27 Шілде, 2010

Азаматтың ақ жолы

1392 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
1997 жылғы қараша айының ор­тасы еді. “Ақиқат” журналында жұмыс істеп жүрген кезіміз. Кешкі сағат бес пен алтының ортасында абыр-сабыр болдық та қалдық. Сөйтсек жоғарғы жақтан басшылар келмекші екен. Тура сағат алтыда Мәдениет, ақпа­рат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев, “Қазақ әде­бие­ті” газетінің бас редакторы Ахат Жақ­сыбаев келіп, бәріміз бас редактор Жұмабек Кенжалиннің кабинетіне жиналдық. Министр журналға жақсы баға бере сөйледі, алған бағытының дұ­рыс екенін, сүйекті-сүйекті мате­ри­ал­дардың жарияланатынын тілге тиек етті. Енді бұл басылымға бас редактор Ахат Имантайұлы Жақсыбаев бола­тынын, ал Жұ­мабек Омарұлы “Қазақ әдебие­­ті­не” бас ре­дак­торлыққа тағай­ы­ндал­ға­нын қадап-қадап айтып, отыр­ғандарға кү­лімсірей қарады да: “Ахаң­ды көп­шілік, әсіресе, әдебиетті сүйіп оқитын қауым жақсы біледі. Сондықтан таныстырып, өмір­ де­регінен хабардар ету артық”, деп қысқа қайырды. Ешкім бел­сен­ділік таныт­паған соң мен орнымнан көтеріліп: – Алтеке, дұрыс қой бәрі. Кет­кен­ге де көңіліміз тоқ, келгенге де кө­ңі­ліміз тоқ, сіз орынтақта отырғанда біз­де уайым-қайғы жоқ, – деп тақпақтап едім, отырғандардың көпшілігі ду етіп көңілді қозғалысқа түсті. – Бірақ, – дедім не болса о болсынға салып, – бас редактор ауысқан сайын орын­басар күпті болады. Министр сәл-пәл жымиып: – Мәке, күдіктенбеңіз, – деді. Сонымен екі бас редактордың қо­лын кезек-кезек қысып, сәттілік ті­ле­дік. “Құдай қаласа, сегізінші бас ре­дак­тормен жұмыс істеуге тура келіп тұр” деп ішімнен өзіме-өзім сы­быр­ладым. Менің бір әдетім, жұмысқа ертерек келіп, өзімнің оны-мұнымды қара­ғыш­тап, қаққыштаймын. Ойыма орал­ған бірдеңе болса, жазып тастауға ұм­тыламын. Жұмыс орным лифтінің қар­сы алдында еді, сағат тоғызға он ми­нут қалғанда Ахат келді. Амандық-сау­лық сұрасқан соң: “Осы қабат тү­гелімен редакциянікі ме?” деп сұра­ды. “10 бөлмесі” деген жауаптан кей­ін, “16 адамға 10 бөлме... Апы­рай, ғажап екен! Бұл неткен комму­низм”, – деді маған қарап. – Нарық саяса­тынан қалай тысқары жүрсіңдер? – дегенді қосып қойды. Менде үн жоқ. Үсті-басы мұнтаз­дай Ахаң тық еткізіп таңдайын бір қақты да, денесін шиыршық аттыра қозғап, кабинетіне қарай бет алды. Тау сілеусіні секілді, аяқ басқаны білін­бейді, еденде емес, ауада қалқып бара жатқандай. Сағат 10 мезгілінде бас редакто­рымыз өзіне шақырып: – Мен ертең, бүрсүгіні жұмыста болмаспын. Соны ескертейін деп отыр­мын. Ал мына нөмірдің мате­ри­ал­­дары дайын болғанда маған бір көр­сетіп аларсыңдар, – деді ол кісі нақ-нақ сөйлеп. – Аха-ау, бұл нөмірдің коррек­ту­расы оқылып қойылған. Келесі нө­мір­ді жоспарлап, соған кірісіп жатырмыз, – дедік біз шапшаңдата сөйлеп. – Онда мен келген соң жоспарды қайта бір қарап, ақылдасармыз, – деп бас редактор орнынан көтерілді. Бөлмеге кіре бергенімде, телефон шыл­дырлады. “Қазақ әдебиеті” газе­тінен жазушы Қуаныш Жиенбаев екен: – Мәке, құтты болсын! Реда­к­ция­ның айы оңынан туды. Ахаң бәрін өзі істейді. Поштаға дейін өзі әкеледі. Кор­ректураны өзі оқиды, нөмірге жібе­рілетін материалдарды бастан-аяқ бүге-шігесіне дейін өзі қарайды. Қол­дарың ұзар­ды, бақытты екенсіңдер, – деді күліп. – Қой, қалжыңың шығар, – дедім мен де суықтау тіл қатып. – Мәке, шынайы шындығым. Ахаңды сенен гөрі қарауында қызмет істеген мен жақсы білемін ғой. Осымен екеуара сөзіміз аяқталды. Павлодар қаласынан орта мектепті үздік тәмамдаған Ахат Имантайұлы комсомолдық жолдамамен екі жыл Екібастұздағы көмір шахтасында жұ­мыс істейді. Жер астындағы қиямет-қайым жұмыс жас жігіттің шыңда­луы­на, оның өмірді жан-жақты біліп-та­нуына, адамдармен араласып, өзінің күш-жігерін, ой-санасын қалыптас­ты­руына көмектеседі. Сол кезде ғой, Ахаңа бір тәжірибелі маманның: “Са­ған қазір үңіле қарасам, көз алдыма қап-қара қабылан елестейді. Жүріс-тұрысың, қимыл-қозғалысың, шап­шаң­дығың, қайсар қайтпас қайратың, тура қабыланға ұқсайды”, деп за­бой­дағы жұмысшыларды күлдіргені және сол жылдар ішінде ғой, Ахаңның “Мен жұмысшымын” деген тақырып­та поэма жазамын деп әуре-сарсаңға түскені. Ақырында өз жазғаны өзіне ұнамай, ақындықтан мүлдем сырт ай­на­лады. Екі жылдай жұмысшы-көмір­шіліктен кейін Ахат ҚазМУ-ге келіп, оқуға қиналмай кіл бестікпен түседі. Жазушы Ахат Жақсыбаевтың шы­ғар­малары жетпісінші жылдардан бас­тап биік белеске көтеріліп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленгені белгілі. Оның “Егес”, “Бөгет” романдары жұ­мысшы өмірін, яғни сол кездегі ең өзек­­ті тақырыпты суреттеген сәтті туын­дылар еді. Бұл жөнінде мерзімді баспасөз бетінде пікірлер жарияланып, белді-белді сыншылардың назарына ілік­ті. Сәл кейіндеу “Қорған” романы жа­рық көрді. Ал, “Бозарал” повесі жа­зушының өз мүмкіндігінің өте жоғары екенін көрсететін көркем туынды бол­ды. Бізге дейін бес жылдай “Қазақ әде­биеті” газетінің бас редакторы қызметін атқарған Ахаңды, оған дейін жиырма жыл “Жұлдыз” журналында жауапты хатшы болған Ахаңды басқа-басқа, ал қаламгер қауым өте жақсы білетіні ақиқат. Талантты жазушы Орал­хан Бө­кейден кейін жабық дау­ыспен “Қазақ әдебиеті” газетіне бас редакторлық орынтаққа отырған Ахат­тың беделі биік еді. Өмірдің ащысы мен тұщысынан дәм татқан, саналы өмірінде барды да, жоқты да көрген, қандай нәрсені де ой елегінен өткізіп барып, қолына ұстай­тын қабілетті де, талғам иесі екенін көпшілік баяғыда-ақ білген, шығар­ма­ларын оқыған. Оның жазушылығымен қатарлас-қа­п­талдас жүрген журналист мамандығы да Ахатты қатпар-қатпар мұзы бар шың­дар мен қабат-қабат көмірі мен те­мірі, жезі бар жер астына