28 Тамыз, 2015

Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – басты назарда

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
тәуелсіздік сарайы Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер бас про­курорларының 13-ші отырысы өтті. Оты­рыс жұмысына Қазақстан Рес­публикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев, Қытай Халық Республикасы Жоғарғы халық прокуратурасының Бас прокуроры Цао Цзяньмин, Қыр­ғыз Республикасының Бас прокуроры Индира Джолдубаева, Ресей Феде­ра­циясының Бас прокуроры Юрий Чайка, Тәжікстан Республикасының Бас прокуроры Юсуф Рахмон, Өзбекстан Рес­публикасының Бас прокуроры Ихтиёр Абдуллаевтың басшылығымен делега­циялар, сондай-ақ ШЫҰ-ның Бас хат­­шысы Дмитрий Мезенцев және ШЫҰ-ның Аймақтық антитеррористік құ­рылымы атқарушы комитеті дирек­торы­ның орынбасары Ахтамхон Пиров қатысты. ШЫҰ-ның бақылаушы-мемлекет­тері бас прокурорларының қатысуы форумның жұмысын жаңа мазмұнмен толықтырды, олар: Ауғанстан Ис­лам Республикасының Бас прокуро­ры Джалал Нур Хабиб, Беларусь Рес­пуб­ликасының Бас прокуроры Александр Конюк, Үндістанның Бас прокуроры Мукул Рохатги, Моңғолияның Бас про­ку­роры Энх-Амгалан Магванноров, Пәкістан Ислам Республикасы Бас про­курорының орынбасары Насер Ахмед Бхутта. Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесі­нің хатшысы Нұрлан Ермекбаев жиын­ның ашылуында сөз сөйлеп, ШЫҰ ая­сын­дағы өзара ынтымақтастықтың жаңа бағдарларын анықтады. Асхат Дауылбаев отырысты ашып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы үшін аймақта тұрақтылықты және қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәсе­лелері әрқашан назарда болғанын атап өтті. ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер про­ку­ратураларының бірлескен күш-жігері арқасында осы ұйымның тиімді жұмыс істеуіне берік негіз қаланды, бұл сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Сондықтан прокуратура ор­ган­дарының сұхбаттасу алаңы және ынтымақтастықтың құрылған жүйесі мемлекет басшылары белгілеген жос­парларды іске асыру үшін үлкен мүм­кін­дік туғызды. Форум барысында терроризммен және экстремизммен күрес, есірткі және қарудың заңсыз айналымы, транс­шекаралық қылмыстардың басқа да түрлері мен заңсыз көші-қон саласында тәжірибе алмасу мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. Қатысушылар терроризм мен экстремизм сияқты қазіргі заманның ең қауіпті құбылыстары бүгінде халық­аралық сипат алғанын және олардың әскери, экономикалық қуаты мен діни сеніміне тәуелсіз барлық мемлекеттерді қозғағанын атап өтті. Өз кезегінде А.Дауылбаев терро­ристік әрекеттерге Қазақ­станның негізгі күш-жігері қазір діни радикалдардың қылмыстық пиғыл­дарының алдын алуға және уақтылы анықтауға бағытталған деп баса айтты. Қазақстан экстремизм және терроризммен халықаралық күрес аясында үлкен және жүйелі жұмысты жүргізуде. Біздің еліміз БҰҰ-ның терроризммен күрестегі барлық 14 халықаралық әмбебап конвенцияларына қосылды, Ор­талық Азия аймағындағы қауіпсіз­дік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттердің бірігуіне бас­тамашылардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар құзы­ретіне ШЫҰ-ның мүше-мемлекет­терінің шекаралары арқылы есірткілік құралдарды, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын заңсыз алып өтуге қарсы әрекет ету бойынша міндеттерді шешу жататын органдардың жұмысын үйлестіру бойынша ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер прокуратураларының жұмыс тәжірибе­лерімен алмасты. Күн тәртібіндегі мәселелерді тал­­қылау нәтижелері бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас про­кура­ту­ра­ла­ры­ның басшылары өзара құқық­тық көмек көрсету мәсе­лелері, прокурорлық қызметтің негізгі ба­ғыттары жөнінде тәжірибе алмасуды жалғастыру, әртүрлі транс­ұлт­тық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тұ­­ру жөніндегі ұтымды шараларды қол­дану бойынша халықаралық ын­тымақтастықтың тиімділігін арттыру жө­­нін­дегі отырыс хаттамасына қол қойды. Сонымен қатар, 2016 жылы ШЫҰ-ға мүше бас прокуратуралардың ке­зекті отырысын Қытай Халық Респуб­ликасында өткізу туралы шешім қабыл­данды. Нұрлыбек Досыбай. журналист.