялық жоба іске қосылса, жыл аяқтал­ғанға дейін тағы да осыншама нысан пайдалануға берілмек. Әрине, жаңа тарихы  бар бол­ға­ны 20 жыл уақытты ғана қам­ти­тын жас мемлекетімізде барлық мәселе шешімін тапқан деп айта алмаймыз. Негізгі үлкен істер енді ғана басталып келеді. Соның ішін­де өңірлік даму мәселесі ерекше мәнге ие болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл іске ерек­ше мән беруде. Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімовті өңірлерге аттандыра отырып, жергілікті жағ­даймен жете танысып, олардағы проблемаларды айқындап, шеші­мін қарастыру жөнінде тікелей тапсырмалар беруде. Елбасынан тікелей өкілеттік алып, қасына министрлерді ертіп, өңірлік даму мәселесіне басымдық беріп отырған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің іс-қимылы ширақ, шешімі пәрменді екендігі еліміздің шығыс, солтүстік өңірле­ріне шыққан сапарларынан анық байқалды. Алматы, Шығыс Қазақ­стан облыстарын аралаған тұста су тасқынының зардаптарын жою, осы өңірлердегі индустриялық-инновациялық даму жобаларын жүзеге асыру жөнінде бірнеше ке­ңес­тер өткізіп, аталған облыстарда жұмыстың жүйелі жүруіне Үкімет тарапынан айтарлықтай қолдау білдірсе, Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай облыстарына жа­саған сапары барысында солтүстік өңірді газбен қамтудың түйінді мәселесін тарқатты. Бірнеше өн­ді­ріс ошағының алдынан кез бол­ған проблемаларды жергілікті жер жағдайында талқылап, оларға қол­дау жасаудың шешімді жолдарын қарастыру жөнінде шұғыл тап­сырмалар берді. Осы сапарлар қорытындысын­да халықты ауыз сумен қамтудың өзекті мәселелері әлі де толық ше­ші­мін таппағандығы, оның барлық аймақтарға тән екендігі айқын­дал­ды. Осының нәтижесінде Үкіметте өткен отырыста халықты ауыз су­мен қамтудың 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдама жобасы өмірге келді.  Бұл тұжырымдама бойын­ша әр жыл сайын аталған іске 90 миллиард теңге көлемінде қаржы қа­растырылмақ. Қазақстанның қуат­ты мемлекет ретінде қалып­та­сып отырғандығы, оның халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы проблемаларды пәрменді түрде шеше алатындығы осы фактінің өзінен айқын байқалатындай. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мовтің еліміздің батыс өңіріне жа­саған жұмыс сапары Маңғыстау об­лысынан бастау алды. Осы са­пар барысында Кәрім Мәсімов Үкі­метінің жұмыс стиліне жедел­ділік, шешімділік, проблемалармен жергілікті жердің өзіне барып та­нысу, көмекжолдарын дереу бел­гі­леу тән екендігі тағы бір айқын­далды. Осы жолы Үкімет басшысы Боранқұл газ өңдеу зауытының құрылысымен танысқан еді. Оның құрылысы 2005 жылдың наурыз айында басталса да әлі аяқтал­ма­ған. Құрылысты аяқтау мерзімі ке­рі сырғытылып отырған. Кәрім Мә­сімов бастаған үкіметтік топ өңір басшылығымен бірлесе оты­рып, кәсіпорынның басында осы проблеманың себеп-салдарын тал­қы­лады. Құрылысты жүргізуші “Толқынмұнайгаз” ЖШС туын­даған қаржылық проблемаларға бай­ланысты істі ақсатып алған. Оны аяқтауға қауқарсыз екендігі байқалды. Осыған байланысты Үкімет басшысы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен өңір басшыларының пікірлерін тыңдай келе жаңа шешім қабылдады. Бо­ранқұл газ өңдеу зауытының құ­ры­­лысын аяқтау “ҚазМұнайГаз” ұлт­тық компаниясына тапсы­рыл­ды. “Ертеңгі күннен бастап, заң­намаға сәйкес, “ҚазМұнайГаз” уа­қытша басқаруға кірісетін болсын, зауыт құрылысын тездетіп аяқтап, ол жұмысқа кірісуі тиіс. Өйткені, бұл зауыттың жұмысы өңір үшін маңызды болып табылады. Әрі осы арқылы көптеген адамдар жұ­мыс алады. Сондықтан бүгіннен бастап “Толқынмұнайгазбен” ке­лісім-шартты бұзу туралы бұй­рыққа қол қойылады. Жұмысты “ҚазМұнайГаз” қабылдайды”, деді Премьер-Министр. Міне, сөйтіп талайдан бері толғандырып келе жатқан өзекті бір проблема дереу шешімін тапты. Әрине, уақытша басқаруды енгізудің уақытша шара екендігі белгілі. Сондықтан мұндай алып құрылыстарды салуға тендер өткіз­ген кезде оны ұтқан заңды немесе жеке тұлғаның адал болатындығы кепілдендірілгені жөн. Ал мәселе­нің түпкі шешімін үкіметтік дең­гейде “Толқынмұнайгаз” және “Қазполмұнай” ЖШС активтерін Боранқұл газ өңдеу зауыты құ­ры­лысын аяқтау шартымен мемлекет немесе жеке әлеуетті инвестордың сатып алуы жөнінде соңғы шешім қабылданатын болады. Елімізден сыртқа шығатын кө­лік дәліздерін қалыптастыру ісінде Маңғыстау облысының маңызы зор. Себебі, мұнда “Ақтау халық­ара­лық теңіз сауда порты” орна­лас­қан. Үкімет басшысы осы порт­ты солтүстік бағытта кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл маңызды жоба 2006 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның жал­пы құны 41 миллиард 680 мил­лион теңгеге бағаланған. Жоба жү­зеге асқан жағдайда еліміз үшін ар­зан теңіз жолын пайдаланудың, оның инфрақұрылымдарын дамы­тудың, осы арқылы халықаралық сауданы қыздыра түсудің тиімді мүм­кіндіктері ұлғая түсетін болады. Облысқа сапары барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов басқа да көптеген өндірістік, әлеу­меттік, қызметтік нысандарда бо­лып, олардың жай-жапсарымен жете танысты. Орталық Азияның көліктік дәлізі қызметін атқаратын “Атырау-Ақтау” автомагистралінің “Бейнеу-Ақтау” жол телімін қайта жаңғырту жобасына, тағы бір осын­дай ма­ңыз­ды жоба “Бейнеу-Жезқазған” жаңа темір жол желі­сін салу жоспарына, “Бейнеу-Бозой-Шымкент” маг­истральдік газ құбырының жобасына жете зер салып, бұл құрылыстарды дер кезінде жүргізу қажеттігін атап көрсетіп, осыған қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет бас­шы­сының осы сапары барысында еліміздің экономикасына қосымша тыныс беретін  инфрақұрылымдық жобаларға көп көңіл аудары­л­ған­ды­ғы байқалды. Үкімет басшысының мұнан кейінгі сапары Батыс Қазақстан облысында жалғасты. Ақжайық өңі­ріндегі халықты дәл қазіргі сәт­те қинап отырған басты мәселе ретінде өңірге дендей енген құр­ғақшылық жағдайды айтуға болады. Жалпы, құрғақшылық биылғы жылы Қостанай облысының бір шетінен бастау алып, Ақтөбе, Ба­тыс Қазақстан облыстарында орын алуда. Осыған байланысты тір­ші­лігі табиғаттың тосын мінезіне бағынышты келетін диқан қауымы көптеген зардаптар шегуде. Үкімет басшысы осыған орай Елбасының тапсырмасымен астығы күйіп кеткен диқандарға қолдау жасала­тын­дығы туралы мәлімдеген бо­ла­тын. Батыс Қазақстанда жалғасқан осы сапар барысында да диқан қауымның мұң-мұқтажына көбі­рек көңіл бөлді. Олармен кездесу барысында құрғақшылықтан кел­ген зардаптарды айқындап, тиісті көмек