да жетек­теп түсіргені шындық. Ол – екі тілде бірдей жазатын тиянақты білімді, сонымен бірге құдай берген қабілетті шашау шығармай ел кәдесі мен өз кәдесіне пайдалана білетін қос қа­натты азамат екенін жалғыз мен емес, күллі оқырман қауымның білетініне сенімім нық. Кешегі социализм кезінде Қазақ­стан Жазушылар одағы күркіреп, дүр­кіреп тұрды. Сол шығармашыл ша­ңы­рақтағы қайнаған қара қазан ішінде Ахат Жақсыбаев кәсіподақ комитетін бас­қарғанын білеміз. Мұның өзі жүйкеге мықтап тиетін айғай-шуы мол қоғам­дық жұмыс еді. Ахаң талай жазушы ағайындардың пәтерлі болуына тікелей көмектесті. Мысалы, Марат Қабан­баевқа жүгіріп жүріп, екі бөлмелі пәтер әперген осы Ахаң болатын. Сол уа­қыт­тың қат проблемасы жеңіл мәши­неге қол жеткізіп, оны кезектегі қа­лам­герлерге беруде де Ахаң белсен­ділік танытты. Кешегі 1994-95-96 жылдары еліміздің экономикасы бірде кейін, бірде ілгері жүріп, қалтылдаған қалтқыдай болып тұрған кезде де Ахат Жақсыбаев басқарған “Қазақ әдебие­ті” газетінің ұжымы күйзеліске ұшы­рай қойған жоқ. Газеттің әр нөмірі өз уақытында мәнді де мағыналы, әрі мазмұнды шығып тұрды. Кешегі социализм кезінде Ахаттың “Егес”, “Бөгет” романы мен “Бозарал” повесі орыс тіліне аударылып, бүкіл КСРО-ға тарап, аты мәшһүр жазушы екенін дәлелдеді. Енді сол мәшһүр Ахаң, Г.Хагтардың “Маргарет ару” романын, Р.Медведевтің “Сталиннің серіктері” кітабын, В.Астафьевтің “Өмір өткел­­дері” повесін қазақ тілінде сайратқан аудармашы Ахаң, ұлттық қоғамдық-саяси журнал “Ақиқатқа” бастық боп келе қалғаны тосын оқиға емес еді. Марқұм Оралхан Бөкей бұл ағамызды Ахат деп атамай: “Біздің Ахаң”, де­ге­нін талай рет құлағымның шалғаны бар. ...“Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің”, дегендей, үш күн өтіп, төртінші күні ертелетіп қызметке кіріскен Ахат Имантайұлы тосын мінез көрсетті. Редакция ұжымы тү­гелге жуық жиналған басқосудағы кіріспе сөзден кейін: “Бар болғаны 96 бет журналға бас редактордың екі орын­басары тым артық, әрі ерсі. Сондықтан Жанболат Аупбаев – орын­басар, Марат Мәжитов – жауап­ты хатшы­лыққа тағайындалады. Со­сын аядай журналда 16 адам не істей­ді, айтың­даршы? Өзі айына бір рет шықса, бұл дегеніміз курорт емес, қыз­мет орны ғой. Келесі айдан бастап, қо­сымша қызмет істеп жүрген Ға­рифолла Есімов пен Талас Омарбеков өздерінің негізгі қызмет орнына барсын. Зейнеткер Сарбас Ақтаев пен ға­лым-тарихшы Есенжан Қуанды­қов­ты алдағы уақыт көрсетер. Мұрат Кү­лімбетовке бөлім беремін, әзірге осы, тағысын тағы да көре жатармыз”, деп бір тыныстады. “Мәссаған безгелдек, осындайға кез келдік”, деген мәтел алдымыздан шықты. Сонымен жаңа бас редактор­дың жаңаша көзқа­ра­сымен іске к­і­ріс­тік. Ретіне қарай, бөлмелер де қыс­қар­тылып, топтасып, шоғырлана бастадық. Ахат Имантайұлының аптасына бір рет, кейде екі аптада