03 Сәуір, 2015

Ұлттық рухты ұлықтау мектептен басталса ұтылмаймыз

332 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
03-04-2015-ulttyk rukh 01Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді» деген екен. Шынында, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің қабырғасын бекіту, жазудағы түрлілікті бір ізге түсіру мәселесінде әр алуан пікірлер баршылық. Дегенмен, азаттықтың арқасында ана тіліміздің абыройы биіктеп келеді. Осы тіл мәселесін терең зерделеу, оны саясаттандыра бермей, салиқалы іспен жетілдіру жөнінде бүгін елордада алқалы жиын өтеді. Соған орай, оқырмандарымыздың ой байламдарын жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің ірге­тасын нығайтып, еңсесін биік­тететін ертеңгі ел азаматтары да осы жастар. Олардың ел сенімін ақтайтын, ұлтының ізгі дәстүрлерін құрмет тұтатын азамат болып өсуі үшін тәрбиені тал бесіктен бастау міндет. Күллі тәрбие, тағылымды ұрпақ бойына сіңіруде, әрине, тіл маңызды орын алады. Балалар тәрбиесінің алтын ошағы – мектеп. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ғой дана бабаларымыз. Ендеше, ұлт болашағы боларлық тұлғаларды қалыптастыру мектептен бастау алады. Тәрбие беру дегеніміз – ақыл айту, кеңес беру ғана емес, баланы балапандай баулу. Осы мақсатпен «Дарын» республикалық ғылыми-прак­тикалық орталығы өткен жылдан бері оқушыларға арналған «Ақберен» байқауын өткізуді қолға алып, игілікті іске ұйытқы болып отыр. Бұл байқаудың мақсаты: оқушы­лар арасынан гуманитарлық-эсте­ти­калық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілеті мол, ұлт тілінің ұйытқысын жақсы меңгерген, өлең жазуға талабы бар, тапқыр таланттарды тартып, дарын­ды жастардың болашағына кең жол ашу. Бұл шара өткен жолы елордада болған еді. Сол жолы қазылар алқасының төрағасы ретінде көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдасбеков екі күн бойы еліміздің барлық өңірінен келген тума таланттардың өнеріне тек қана қызығып қоймай, сонау алып жыраулар мен атақты айтыс­керлер, өрен жүйрік өнерпаздар осындай дарынды жастардың арасынан шыққанын айтып, жүзге тарта оқушыға ұлтымыздың арғы-бергі тарихы жинақталған кітап­тарды сыйға тартқан еді. Биыл «Ақберен» байқауы киелі Түркістан қаласында өтті. Бұл жолы айтыскер ақын Аманжол Әлтайдың басшылығымен болған білім сайысына 96 оқушы қатысты. Олар көркемсөз оқудан, шығарма жазудан, ұлттық аспапта ойнаудан, ақындар айтысынан, ақындар мүшәйрасынан, шешендік өнерден сайысқа түсіп, небір саңлақ жастар­дың ел ішінде жүргенін көрсетті. Әсі­ресе, «Ел іші – өнер кеніші» деп оқушылар ата-бабадан қалған асыл мұраларды жасандылықпен емес, жан-тәндерімен қайта жаңғыр­тқанда жиналған жұрт оларға ерекше ілтипат танытты. Белгілі айтыс ақыны Ақмарал Ілеубаева, ғалымдар Қарлығаш Сарекенова, Иманәлі Сайманов, Эльмира Дүйсенова, Жанымгүл Камалқызы, Батырхан Сәрсенхан жалындап тұрған ұл мен қыз­дың талантына тәнті болды. Мәселен, Қызылордалық Досхан Төлегенов пен Маңғыстаулық Шынар Жұмасатова мен Шығыс Қазақстандық Нұрбол Жауынбаев пен Ермұханбет Мұратовтың айтыс өнеріндегі тапқырлығы мен өткірлігі ерекше есте қалды. Болашақта олар алдыңғы толқынның ізін басып, айтыс өнерінің туын көтереді деген сенім мол. Жалпы, оқушылар арасында таланттар жетіп-артылады екен. Тек жетектей алсақ қане! Мен де, осы «Ақберен» байқау­ына қазылар алқасының мүшесі ретінде екі жылдан бері қатысу барысында ойға түйгенім, бұл үрдіс қазақ руханиятына жас ұрпақты тарту ісіндегі келелі жұмыс болғанын баса айтуды парыз санаймын. Себебі, қазір қазақ тілінің тазалығы туралы әр алуан әңгімелер қозғалып жүр. Оның негізі де жоқ емес. Радио мен теледидарды тыңдап, басылымдарды оқып отырғанда, кейбір ала-құла сөздерді естігенде, «Қазақ сөзінің қадірін кетіріп алып жүрген жоқпыз ба», деген ойға бататыным анық. Сондай олқылықты болашақта болдырмау мәселесін шешуді мектептен бастасақ ұтыл­мас едік. Мысалы, «Ақберен» байқауында шешендік өнердің қыр-сырын біле отырып, сөз ұстаған айтылулардың даналық ойларын, дәйекке келтіріп, өздері де ойларын ортаға салуы, оны көркемдеп жеткізуі, поэзия, проза, драмалық шығармалардан үзінділер оқып, домбыра мен қобызды, жетігенді төгілте орындаулары, ақындық тапқырлықтары – олардың күні ертең ұлт руханиятының тіре­гі боларын көрсеткендей. Осы ара­да қазақтың қас батыры Бауыр­жан Момышұлының: «Өз ті­лін сезбеген бала –ана сүтін тат­па­ған жетіммен тең», деген сөзі ой­ға оралады. Шындығында, қарға­дайынан қазақ тілінің нәрін ұр­пақ бойына сіңіре алсақ, қазақ сөзінің беделі артады. Жас ұрпақ ана тілінде ағыл-тегіл сөйлеп тұр­са, олардың алдында түрлі сылтау­лар айтып ақталып жүрген тілі мүкістер ойланбай қалмасы белгілі. Осы тұрғыдан келгенде азат елдің, жұртымыздың ұлы руханиятын мектеп қабырғасынан ұрпақ санасына сіңіріп, бойына дарыту мақсатында өткізіліп келе жатқан аталмыш байқауға тиісті мекемелер жете мән беріп, жеткіншектерді желеп-жебеп жатса, қазақтың қазақтығына тұғыр болған бабалар дәстүрі қайта жаңғырып, дәуір дамуынан орнықты орнын алып, тиянақты тірлігімізге айнала беретіні сөзсіз. Бұл бірте-бірте бір замандары жыр сұңқары Сәкен Сейфуллиннің «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды» деген сөзінің оң шешімін табуға да септігін тигізетініне иманымыз кәміл. Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, филология ғылымдарының докторы, ақын.