шараларын белгілейтін ар­найы жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдады. Мұнымен қоса Батыс Қазақстан облысы агро­өнер­кәсіптік кешенінің  алдағы бес жылдық даму жағдайын қарас­тыратын бағдарлама әзірленетін болды. Оның тиісті құжаттарын алдағы қараша айына дейін дайын ету жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев пен облыс әкімдігіне тапсырылды. – Биылғы құрғақшылық тек Ақжайық өңірін ғана емес, рес­пуб­ликаның бірқатар өзге де ай­мақ­та­рын қамтып отыр. Сондықтан осы жерде жұмыс тобын құру жө­нін­дегі өкімге қол қойып отыр­мын. Осы құжатқа сәйкес тек сіз­дер­дің облыстарыңыз үшін ғана емес, сонымен бірге тұтастай еліміз бойынша алғанда күрделі жағдайдың деңгейін айқындау және осыған байланысты тиісті ұсы­ныстарды әзірлеу қажет. Құ­рыл­ған жұмыс тобы осы іспен айналысады. Тағы бір айтарым, қуаңшылық болғанымен еліміздің қай өңірінде болсын нан бағасы өспейді. Сондай-ақ Орал өңірін­дегі босап қалған элеваторлар мен астық қабылдау пункттеріне мем­лекеттік қор есебінен 150 мың тон­на дән және қажетті көлемде жем-азық жөнелтіледі, – деп мәлімдеді Үкімет басшысы. Премьер-Министр осы об­лыс­қа сапары барысында да жүзеге асу үстіндегі жаңа индустриялық жо­балармен танысты. Соның ішін­де Зеленов ауданында бой көтерген 8640 ірі қараға арналған қазіргі замандық мал бордақылау кешеніне, ТМД көлемінде бала­масы жоқ деп табылып отырған мия тамырын өңдейтін зауыттың салынуына оң бағасын берді. “Осы мия өңдейтін зауыт жұ­мысымен танысу барысында Пре­мьер-Министрдің қызметтік бай­ланыс жүйесі белгі берді, – деп жазады сапардан жедел репортаж дайындаған Батыс Қазақстан об­лысындағы меншікті тілшіміз Те­мір Құсайын. – Оны көтерген кезде арғы жағынан Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың барша қа­зақ­стандық­тарға жақсы таныс жа­ғым­ды да қоңыр даусы тек Кәрім Қа­жым­қанұлының өзіне ғана емес, оның жа­нындағыларға да естіліп қалды. Мемлекет басшысының тиіс­ті сауа­лына орай К.Мәсімов былай деді: – Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл осы қазір мен Батыс Қазақстан об­лысындағы егістік алқаптары­ның бірінің шетінде тұрмын. Биыл мұнда орын алған қуаңшылыққа да тікелей куә болып тұрған жайым бар. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобын құру жөнін­де шешім қабылдадым. Көп кешікпей К.Мәсімовтің Мемлекет басшысына берген ха­бар­ламасына орай Елбасының бай­ламы тағы да Үкімет басшы­сы­ның жанында тұрғандарға естілді. – Батысқазақстандықтарға менің ыстық ықыласты сәлемімді жеткізіңіз. Егін күйіп кетті деп еңселері түспесін. Табиғатта жаман ауа райы болмайды. Ол әр жыл­да­ры бірде қуаңшылық, бірде жаңбырлы болып өзгеріп отырады. Тікелей өзімнің тарапымнан да оларға қажетті қолдау көрсетілетін бо­лады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасының үлкен қамқор­лық­қа толы бұл сөздерін бірінен соң бірі естіп, қозғалақтап қалған үл­кен қауым ендігі бір сәтте дүр сілкініп, сайын даланы жаңғырта қол шапалақтап жіберді. Осы бір сәтте олар республиканың кез кел­ген өңіріндегі, республиканың әр азаматының өміріндегі орын алған қиыншылықтар мен кедергілер, ең алдымен Елбасының жүрегіне салмақ түсіретінін сезгені анық. Сондай-ақ Елбасының нақты