бір рет басқосуда алдағы жоспар жөнінде, орындалған жұмыс, не істеп, не қоямыз дегендей әң­­гіме өткізіп, кейде сөз тасқынына беріліп ұзақтау толғап кететіні бар. Мате­риалдардың бәрін өзі қарап, елеп-екшеп, тақырыптарына қаршы­ғаша шүйлігіп, ерінбей-жалықпай, кейде кешкі сағат жетіге дейін оты­рады. Біз дайындаған дүниелерге де көңіліне жақ­паса “менің көзіммен бір қараңызшы” деп қайтарып беретін. Ішің дуылдап қызарасың, бірақ, бас редакторға, оның ішінде, балуан әрі культурист, бес адамға жалғыз өзі қар­сы тұратын, күрестің неше бір тәсілін білетін Ахатқа бас көтеру қайда? Айдың жүзі өтпей Ахаң журналға бірнеше жаңалық енгізеді. Бірінші, бел­­­­­гілі суретші-графикке журналдың іші-сыртын жаңаша қалыпқа (стан­дарт­қа) компьютер арқылы түсіріп, әсіресе, мұқабасы ерекшеленді. Екінші, мате­риалдар жүйе-жүйеге бөлініп, әр нөмір жақсылап сараланды. Мысалы, бір нөмірде саясат көбірек берілсе, келесі нө­мірде экономика немесе та­рих-мұ­рағат материалдары жария­лан­ды. “Қоғамдық басылым болған­дық­тан, қоғамдағы өзгеріс-жаңа­лық­тарды қалт жібермей қадағалап оты­руымыз біздің басты міндетіміз”, дей­тін Ахаң өзі бас болып жоспар жа­сай­тыны және бар. Үшіншіден, жур­нал­дағы мате­ри­ал­дар­дың әрі сауатты, әрі қатесіз шы­ғуына күш салынды. Грамматиканы өте жақсы білетін ол – үтір, сызықша, нүк­телі үтір, қос нүкте, жалғау, жұр­нақ­тарды (Жанболаттан басқамызға, өйткені, Жанболат ол жағынан мықты екен) әйтеуір, грам­ма­тикалық ереже-емлені бізге үйретті. Сөйтіп, сауаты­мыз ашылып қалды. Төртіншіден, біз­ге де тыным бермей, өзі де тыным көр­мей, редакция қызметкерлерін ұдайы ізденіске жетелеп, жетектеп отырды. Менің бір таңғалғаным, Ахат Имантай­ұлының әлем халықтары та­рихын өте терең білетіні. Дүние­ жү­зінде неше ұлт, неше ұлыс барын, олардың тегі қайдан шыққанын, жер көлемі, халқының саны, көсемдері кімдер, олар кімге иек сүйеп, табы­на­ды, олардың тілі, діні мен ділі кө­кі­ре­гінде сайрап тұр. Ал орыс княздары мен патша­лары, қазақ хан­дары мен билері туралы мен естімеген деректер айтқанда, өз өрісімнің қыс­қалығына ұялғаннан басым айналып, құлағым шуылдайды. Кейде маған мынадай ой келетін. Осы Ахаңа “профессор” деген құр­мет­ті атақты бере салып, университетке ұстаздыққа қызметке алса, шәкірт-студенттердің мерейі бір қанар еді-ау, шіркін! Мен білетін Ахаңның мате­матика, физика, химия ғылымынан да білігі өте жоғары... Сөйтіп, “Ақиқат” журналы өзгеше мазмұн, өзгеше тыныспен шыға бас­тады. Басылымның азаматтық және тарихи-танымдылығы ерекшелене қо­ғамдық мәнге ие болып, саяси сипаты кең аймақты қамтып, өрісін серпілте түсті. Оқырмандармен ара-қа­тына­сымыз бұрынғыдан да жақсар­ғанын байқадық. Бірақ, пендеміз ғой, Ахат Имантайұлының кейде “Осы журнал­ды үш қызметкер де шығара алады, ал біздің санымыз көп” деп