Осылай тебірене жырлап, ана тілін алтын күнге, жарық жұлдызға теңеген Мағжанның туып-өскен өңірінде басты құндылығымызға қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес
Елдің мұрат жолдарын белгілеп берген «Қазақстан-2050» Стратегиясында тіл саясатын сауатты, дәйекті жүргізу керектігі, 2025 жылға таман ел тұрғындарының 95 пайызына қазақ тілін білу талабы қойылғаны мәлім. Қызылжар өңірінде де жаппай қазақша білетін жаңа ұрпақ легін қалыптастыру бағытында бірталай жұмыстар атқарылып келеді. Ол туралы өңірдегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Кәрібай Мұсырман былай дейді:
– Қазір Отанымызда тілге, елге деген азаматтық жанашырлық, қайраткерлік көзқарас айқын аңғарылады. «Не нәрсенің де бағасы салыстыру арқылы анықталады» деп грек ойшылы айтқандай, осыдан ширек ғасыр бұрынғы уақыт пен қазіргі кезең жағдайын алып қарайтын болсақ, айырмасы жер мен көктей. Оған мына деректер айғақ. 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының 25 пайызы ғана ана тілінде білім алса, қазір бұл көрсеткіш 67 пайызға жуық. Қазақтар саны барлық тұрғындардың 34 пайызын құрап отырған өлке үшін қуантарлық нәтиже. Кеңес өкіметі тұсында 100-ге жуық қазақ елді мекендерінде жабылып, орысшаға көшірілген білім ошақтары қайтадан қалпына келтірілді. Петропавл қаласында бір ғана ұлттық мектеп болса, бүгінде олардың саны алтауға жетті. 2012-2014 жылдар бедерінде 49 қазақ сыныптары ашылып, аралас мектептер саны ұлғайды. Олардың түбінде ұлттық білім ұяларына айналары анық. Олай дейтінім, 320 орынды қалалық қазақ гимназиясындағы оқушылар 1100-ге жетіп, №7 орыс мектебіне орналастыруға тура келді. Қазір мұнда 400 бүлдіршін ана тілінде білім алады. Бүгінгідей қаржылық дағдарыс кезінде жаңа нысандар салу оңай емес. Сондықтан оқушылар саны азайған орыс мектептерінде қазақ сыныптарын көбейту бірден-бір оңтайлы жол болмақ.
Осындайда 1990 жылы Петропавл қаласында тұңғыш қазақ сыныбының қандай қиындықпен ашылғаны еске түседі. Бастапқыда 80 ата-ана балаларын беруге келісім бергенімен, жеме-жемге келгенде көбі уәделерінен тайып, 15 балаға әзер толтырылған еді. Тіпті, кейбіреулері «Сенің қазақ тілің кімге керек? Орысша оқытамыз. Шаруаларың болмасын», – деп намысқа тиетін сөздермен дүрсе қоя берген. Мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін көтеруде талмай жүргізілген ілкімді саясаттың жемісін көріп отырмыз.
Таяуда өткен «Тіл – татулық тірегі» атты алқалы басқосуға қатыса отырып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, босағадан төрге озған ана тіліміздің тұғырын шындап ұққандай боласың. Бұл жиынның бөлекшелігі сонда, облыс әкімі Ерік Сұлтанов мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастарымен кездесті.
Қазақтың ұлы ақыны М.Жұмабаев «Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ» деген болатын. Мемлекеттік тілді үйрену, оның қолданылу аясын кеңейту бәріміз үшін көкейкесті мәселе болып қала береді,– дей келіп, Ерік Хамзаұлы қазақ тілі үш тілдің бірі болып қалмайтынын, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы болатынын, еске салды.