қол­дауын сезіну қуанышын бастан кеш­кендеріне де күмән жоқ”. Міне, оқиға куәгері батыс­қа­зақ­стан­дық тілшіміз осылай деп жазды. Қуаңшылық жағдай Батыс Қазақстан облысымен көршілес Ақтөбе өңірінде де қатты бай­қалуда. Бұған Премьер-Министр осы облысқа жасаған сапары барысында көз жеткізді. – Облыстағы экономикалық жағдай қанағаттанарлық. Алғашқы жартыжылдықтағы экономиканың дамуы тәуір. Индустриялық бағ­дар­лама бойынша Ақтөбе облысы алдыңғы қатарда келеді. Ауа райы­ның қуаңшылығы салдарынан егін шықпай қалды. Жалпы, егінші­лік­те ылғал сақтағыш технологияға баса назар аудару керек. Өңірде ауыл шаруашылығы кешенін да­мы­ту, соның ішінде мал шаруа­шылығымен айналысуға бағыт ұстау жайлы облыс басшысына, Ауыл шаруашылығы министріне тапсырма бердім. Қуаңшылықтан зардап шеккен Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына еліміздің солтүстік облыстарынан астық жеткізуге қаржы бөлінеді. Жем-шөп жеткізуге де көмектесеміз. “Жем-шөп жоқ”, деп асыл тұ­қым­ды малды пышаққа іліктіруге жол берілмейді. Шаруашылық құры­лым­дары алған несиенің мерзімін созу мәселесі де ойластырылады, – деп мәлімдеді Үкімет басшысы ақтөбелік диқандармен кездесу барысында да. Үкімет басшысы бұл облысқа сапары кезінде де көптеген индус­триялық-инновациялық жобалар­дың жүзеге асу жайымен, “Бизнес­тің жол картасы-2020” бағдарла­ма­сының орындалу барысымен танысты. Үкімет басшысы үш облысқа жасаған осы сапары кезінде ден­сау­лық сақтау мен білім беру салаларының жұмысына ерекше мән бергендігін баса айтуымыз керек. Осы үш облысты аралап көр­ген кезде олардың әрқайсы­сын­дағы аталған сала қызмет­кер­ле­рімен арнайы жолығып, олар­дың хал-жағдайларын білді. Елі­міздегі жүзеге асу үстіндегі ден­сау­лық сақтау мен білім беру сала­ларындағы реформалар жайын­да­ғы пікірлерін сұрады. Жалпы, Үкімет басшысының ел өңірлерін аралаған сапарлары­нан ортақ бір қорытынды түйетін болсақ, қазіргі күні ел басшы­лы­ғын индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асуымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайы көбірек толғандыратындығы ай­қын аңғарылып отыр. Негізгі шешімді істер де осы салаларға қарай бағытталғаны диқандардың мойнына түскен құрғақшылық ауыртпашылықтарын жеңілдету, солтүстік облыстардың халқын газбен қамту, жаңа ауыз су бағ­дар­ламасын әзірлеу жөнінде жаңа шешімдер қабылдануынан айқын сезіледі. Бұл жөніндегі әрбір ше­шім миллиардтаған соманы қамтиды. Тағы бір айта кетер мәселе, Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсі­мов­тің ел өңірлеріне жасаған са­парлары арқылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік даму мәселесіне қатты көңіл бөліп отырғандығы байқалып отыр. Тәуелсіздікке ие болған 19 жыл­дың ішінде Қазақстанда әлеумет­тік бағыттағы қуатты мемлекетті қалыптастырудың  жобасы сәтті жүзеге асты. Енді сол мемлекет еліміздің әрбір өңірін дамытуға, ондағы халықтың тұрмыс жағдай­ын жақсартуға, өмірдің, табиғат­тың заңы бойынша төтеден кезде­сіп қалатын проблемалар тұсында халықтың мұң-мұқтажын белсене қорғауға мол мүмкіндіктермен кірісіп отыр. Сапар қорытындысы туралы тоқсан ауыз сөздің то­бық­тай түйіні осы деп есептейміз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.