шегелеп айтуы басқаны қайдам, өзіме ұнамай тістеніп қалатынмын. “Осы ұжымды өз қаржысымен асырап отырғандай, мұнысы несі, мемлекеттің қаражатын қызғана ма?” деген ой мені торлап тастайтын. Баяғыда бір қойшы үйінде шай ішіп отырып: “Ойбай, қа­тын, енді ойласам, ол қасқыр екен ғой”, – деп атына мініп тұра шауыпты дегендей, енді ой таразысынан өткіз­сем, Ахаң­дікі дұрыс екен. Нарық сая­саты бізге бардың өзін бағамдауға, өзіңдегі мүм­кіндікті мейлінше пай­далануға, бүгін­гіні ертең, ертеңді бүр­­сүгіні демеуге, жалпақшешейліктен мүлдем арылуға, әр сағатыңды мөл­шер­леп, әр ісіңді уақтылы пайым­дау­ға үйрете бастады ғой. Ахат Жақсы­баевтың іш қызға­ны­шы жоқ, адамға да, қоғамға да болсын дейтін сүттен ақ, судан таза азамат еке­нін көп ке­шік­­пей ұқтым. Ұқтым да осы бір тас түйін, екі сөйлемейтін, қыз­метіне аса берік, жақсыны да, жа­манды да дәл уақытында ажырата бі­ле­тін, жауына қатал, досына адал ат­пал азаматты шын пейілмен жақсы көрдім. Ахат Имантайұлы бас редактор болған жылдарда ұжым ежелдегідей “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғ­ар­ды” десем, артық айтқандық емес. Әркім өз ісіне жауап берді. Бос сөз, сыбыр-күбір болған емес. Журналға ке­лесі жылға жазылу кезінде, шыным­ды айтсам, бас редактордың беделін пайдаланып, оны алға салдық. 1999 жылы бір ғана Алматы облысынан бір мыңға жуық оқырман журналға жа­зыл­са, ол – Ахаңның беделі еді. Ұжым болған соң, оның үстіне рес­публикалық басылымды шығарып отыр­ған соң бас редактордың мате­риал­ға аса қатал талаппен қарауы – өмір заңы. Өйткені, оның артында мың­­даған оқыр­ман, алда сарабдал ха­лық тұр. Талай ма­териалдар қайта қа­ралып, бір жазғанды екі жазу болмай қалған жоқ. Әсіресе, экономика бө­лімі, қоғам, саясат бөлім­дерінің ма­те­риалдары кей кезде осындай жайға кезігіп қалып отырды. 1998 жылдың наурыз айында Аста­на­ның тұсаукесеріне қомақты мате­риал жазуға редакция мені жұмсады. Бір жетідей болып көлемі 25 беттей мате­риал жазып ұсындым. Ахаң ри­за­шы­лық кейіп та­ныт­ып, ол сол жыл­дың 5-ші нө­­­мірінде жарық көрді. Ре­дак­цияда – Сар­бас Ақ­таев, Мұрат Кү­лім­бетов, Нұра­қым Райхан, Қы­дырәлі Қойтай, Батық Мәжитұлы секіл­ді тәжірибелі журна­лис­тер жұмыс жа­са­ды. Ал тарих ғылы­мдарының канди­даты Есен­жан Қуан­ды­қовтың маман­дығы жур­­налист бол­маса да қаламы жүйрік еді. 1998 жылғы наурызда Жанболат Аупбаев Астанаға жұмысқа ауысып, мен бас редактордың ор­ын­­басар­лы­ғына тағайындалдым. Жау­апты хатшы­лыққа бас редактор Қы­дырәлі Қой­тай­ұлын мақұл көрді. Ахат Имантайұлымен қоян-қолтық қызмет істеу әрі оңай, әрі қиындау. Оңай дейтінім, жоспарға өзі басшы­лық етеді, нөмірге баратын материал­дардың бәрін шағын хабарға дейін өзі қарайды. Запаста материалдар жеткі­лікті, оны өзі апта сайын қарап, қада­ғалап отырады. Қолы ашық, мейрам-мерекелерде қалтасынан суырып теңге тастайды да дереу ұйымдастырады. Бір бөтелке қызыл шарапты үстел басында отырғандарға жеткізеді. Ал, ақ арақпен жаны қас. “Аха-ау, бір бөтелке шарап күллі редакция ұжымына не болады” десең, “Сіміріп ішу мұрат емес, дәмін алып қана отыру керек”, дейді. Ша­рапты өзі құяды. Ал қиындауы қатал тәртіпті жаны сүйеді. Кей-кейде нө­мірге “тосыннан келген” мақаланы тығып жіберейін десең, “қоя тұрыңыз, әуелі жоспарға кіргізейік, сосын ол бізге қажет пе, жоқ па, талқылайық, одан кейін мен оқып шығайын, сүй­тей­ік” деп бақырая қалады. “Ә, нөмір­де орын болса, өзің дұрыстап оқы да, салып жіберсейші” деп бір айтпайды. Сосын бір тапсырма берсе. “Так, ор­ын­дап, жа­зып тастадың ба?” деп кү­нәра сұрап ме­зі етеді. Тез орындама­саң, беті бүлк ет­пей келесі нөмірге қалдыра салады. “Әлі уақыт бар ғой, асықпай-үсікпей, ой­ланып жаз”, деп қарауындағы қыз­мет­керге жылылық танытпайды. “Жур­на­лист тез жазуы керек” деп шалқаяды. Ахаң редакцияның қат-қабат жұ­мысымен қатар, атақты партизан, ұл­тымыздың мақтанышы, Халық Қаһар­маны Қасым Қайсенов жөнінде ро­ман-эссе жазып, оның екі-үш тарау­ын “Ақиқатта” жариялап еді, оқырман жылы қабылдады. Кейін бұл шығарма “Қайтпас қайсар” деген атпен кітап боп шықты. Кітап бір ғана Қасым Қайсенов туралы емес, Ұлы Отан со­ғы­сындағы майдангер­­лердің асқан ерлігін сипаттайтын толымды шығар­ма. Мен үш жүз бет роман-эссені бір күн, бір түнде оқып шығып көкіре­гімді кернеген шынайы алғысымды авторға сый ретінде тарту еттім. Өйт­кені, бұған дейінгі мен білетін Қасым Қайсенов басқа да, шығармадағы Қа­сым Қайсенов басқа, яғни, мүлдем бө­лек. Бөлек дейтінім, партизан қазақ­тың осы уақытқа дейін өзі қағазға түсірмеген адам жүрегі шымырлайтын соғыстағы көріністерді автор кейіп­кер­ге нақты да тосын сұрақ қою арқылы еріксіз сөйлетіп, сөзді еріксіз жұлып алып отырған секілді көрінеді маған. Құдай-ау, сақтай гөр, талай рет ажал атты тажалдың аузына түсіп барып, шайналмай тірі қалған партизан ағамыздың жан күйзелісін жазушы қалай сөйлете білгеніне таңым бар. “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі”, “Өлмегенге өлі балық жолы­ғады”, “Ажал адамды іздемейді, адам ажалды іздеп барады”, деген мақал-мәтелдердің тобығынан қан кешіп жүрген Қасым ағаға қатысы жоқ секіл­ді. Қасым аға былай дейді: “Бұл 1942 жылы болған оқиға еді. Сол жолы жа­нымның қысылғаны сондай, жаудың қолына тірідей түскенше өзім­ді-өзім атып тастауға аз-ақ қал­дым. “Міне, қа­зір өлемін”, деп пистолетімді шеке­ме тіреп, ақырғы оғымды өзіме жұм­самақ болдым. Басқа амалым қалмады. Алдымда да, артымда да – жау. Мен жалғызбын, енді мені өлім күтіп тұр...” Бұл кітапта ажал алдын­дағы партизан Қайсенов пен жазушы Қайсенов бет­пе-бет келіп, бір-бірімен егесіп, бір-бірімен сүхбат, құрып отырғандай әсер­де боласың. Шығар­мадағы өрбіген оқиға шып-шымыр, оқушының белін босатпайды, көзін шаршатпайды, кейіпкер – автордың арасындағы әңгіме үзік-созық, бірінің аяғы, бірінің басы емес, бір көргенге көгенделіп, өмір желісін құрастырады. Бұл кітап­тың бүгінгі ұрпаққа беретін тарихи-тағылымы мол. Осы роман-эссені Батыр ағамыз, марқұм Қасым Қайсе­нов­ке көзі тірісінде сөзбен сом­далған ескерткіш деуге әбден болады. Ахат Имантайұлы журналистік жолын қасиетті шаңырақ “Лениншіл жас” газетінен бастаған. Жастар басы­лымы Ахаңды шыңдап шынықтырды, талай-талай іссапарда болып, тәжірибе жинақтап барып, “Қазақ әдебиеті” газетіне бөлім меңгерушілігіне ауысты. Отыз жыл бойына Қазақстан Жазу­шы­лар үйінде “Жұлдыз” журналы, “Қа­зақ әдебиеті” басылымында қыз­мет істегені көпшілікке аян. 2006 жы­лы “Білім” баспасынан жарық көрген “Жаны жайсаң жақсылар” атты кітабы өзі сапарлас, қанаттас болған ака­де­мик-жазушы, қазақ-кеңес әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов, жазушылар – Ғабиден Мұстафин, Қасым Қай­се­нов, Әнуар Әлімжанов, Бекежан Ті­ле­генов, Оралхан Бөкеев, сонымен қа­тар, академик Әлкей Марғұлан, халық суретшісі Әбілхан Қастеев жөніндегі ой-толғамдары, Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевпен бірге Францияға сапары туралы материалы қызықты оқылады. Осы кітаптағы “Сәбеңмен болған сол бір кез” жазбасы аса тартымды. Ол ұлы жазушы жөнінде: “Сәбеңді қанша тықпаласаң да бір қалыпқа, бір арнаға сыйғыза алмайсың. Шындап қарасақ, жұрттан асқан жазушылығы бар, тынымсыз күрескерлігі, қайсар қай­­рат­керлігі бар, тындырған істері, жо­март көңіл, кең мінезі бар – осының бәрі сан-сала, сан тарауға жетелейді”, дейді. Көңілге қонымды, жүректен-жүрекке жететін сөз екенін мойын­дай­сың. Жалпы алғанда, Ахат Имантай­ұлы не жазса да оқырманды сендіріп, иландырып, шынайы шындықтың өзін нұрландырып жазатыны, басқаны қайдам, өзімді тәнті етеді. Мен Ахатпен сырлас, мұңдас бол­дым, оның ішкі-сыртқы ой-өрімдерін жетік байқаймын, отбасымен аралас-құралас болдым деп айта алмаймын. Бірақ ой-өрісі кең, азаматтығы да, бол­мыс-бітімі, адамгершілігі де жо­ғары, ұлт жанашыры, еңбекқорлығы, өзінен өзгені биік қоя білетін мәрттігі мені қатты қызықтырғаны рас. Ақан сері Қорамсаұлының: ...Наркескен қайырылмайтын қылыш болса, Мінезі, ақыл, өнері, дұрыс болса... Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз, Еткені берекелі жұмыс болса, – деп толғанғаны осындай азамат­тарға арналса керек. ...Ахаң “Иса ақын” атты роман жа­зу­ға кірісіп, көлемі 500 беттей бірінші кі­табын аяқтап, оның 250 беттейі “Жұл­дыз” журналының 6-7 санында жа­рық көрмекші. Атақты өнер иесі жө­ніндегі бұл дүние ақын өмірін то­лық­тай қамтитын сыңайлы. Біз жа­зу­шыны қомақты шығармасымен құт­­тық­­тап, табыс әрі сәттілік тілейміз! Марат МӘЖИТОВ, жазушы.