Қазақстан мен Норвегия мемлекеттері арасында ауа құрамындағы метан шығынын азайту мақсатында қол қойылған келісімшарт бар. Осыған орай екі еларалық бекітілген құжат аясында тың жобаны іске асыруға отандық «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен Норвегияның «Carbon limits» компаниясы атсалысып отыр. Еліміздегі алғашқы қанатқақты жоба ең алдымен «Ембімұнайгаз» («ЕМГ») АҚ-тың өндіріс алаңдарында іске қосылды. Дәлірек айтқанда, норвегиялық «Carbon limits» компаниясының қызметкерлері «Ембімұнайгаз» АҚ өндірісінде ауаға шығарылатын метан шығыны мөлшерін анықтау мақсатында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының С.Балғымбаев пен Оңтүстік Батыс-Қамысты кен алаңдарында, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Батыс Прорва, С.Нұржанов атындағы мұнай кенішінде мұнай өндіру мен дайындау жұмыстарымен, өнімді сақтау, ілеспе газды тазалау және кәдеге жарату шараларымен жан-жақты танысты.
«Carbon limits» компаниясының Қазақ-
стандағы тың жобаны алғаш рет бастағанмен, осы мақсатта жинақтаған мол тәжірибесі бар. АҚШ, Украина, Канада елдерінде метан шығынын азайтуға бағытталған қанатқақты жобаларын іске қосып, сәті аяқтаған. Әсіресе, Украинада өндірілетін газдың 75 пайызын еншілеген «Укргазвидобування» компаниясында аталған қанатқақты жобадан кейін метан шығынының ауаға шығарылуы айтарлықтай азайған. Ал, Норвегия болса бүгінгі таңда метан шығынысыз өндірісті дамытып отыр.
–Біздің кәсіпорынның өндіріс алаңдарында іске қосылған қанатқақты жоба күткендей нәтиже береді деген сенімдеміз. Метанның ауа қабатына зиянды әсерін азайту, оны энергия көзі ретінде тиімді пайдалану, газды үнемдеу мақсатындағы жұмыстар жанданады деп күтілуде», –дейді «Ембімұнайгаз» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Сәлима Абитова.
Жоба жұмыстарының нәтижесімен шетелдік мамандар «Ембімұнайгаз» өндірісінде парниктік газдың атмосфераға шығарылуын азайту шараларының бағыттарын анықтап, метан шығынын азайтудың жаңа технологияларын ұсынбақшы.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.