Дөңгелек үстел түрінде ұйымдастырылған алқалы жиында тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов былтыр мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі – 97, кіріс құжаттар 83 пайызды құрағанын жеткізді. Мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы 124 топта 2624 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқып-үйренген. Соңғы екі жылда топ саны 55-ке көбейіп, қосымша 1559 тыңдаушы тартылған. Мекеме-кәсіпорындардағы 1 мыңға жуық үйірмелерде 12 мыңнан астам адам дәріс алады. 6,5 мың адам тестілеуден өткен. Мемлекеттік тілде іс жүргізуші мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, қайта даярлаудан өткізу курстары жүргізіледі. 547 жалпы білім беретін мектептің 136-сы қазақ тілді, 130-ы
аралас саналады. Айрықша атап өтерлігі, өзге ұлт өкілдерінің 300-дей баласы қазақ мектептерінде оқиды. Қазақ және басқа тілдерді интерактивті оқыту мақсатымен 270 лингофонды кабинет жабдықталған. Үш тілді меңгерген жастарға жүйелі қолдау көрсетіледі. «Тіл–тұнық ойдың кәусары», «Тіл шебері», «Тіл–парасат» секілді олимпиадалар мен байқаулар ұйымдастыру дәстүрге енген.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбы аясында пікір алмасып, ой бөліскен Белое орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Светлана Магуянова өңірде мемлекеттік тілді үйренушілер мен білім алушылар қатарының қалыңдап келе жатқанын, өйткені қазақ тілі Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болатынына ешкім шүбә келтірмейтінін алға тартты. Шал ақын ауданындағы Еңбек негізгі мектебі «Еркетай» шағын орталығының тәрбиешісі Марина Венинг ұлты неміс болғанмен, тілі қазақ екенін мәлімдеді. Ол 2013 жылы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өзге қыз-келіншектермен бірге Елбасының қабылдауында болған ұмытылмас әсерлерімен бөлісіп, қазақша таза сөйлейтінін мақтан тұтты. Учаскелік инспектордың көмекшісі Гариф Хамзаев мемлекеттік тілді еркін білудің арқасында оқуда да, қызметте де өзін еркін сезінетінін айтты. «Дархан даладай мінезі жайсаң қазақ бауырларымның арасында өскенімді бақыт санаймын», деді ол ағынан жарылып. Тайынша ауданы білім бөлімінің әдіскері Палимат Чупалаева әдеби тілді еркін меңгергені соншалық, мақалдап-мәтелдеп сөйлеп, тілдің майын тамызды.
Десек те, бұл айтылғандардан көлеңкелі тұстар жоқ екен деген ой тумаса керек. Баршылық. Солардың ішінде ең соқталысы, қазақ мектептеріндегі орынның тарлығы. Петропавлдық ата-аналар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Ғ. Мүсірепов пен Тайынша аудандарында аупарткомның ескі ғимараттары негізінде ашылған білім ошақтары үш ауысымда оқуға мәжбүр. «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде пайда болған Бәйтерек ауылынан 300-ден астам оқушы аудан орталығына автобуспен қатынап оқиды. Шал ақын ауданындағы Қаратал, Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылдарының тұрғындары жаңа мектепке зәру.
Ендігі бір мәселе, ономастика саласындағы түйткілді жайттарға келіп тіреледі. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, 23 жыл ішінде 11 ауданның, Петропавл қаласында 57 көшенің аты өзгергенімен, отаршылдық сипаттағы, кешегі кеңес-
тік кезеңді еске салатын көшелер мен елді мекендердің әлі аз еместігі байқалады. Облыс аумағында 600-ге тарта ауыл болса, 237-і ғана қазақша атауға ие. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясында ономастикадағы оралымсыздықтарды шешетін мезгіл туғаны анық.
Елбасының осыдан 7 жыл бұрын бір топ қазақ тілді БАҚ басшыларына берген сұхбатындағы «Қазақтың қазақтығының басты белгісі–қазақша сөйлеуі. Үйде де, түзде де. Баласымен де, немересімен де. Досымен де, туысымен де. Бажасымен де, құдасымен де. Тек осыны жасаған адамның өзі ана тілін өркендетуге өзінің титтей де болса үлесін қоса алады. Өз баласын қазақша сөйлетпеген қазақтың «қазақ тілі» деп сарнауының еш реті жоқ» деген пайымдаулары өміршеңдігін жойған жоқ. Өкініштісі сол, бәзбіреулер «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қанатты сөздерді ескере бермейді.
«Тілден биік асқар жоқ, Тілден асқан байлық жоқ, Тілден асқан теңіз жоқ» /Ғ. Мүсірепов/ екенін үлкендер жағы есте мықтап ұстап, жастарға ескертіп отырса, тілдің негізгі иесін де, киесін де анық бағамдар еді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы.