Еңбегі зор, мехнаты басым басшылықтың бірі – театр директоры болу. Театр директорын дайындайтын арнайы оқу орны да жоқ. Жол тапсаң да, адассаң да өзіңе байланысты. Театрдың киім ілгіштен басталуы да осы директордың еңбегінен. Ауладағы ахуалдан бастап, төрдегі кілемнің тазалығына дейін, одан қалса актердің көңіл-күй, хал-жағдайы, әр қызметкердің жеке басының жетпей жатқан түйткілдеріне дейін көңілі алаңдап, түгендеп жүру де директордың күнделікті бұлжымас жұмыс қағидасындай.
Сахнаға қажетті сабақталмаған инесі мен қадалмаған түймесіне де жауапты. Бір сөзбен айтқанда, алғысы аз ауыр еңбектің нақ өзі.
Жоқтан жонып бар жасайтын осы қызметтің ауыр жолынан талай директорлар өтті. Осы арада өзім білетін М. Әуезов театрында қызмет еткен Болат Маусымбаев, Сақтаған Тұрлымұратов, Гүлжиһан Ғалиева, Сайын Дарбасов, Жұмағали Өмірбек, т.с.с азаматтарды атай кетсем де болады. Мысалы, Бөкеңнің (Б. Маусымбаев) кезінде Әзекең (Ә. Мәмбетов) бар шығармашылық еңбегін арқаға кеңінен салып еңбек етті. Қасында Бөкең сенімді серігі болды. Театрға керектінің бәрін директор тапты. Әзекең тек өнерін білді. Театрдың ішкі-сыртқы тазалығымен қосып, әр қойылымның керек-жарағын дер кезінде таба білу өнер үшін ең бір күнделікті алғышарттың бірі десек, мұндай істі кез келген адам атқара алмайтыны да айдай ақиқат.
Өйткені, театр тек өнерден ғана емес, сахна сыртынан қағылатын әр шегені табудан басталатынын біреу білсе де, біреу білмейтіні белгілі.Қиыны сонда, әрбір зат режиссер әлемінің қиялынан туып, жоқтан бар жасаудың азабынан туатын еңбек. Режиссер не айтса соны орындап, әрбір затты ұсақ-түйекке дейін түгендеудің азабы да осында.
Міне, Қостанай облыстық І. Омаров атындағы қазақ драма театрының директоры Нұрлан Ерекешев осындай аға көштің атына кір келтірмей, азаматтық міндетін ақ адал қызметімен атқарып келе жатыр. Әу бастан-ақ өнер жолын мақсұт тұтқан ол Шымкент қаласындағы Әл- Фараби атындағы мәдениет институтын тәмәмдап, еңбек жолын аудандық мәдениет басқармасынан бастаған екен. Өнер адамына ең керегі – талантыңмен қоса ұйымдастыру қабілетіңнің қарымы. Топ бастауда іскерлікпен бірге біліктілік, іске деген зор жауапкершілік қоса тұрады. Бәрінің басын бір ортаға бағындырып көш бастау мына менмін деген азаматтың бағына берілер таланттың бір қыры ғана.
Нұрекең театр директорының тізгінін енді қолға алғанда, сонау 90- жылдары аласапыран заман басталған еді. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кезде ол басқарған Арқалық театры да сан қиындықты бастан өткерді. Жарықты қойып, қала бойынша жылу тоқтап, жұмыссыздық белең алды. Айлық алу арманға айналды. Енді не істеу керек? Кімге барып, кімге шағым қылғандайсың. Облыс тарқап, жауапты мекемелердің есігі тарс жабылды.
Ер азаматтың сынға түсер кезі енді келді. Өз жоғыңды өзің жоқтап, артыңа ерген өнерлі қауымның еңсесін түсірмей, осы қиындықтан алып шығу оңай емес еді. Бәрінен де жұртқа обал болды. Кеш болса қаланы қараңғылық басып, өнерді қойып, өмір сүрудің өзі енді күшке түсті. Дәл осындай сәтте талай басшының басы сынға түсті. Бірі шыдап бақса, енді бірі елден кетіп, жайлы орынды басқа жақтан тапты.
Басқаларды қайдам, дәл Арқалық үшін бұл ауыртпалық тіптен ерекше әсер етті. Осы кез Нұрланды мүлдем ширықтырып жіберген. Кешке қарай Арқалық қаласы қараңғыға көмілгенде ол қазақ театрының жарығын сөндірмеді. Дискотека ұйымдастырып, қала жастарын шашау шығармады. Театр қала жастары баратын бірден-бір орынға айналды. Есеңгіреген елдің де соңғы үміті осы жарығы сөнбеген қазақ театры болды. Әр кеш сайын самаладай жарқырап тұратын театр жұртты ұйыстырып, олардың өзге істерге бой ұруына жол бермеді. Ең бастысы, жастардың сағы сынбай, қала тұрғындарының қалыпты шырқы бұзылмады.
Иә, кезінде Өзекеңнің (Өзбекәлі Жәнібеков) бастамасымен қаланған театрдың ендігі тағдыры өз қолында екенін сол кезде Нұрлан айқын сезінді. Сондықтан бар қиындыққа мойымай төтеп берді.
Бүгінде күлкілі де көрінетін болар, бірақ қарекетсіз отыруға болмайтынын ұғынған ол театрдан наубайхана ашып, сауда-саттықтың тәсіліне төселіп, ұжымның өзегін жалғады. Осындай тынымсыз еңбектің өткен ауыр жолы бүгінде адам айтса нанбайтын ескі ертегідей. Алайда осының бәрі бастан өткен шындық.
Кезінде Арқалықтай қаланың осындай халге ұшырауы арқаға аяздай батқанмен, Қостанайдың облыс көлемін ұлғайтып қайта түлегені баянды көштің басы болды. Арқалықтың жабылуынан Қостанай қазақылана бастады. Соның бір мысалы, Өмірзақ Шөкеев облыс әкімі болған кезде қазақ мәдениетінің ірі тұлғасы Ілияс Омаров атындағы ұлттық театрдың бой көтеруі десек, бұл өнер ордасының ашылуына Елбасымыздың өзі қатысуы, тұсауын кесуі әртістерге де жігер берді. Осындай мәртебелі тарихи істің көш басында театрдың тұңғыш директоры боп тағы да Нұрлан Ерекешев тұрды. Жас келсе іске деген осы. Бұл жерде де Нұрлан аянып қалған жоқ.
Нұрлан бастаған өнерпаз қауым 10 жыл ішінде көңілге толымды, іске қонымды қыруар іс бітірді. Бүгінде театр репертуарының санатында 50-ге жуық қойылым бар десем, республикалық театр фестивальдерінің 10-ға жуығында бәйгеге түсіп, олжалы оралғаны өз алдына бір әңгіме. Оған қоса бұрынғы өнер ғимаратын бүгінгі уақытқа сай жабдықтап, музыка аспаптарымен қайта жаңартты. Бар техника мәзірі бүгінгі уақыттың өлшеміне негізделген. Ендігі бір жаңа бастамасы облыстың мәдениет басқармасы басшыларымен (Сәуле Бөрібаева) бірігіп, жаңадан қазақ театрын қала орталығынан салуды қолға алғаны. Бұл іс те баянды тірліктің бастамасы. Қазақ үшін, ел үшін, әсіресе, өнер үшін.
Шалғай жатқан өңір болғандықтан болар, өнер оқуын бітіргендер бұл мекенге онша жолай қоймайды. Соны ескерген ол театр жанынан актерлер үшін 2 жылдық студия ашып, ұжым санатын 35 адамға толықтырды. Осыған орай биылдан бастап іргедегі Ресейдің Челябі қаласындағы жоғары өнер академиясының қазақ филиалы Қостанайдан ашылды. Өнер қуған Қостанай жастары үшін бұл да іздесең таптырмас жақсылықтың бірі болды. Осы өнер филиалының бір саласы қазақ театры. Осындай игіліктер Нұрланның ақ адал ісінен бастама алуда.
Жалпы, өнер атаулы айғаймен ілгері баспайды. Қашанда әр талант өз алдына суретші. Тек бағасын біліп, бағытынан жаңылдырмасаң болғаны. Міне, өнердің осындай қыр-сырына қанық Нұрлан қашанда осы әдісінен жаңылмайды. Театр режиссерсіз қалған небір қиын сәттерде ұжымның шырқын кетірмей, жан-жақтан белгілі режиссерлерді шақырып, өнер отын өшірмей, небір айтулы қойылымдарды қоя білді.
Өз отбасындағы төрт баласының қамынан, театрдың жайын кем көрмейтін, ұжым тәрбиесін қашанда басты орынға қоятын Нұрлан сынды басшылар барда өнер ешқашан өгейсімейтіні хақ. Егерде барлық театр басшылары өнер қамын тереңнен толғап, театр қамытын қара нардай өрге тартса, театр тірлігі де басқаша болар ма еді, кім білген. Әрине, басқадай болар еді.
Иә, театр директорларының тірлігі қайсыбіреулер ойлағандай, оңай тірлік емес. Өзгені қойғанда, әр қойылымның премьерасын көрерменмен толтыру да оның бас ауруының бірі. Бір ғажабы, басқа облыстарға қарағанда, Қостанай көрермендерінің театрға дегенде ықыласы ерекше. Қашан көрсең де зал толық, ойын орынды. Театрдың ішкі-сыртқы келбеті де көрген көзге көрікті. Бұл сөзіміздің де айтпағы сол, театр директорының тынымсыз тіршілігінің бір қыры. Иә, іскер басшы ісімен, қолдайтын қосшы тірлігімен танылады. Нұрланның да жылдар бойы айналасына саралап жиған көмекшілерінің көбі нағыз өнерге жанашыр адамдар. Ұжым осынысымен көрікті. Ең бастысы, тәртіп, тәртіп болған жерде бәрін жасап, бәрін табуға болады.
Міне, Нұрлан осындай орнықты әрі іскер басшы. Оның дәлелі, өзі басқарған театрды көркейтіп, талант биігінен тайдырмай, алдына қойған мақсаттарын абыроймен асқақтата алып келе жатқандығы. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген ғой, бір кездері өнерді өрге бастырмақ түгіл, оны ойлаудың өзі қиын болған кезде де қиыннан жол таба білді. Иә, бүгінде өнерді сақтау керек деп күмпілдеп сөйлейтіндерден гөрі, нақты іс білетіндер керек. Бұл орайда да Нұрлан еске түседі.
Театр директорының мойнындағы бір маңызды парыз ол жыл сайынғы гастрольдік сапар мен жылына бір өтетін республикалық театрлар фестивалі. Білгенге мұның бәрі қаражат. Қаражат болғанда да қып-қызыл шығын. Театр үшін фестивальге бару мен өнер бәйгесіне түсу басты парыз болғанмен, айналып келгенде тағы да бәріне жауапты директор. Бармауға да болады. Онда өнерің әлсіреп, театрыңнан береке кетеді. Театр атаулы үшін қыл көпірдей қиын шақ осы. Нұрлан өзі басқарып отырған театрды осындай фестивальдердің бірде-бірінен қалдырмай, талай бәйгені де иемденді. Қорытындысы 10 жылдың үздік жетістігі.
Қорыта айтқанда, бар ғұмырын өнер жолына сарп етіп келе жатқан Нұрланның еңбегі өз кәсібінің қыр-сырын тамыршыдай дөп басқан талабының жемісі деп білеміз. Арқалықтың өнерін арқалай жүріп, еңбегінің төр жайлауын Қостанайға қондырған Нұрланның бүгінгі табысын ұжымы қолдап, елі мақтан тұтуда.
Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ, режиссер.