«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы». Бұл – «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабынан үзінді. Сондай-ақ, аталған бапта «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті», деп жазылған. Яғни, бұл тайға таңба басқандай тапсырманың арғы жағында осы міндеттерді орындамас бұрын, Үкімет, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік тілді өздерінде тұрақты әрі жетік қолдану қажет деген сөз жатыр.
Осы жерде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтқан ұтымды ойы еске түседі. Онда Мемлекет басшысы: «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс», деген болатын. Мемлекеттік тілдің абыройын арттыруда, қоғамдық сананы қалыптастыруда мемлекеттік қызметкерлердің алатын орны ерекше. Өйткені, бүкіл бұқараның өмірі мемлекеттік мекемелермен тығыз байланысты десем, артық айтқандық болмас. Тіршілікке қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін азаматтар мемлекеттік мекемелер мен органдарға жүгінетіні белгілі. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыруға барлығымыз бірге күш салуымыз қажет.
Кеңес дәуірі үстемдік құрып тұрған кезде, «Тіл – қатынас құралы» деп ұрандадық. Егемендік алған соң, осы ұранның жалғандығына көз жеткізгендейміз. «Тіл – қатынас құралы» емес, «Тіл – белгілі бір елдің жаны» екені айқын білінді. Мысалы, қазақтың жаны – қазақ тілі. Денеден жан шығып кетсе, адамның бақилық болғаны. Сол сияқты тілімізден айырылсақ, ел болудан қалғанымыз деп түсінген жөн.
Мемлекеттік тіл төңірегіндегі дау, талас-тартыс Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, әлі жалғасып келеді. Мемлекет осы салаға ақша аяп отырған жоқ, бүкіл жағдайды жасап отыр. Қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйренуге жыл сайын қыруар қаражат бөледі. Өкінішке қарай, көзге ұрарлық нәтиже бермей келеді.
Неге? Бұл сұрақтың тууы заңдылық. Өйткені, мемлекеттік тілге деген қоғамның көзқарасын, сайып келгенде пікірін түбегейлі өзгертпейінше, қазақ тілінің өркендеп кетуі екіталай. Қоғамдық сананы кім қалыптастырады деген сұраққа келетін болсақ, ол әрине ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары болса, екінші кезекте мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік органдар. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер. Ол мейлі, саяси мемлекеттік қызметкер болсын, мейлі, әкімшілік мемлекеттік қызметкер болсын, мәселе онда емес. Мәселе, қай мемлекеттік қызметкердің болмасын мемлекет алдындағы парызын түйсінуінде болып тұр. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін тыңғылықты орындауы үшін бірінші басшы талабы күшті болуы тиіс. Әр мекемедегі тілге қатысты жұмыстың жақсы не жаман болуы тікелей бірінші басшыға байланысты. Егер, бірінші басшы неғұрлым білімді, білікті, нәтижені талап ете алатын болса, ол жерде атқарылатын жұмыс та солғұрлым өнімді болмақ. Сол сияқты Үкімет мемлекеттік тілдің қолдану аясын жетілдіру мақсатында мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бірінші басшыларына қатаң талап қойған кезде ғана бұл салада алға жылжу болады деп пайымдаймыз.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, өз Жолдауларында Елбасымыз үнемі айтып келеді. Сонымен қатар, Президент: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады», – деп болашаққа үлкен үміт артады. Көңілге қуаныш, санаға жұбаныш беретін сөздер. Дегенмен, осы ата-бабамыз аңсаған, Елбасы армандаған күнге жету үшін ұлттық сананы дүр сілкіндіру қажет болып тұр.
Қазақты «киргизы» деп жүрген заманда, қазақтың болашағы үшін күрескен Алаш арыстарының бірі Сәкен Сейфуллин «Қазақты қазақ дейік, қатені түзейік» деді емес пе?! Бізге де қатені түзейтін кез жеткен сынды. Өйткені, қасиетті қазақ тілі – атадан қалған аманат.
Кенжегүл ТЕРГЕМБАЕВА,
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы.